Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әділет органдарын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. Онда Әділет министрі атқарылған іс туралы баяндады. Тағы бірқатар тиісті ведомство өкілдері мен салаға қатысты мамандар да сөз алды.
Мәжбүрлеп орындату тоқтайды
Әділет министрлігі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні пайдалана отырып, цифрлық экожүйені құрумен толық цифрландыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар бағытта дамыту жұмысын қолға алған. Әсіресе халық жиі сын айтатын өзекті бағыт – мәжбүрлеп орындату мәселесі. Былтыр 89 мың шағым түскен.
Бұл туралы Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты. «Робот сот орындаушысы арқылы оңайлатылған іс жүргізуді одан әрі дамыту жалғасады. Робот арқылы өндіріп алу сомасын 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін кеңейтуді жоспарладық. «Цифрлық ассистент» енгізіп, «Өндіріп алушы мен борышкердің жеке кабинетін» жетілдіреміз. Бұдан былай платформада тараптар сот орындаушының әрекетіне қатысты шағымдана алады», – деді министр.
Цифрландыру сенімді күшейтеді
Әділет органдарының цифрлық трансформациясы заң шығару процесінің тиім-ділігін арттыруға және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде ведомство мемлекеттік қызметтің 94 түрін көрсетеді, оның 84-і немесе 90 пайызы онлайн форматта қолжетімді. Өткен жыл қорытындысында 14 млн.-нан аса мемлекеттік қызмет көрсетілді, соның 88 пайызы электрондық форматта болған.
Бұрын сенімхат алу үшін нотариустың жеке қатысуы қажет болатын. Сондай-ақ үдеріс қағаз жүзінде іске асқандықтан құжатты жоғалту мен қолдан жасау қаупі бар еді. Енді бәрін онлайн форматта бейне қоңырау шалу арқылы жасауға болады. Қазір атқарушы жазба рәсімін жүзеге асыруға қатысты бизнес-процесті цифрландыру басталған. 2022-2023 жылдары 2 млн.-нан астам жағдай тіркелген. Бұрын жазбаны автоматты түрде тексеру болмаған. Осы үдеріс реинжинирингінен кейін жазуды бөлу автоматтандырылады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтады. Оған қоса, тараптар eGov және SMS арқылы уақтылы хабарлама алады.
Халыққа заңгерлік көмек көрсетудің қажеттігі
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық салада цифрландырудың біртұтас жүйесін құру қажет екенін атап көрсетті. Әділет органдарын дамыту мен цифрландыру мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған аса маңызды үдеріс екенін Премьер-министр қадап айтты.
Ол үшін сот орындаушысының роботы арқылы оңайлатылған өндірісті дамыту жалғасып жатыр. Робот іске қосылған өткен жылдың тамыз айынан бері 125 мыңнан аса құжат орындалды. Ал рәсімдерден өту кезінде азаматтар 600 млн. теңгеден аса қаражат үнемдеген. «Осыған байланысты робот әлеуетін кеңейту мен жалпы цифрландыруға баса назар аудару керек. Келесі мәселе – нотариат саласын дамыту. Атқарушылық жазба жасау тетігін жетілдіру жеке мен заңды тұлғаның құқығын қорғау шарасының тиімділігін арттыру үшін қажетті қадам болып табылады. Құқық қолдану мәселесі және өтініш пен шағымның өсуі бұл салада жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Осыған байланысты Әділет министрлігі ұсынылған тәсілдерді, оның ішінде заңнамаға түзетулер енгізу арқылы іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Бұл «Е-нотариат» жүйесінде жеке кабинет ашуға, атқарушылық жазбаны борышкердің тіркелген жері бойынша ғана жасауға, оларды нотариустар арасында автоматты түрде бөлуге қатысты болып отыр», – деген Үкімет басшысы цифрландыру мен бюрократиядан арылту бойынша ұсынылған тәсілдерді басқа мемлекеттік органдардың жұмысында да пайдалану керек екенін атап өтіп, бірқатар мәселеге тоқталды.
Бірінші, оңайлатылған іс жүргізуді қолдану сот актілерін орындаудың тиімділігін арттырады. Енді әділет министрлігі атқару құжаттарының оңайлатылған тәртіппен орындауға болатын тізбесін кеңейтуге көшуі керек. Екінші, біліктілікке, азаматтыққа қойылатын талаптар, қызметтің бірыңғай стандартын белгілеу бөлігінде заң консультантының қызметі бойынша сұрақтар бар. Сондай-ақ ол барынша түсінікті форматта ұсынылуы шарт. «Әділет», Эталондық бақылау банкі, «E-ZanKomegi» және «eOtinish» ақпараттық жүйелерін одан әрі дамытып, жаңғырту керек. «E-ZanKomegi» жүйесінде қазір-дің өзінде 2 мыңға жуық адвокат пен заң консультанты тіркелген.
(«Egemen Qazaqstan», 27 ақпан 2025 жыл).