«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕК КҮНІ

Облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру мақсатында бүкіләлемдік жүрек күніне орай қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу онкүндігі өткізілді.

Қан айналымы жүйесі аурулары әлем бойынша кең тараған сырқат түрі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын 7 миллионнан астам адам осы аурудан көз жұмады. 2013 жылы – 6,5 миллион, соның ішінде 3,3 миллион адам ишемиялық аурудан, 3,2 миллионы инсульттен қайтыс болды. Қазақстанда қан айналымы жүйесі аурулары 100 мың тұрғынға шаққанда 200,2 құрады. Асқынған миокард инфарктісінен Атырау, Қарағанды облыстарында өлім көрсеткіші өссе, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында осы аурудың көбейіп келе жатқандығы байқалады.

Бүкіләлемдік жүрек күні қарсаңында облысымызда айлық өткізіліп, іс-шара шеңберінде денсаулық сақтау ұйымдарында “Ашық есік күндері” ұйымдастырылды. Облыстың штаттан тыс бас кардиологы, “Кардиологиялық орталық” ШЖҚ КМК белсенді терапия блогының меңгерушісі М.Телюк қан айналымы жүйесі ауруларының қауіпті факторлары туралы кеңес өткізді. Ауруға душар ететін басты себептер адамдардың өз денсаулығына салғырт қарауы, сонымен қатар жағымсыз экологияның да салдары бар. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп кеткен.

Айлық аясында “Өз қан қысымыңды біле жүр” атты тақырыпта акция ұйымдастырылды. Медбикелер науқастардың артериялық қан қысымын өлшеді. Шараға қатысқан тұрғындар қан қысымын тексермегелі көп болғанын айтады. Дәрігерлердің айтуынша, қан қысымының жоғарылауы немесе төмендеуі де денсаулық үшін аса қауіпті. Сол себепті, әрдайым қан қысымын тексеріп тұрған жөн.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp