Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Балалар – қоғамымыздың ең әлсiз және қорғансыз бөлiгi және олар құқықсыз болуға тиiс емес. Елбасы ретiнде мен әрбiр сәбидiң құқығы қорғалуын талап ететiн боламын. Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасiрет екендiгi рухында тәрбиелеу керек, өйткенi, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегедi”, – деген еді.
Алайда, бүгінгі күні біздің елімізде әрбір үшінші неке ерлі-зайыптылардың ажырасуымен аяқталады екен. Британдық “Economisrt” басылымының 2015 жылғы статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 1,8 пайыз болса, 17 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кірген.
Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасуға алып келетін басты себептер: ерлі-зайыптылардың өзара түсінісе алмауы, маскүнемдік немесе опасыздық жасау, зорлық-зомбылық көрсету, отбасындағы материалдық қиыншылықтар.
Әрине, заң тұрғысынан алғанда неке қию да, оны бұзу да ерлі-зайыптылардың өздері шешетін мәселе. Бірақ отбасы іргесінің сөгілуін қоғам да, дін де құптамайды. Тек белгілі бір жағдайларда ғана, айталық, некедегі ерлі-зайыптылардың біреуі екіншісіне зорлық-зомбылық көрсетсе немесе онымен бірге тұру отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына қауіп төндірсе, қандайда бір психологиялық қысым көрсетілсе ажырасуды ақтауға болады. Ондай некені дер кезінде бұзбаса, кей жағдайда арты қайғылы оқиғаларға әкелетінін өз тәжірибемнен білемін. Д. есімді әйелдің күйеуі араққа салынып, он жыл бойы жұмыс істемей, зайыбын үнемі ұрып-соғып келген. Төзімі таусылған жәбірленуші осы жылы Петропавл қаласының №2 сотына некені бұзу туралы арыз бергенімен, ажырасып үлгермеді. Күйеуі кезекті бір жанжалдың үстінде әйелін мерт қылды.
Кейбір әйелдер жылдар бойы зорлық-зомбылыққа төзімділік танытып келсе, ал енді біреулер болмашы нәрсеге ренжісіп қалып, сотқа жүгініп, ажырасып жатады. Мысалы, М. есімді азамат бір жылдың ішінде сотқа 6 рет ажырасу туралы өтініш білдіріп, оның бесеуінде райынан қайтып, арызын қайтарып алған. Тек соңғы жолы некені бұзу туралы шешім қабылданды.
Ажырасу мәселесімен сотқа жастар ғана емес, ел ағасы атанар жасқа жеткендер де жүгініп жатады. Бір азаматтық іс бойынша Е. деген ақсақал 70 жастан асқан шағында жарты ғасыр бірге тұрған зайыбымен сот арқылы ажырасып, ортақ мүліктерін бөлісті. Кейіннен әйеліне қайта қосылды. Мұндай жағдайлар отбасын бағалай алмайтын, ажырасу сүйекке таңба, ұят екенін түсінбейтін азаматтардың арамызда әлі де аз емес екендігінің дәлелі.
Менің ойымша, кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік, өзге де талаптары болмаған кезде ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша ғана емес, заңда көрсетілген жағдайларды есепке алмағанда (жұбайының хабар-ошарсыз кетуі, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану, сондай-ақ, қылмыс жасағаны үшiн кемiнде үш жыл мерзiмге бас бостандығынан айрылған кезде) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы арыз, ең алдымен, азаматтық хал актілерін тіркейтін мекемелерде қаралса, құба-құп болар еді. Өтініш ерлі-зайыптылардың екеуiнiң қатысуымен қаралып, олардың өзара байланыстарын, ажырасудың және олардың арасындағы алауыздықтың нақты себептерiн жан-жақты анықтап, мүмкіндігінше екі жақты татуластыруға ұмтылу жөн. Мұндай қадам еш нәтиже бермеген жағдайда ғана ерлі-зайыптылар сотқа арыз беру құқығын пайдалануы керек.
Ерлі-зайыптылардың некесінің бұзылуы, ең алдымен, балаларға моральдық жағынан ауыр тиетіні сөзсіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын некені бұзу туралы шешім шығару үшін бір іс қаралды. Сотқа ажырасу туралы арыз берген А. деген азаматтың кәмелет жасына толмаған алты ұлы бар (үлкені – 17-лерде, кішісі – бір жарым жаста) екен. Сотта әйелі: “Ажырасуға қарсы емеспін, келісемін. Мен үшін жаныма бататыны, есі кірген балаларым әкелерінің ажырасу туралы шешімін өте ауыр қабылдады”, – дегені әлі есімде.
Әр ата-ана қандай жағдайда да болсын, баласының мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, оның жақсы азамат болып өсуіне барлық жағдайды жасауы қажет. Ерлі-зайыптылар ажырасып, олардың арасындағы қатынас үзілсе де, бала үшін олар әр уақытта ата-ата болып қала берулері тиіс. Олар жазықсыз баланы бір-бірінен “өш алу” құралына айналдырып, оның бөлек тұратын анасымен (немесе әкесімен) араласуына кедергі болмаулары керек.
Қалжан ЕРМАҒАНБЕТОВА,
Петропавл қаласының №2 сотының судьясы.