
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қатысуымен Медицина қызметкерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Гиппократ антына берік ақ халатты абзал жандар құрметке бөленген шарада облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін бір топ азамат марапатқа ие болды.
Солардың қатарында облыс орталығындағы №2 қалалық емхананың арнайы көмек бөлімшесінің меңгерушісі Алтын Оспанова да бар. Тәжірибелі маман “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісіне ие болды. Алтын Сағдиқызы еңбек жолын Жамбыл ауданында қарапайым медбикеліктен бастаған. Сол кезден адам жанының арашашысы атануды өзіне мақсат тұтыпты.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ақ халатты абзал жандардың қоғамда атқарар рөлінің және күндіз-түні дамыл таппай адам өмірінің арашашысы ретіндегі еңбектерінің зор екендігін тілге тиек етті. Өңірімізде медицина қызметкерлерінің алаңсыз еңбек етулері үшін айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, жаңа медицина нысандарын тұрғызу, осызаманғы құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мәселелері ойдағыдай шешілуде. Былтырғы жылы облысымызға 68 жас маман келген, соның 24-і ауылдарға жол тартқан. 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” бағдарламасы оң нәтиже беріп отыр. Мәселен, өңір бойынша жалпы өлім көрсеткіші – 12, балалар өлім-жітімі 37 пайызға төмендеген, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмғандар қатары да едәуір азайған. Жаңадан қабылданып, жүзеге асқалы отырған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі шаралар да ұлт саулығын жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталуда. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов медицина саласындағы осы және өзге де жетістіктерді атай отыра, ұзақ жылғы адал еңбегі, облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін және Медицина қызметкері күні мерекесіне орай 14 азаматты Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты жиын барысында кардиологиялық орталықтың рентгеноташысы Дмитрий Тёнің Астанада өткен байқауда үшінші орынға ие болғаны хабарланып, бұл қуанышты жаңалық мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Мамыр айында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің арасында “Туған Қазақстан, саған арнап ән шырқаймыз!” атты облыстық байқау өткен болатын. Онда топ жарған жеңімпаздар салтанатты кеште ән ме биден шашу шашты.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.