“Мұнаймаш” АҚ-ы зауытының жұмысшылары “Нұр Отан” партиясының Нұрсұлтан Назарбаевты президенттікке кандидаттыққа ұсыну туралы шешімін бірауыздан қолдады. Бұл туралы зауыт ұжымында кәсіпорынның дамуына, еңбек өнімділігінің артуына, сол сияқты оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне қосып отырған үлесі мәселелерін талқылаған жиналыста айтылды. Жиналысты кәсіпорын басқармасы төрағасының орынбасары Сергей Ерофеев ашып, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұловқа сөз берді.
– Қазақстан экономикасы жылдам қарқынмен дамуда. Еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақы және жәрдемақының өсімі байқалады. Біз өзіміздің басты құндылықтарымыз – тәуелсіздікті, тұрақтылықты, бейбітшілік пен Қазақстанның гүлденуін, елдің дамуын және болашаққа деген ұмтылысын сақтап отырмыз. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағыты әрдайым болашаққа бағдарланған, ол іс жүзінде жедел жүзеге асырылуда. Біз, қазақстандықтар, Президентіміздің басшылығымен әлем жұртшылығының көз алдында еліміздің беделін өсіріп, ырғақты экономикалық дамуын және саяси тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырмыз, – деді ол.
Жиында “Нұр Отанның” ХVI съезіне қатысып қайтқан партия ардагері Григорий Кухарь сөз алып, өз әсерлерімен бөлісті. Одан кейін мінберге “Есіл су” РМК директоры Серік Ысмайылов көтеріліп, жиналғандарды өзі басқаратын кәсіпорындағы сайлауалды өрлеу ахуалымен таныстырды.
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева Елбасының әйелдерге деген құрметі мен назарына ерекше тәнті екенін білдірді. Сондай-ақ, Президенттің съезде сөйлеген сөзінде айтылған бес бағдарламалық міндетті орындауға облыс әйелдерінің бір кісідей жұмылатынын жеткізді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.