Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу – әрбір ананың парызы. Сондықтан әйел адам жүктілік кезінде сақтық шараларын есте ұстауы қажет. Әсіресе, вирустық инфекция мен тұмаудан қорғану маңызды. Отбасы мүшелерінің бірі сырқаттанса, бетперде киіп жүруге кеңес береміз. Бетпердені әр 2 сағат сайын ауыстыру керек. Қолды сабынмен жиі жуып, мұрынды тұзды сумен шаю қажет. Оксолин жақпасын қолданып, мұрынға интерферон ерітіндісін, зәйтүн майын тамызу да артық етпейді.
Адамдар көп шоғырланған жерлерде жүру ауру жұқтыру қаупін арттырады. Сондықтан ондай жерлерге бармаған жөн. Егер жүктілік кезінде сырқат белгілері пайда болса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Екіқабат келіншектерде сырқат мұрынның бітелуімен басталады. Бұл жүктілік кезінде ағзадағы гормональды қайта құрумен және мұрынның шырышты тамырларындағы іркіліс құбылыстармен байланысты. Жүкті әйелдердің тамағы ауырса, шөп тұнбасы, ас содасы қосылған жылы су ерітіндісімен, тұзбен шаю көмектеседі. Компот, таңқурай, қарақат сусындары, бал, лимон, түймедақ қосылған ыстық шай да пайдалы. Әсіресе, тауық сорпасының шипасы мол, оған жасыл пияз қосуға болады. Үйді таза ұстап, бөлмені күніне 3-4 рет желдеткен жөн. Аяқты булауға, қыша, банка қоюға, дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктерді қабылдауға болмайды. Дәрігердің ұсынысымен төсек режімін қатаң сақтау керек. Дәрумендері бар тағамдарды пайдаланған жөн. Инфекция жүктіліктің бірінші үш айында жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Дәрігердің көмегіне жүгінген кезде бетпердені шешпеу керек, себебі жүктілік кезінде ананың иммунитеті әлсірейді. Тұмаудың алдын алу үшін екпе қойдырудың маңызы зор. Емдеу шараларын ерте қолға алу қажет. Бірақ ауру асқынса, ауруханаға жатып ем қабылдау дұрыс шешім болып табылады. Егер сырқат дер кезінде маманның көмегіне жүгінбесе, ауру пневмонияға ұласып, ерте босану қаупі туады. Кейде түсік тастайды. Бірінші триместрде туабітті аурулардың қалыптасу тәуекелі жоғары. Сондықтан ана құрсағындағы сәбиін аман-есен дүниеге әкелуі үшін суық тиюден қорғану шараларын қатаң сақтауы тиіс. Баланың бақыты мен денсаулығы ананың қолында екенін ұмытпаған абзал.
Жәния ӘБІШЕВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы.