Бүгінгі таңда біздің балабақшада үш жүзден астам бала тәрбиеленуде. Алғаш есігіміз айқара ашылған сәттен бастап бүгінге дейінгі уақыт аралығында жеткен жетістіктеріміз аз емес. Ашылған жылы еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып “Ақылды балабақша” атты басқарудың электронды жүйесін енгізуге бел будық. Монтессори, ақпараттық-коммуникациялық технология және шахматты ерте жастан үйрену әдістері сәтті жүзеге асырылуда. Екі жыл бұрын “Үздік балабақша” республикалық конкурсында екінші орын алғанымыз ұжым мерейін өсірді.
Біздің балалар электрлі гаджетпен сурет салғанды ұнатады. Ал скринкаст арқылы салынған суреттерге жан бітіреді. Бүлдіршіндер QR-код дегеннің не екенін және өз ақпараттарын шифрлауды біледі. Жаратылыстану сабақтары “Вундеркинд” көпбейінді сараптамалық зертханасында өтеді. Балалар жолда жүру ережесін арнайы жасалған интерактивті қалашықта, бағдарлама жасаудың және инженерлік жұмыстың алғашқы дағдыларын робототехника сабағында үйренеді. Ресейдің Омбы қаласында өткен робототехника бойынша “Батыс Сібір” байқауының іріктеу кезеңінде алтын мен қола медаль алуымыз, Мәскеуде өткен “Робофесте” құрама команданың жақсы өнер көрсетуі – біздің бүлдіршіндер үшін үлкен жетістік.
Биыл балабақшада құлпынай, дәмдеуіш шөптер өсіретін арнайы кабинет ашылды. Бұл өсімдіктер топырақсыз өсірілуде. Оларды әр екі сағат сайын арнайы электронды құрылғымен суарамыз. Осылайша, біздің балалар ауыл шаруашылығы саласындағы озық технологиямен жұмыс істеуді үйреніп, өсімдіктің қалай жетілетінін бақылай алуда. Әрі бұл баланы өсімдік атаулыға қамқорлықпен қарауға баулиды.
Балабақшада заманауи жас ұрпаққа арналған қауiпсiз спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етiлген спорт зал, ән-күй залы, лингафон кабинетi, компьютер сыныбы, өзiн-өзi тану кабинетi бар. Мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемесiнiң бiлiм сапасын арттыру үшiн тәрбиелеу-оқыту үрдiсiне психологиялық қызмет, бейнелеу өнерi, ағылшын тiлi, хореография сияқты қосымша бiлiм беру қызметтерi енгiзiлген. Бүгінде балабақша “ЮНЕСКО”, республикалық бейімдеу орталығы, “Мектепке дейінгі балалық шақ” республикалық орталығымен әлеуметтік әріптестік байланыс орнатқан.
Жақында Ақтау қаласында өткен мектепке дейінгі тәрбие және оқыту жүйесі педагогтарының “Жүрек жылуын балаларға береміз” атты слетінде Гран-при жеңіп алуым менің ғана емес бала тәрбиесі саласында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ұйымшыл ұжымымның да еңбегі деп білемін.
Мұның барлығы жинақы, ерiктi, өзiне-өзi сенiмдi, Абайдың, Пушкиннiң, Шекспирдiң тiлiнде сөйлей алатын ұрпақ тәрбиелеу үшін жасалып жатыр. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: “Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім” деген болса, бүгінде Тәуелсіз еліміз өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдайды жасап отыр.
Мәдина ДӘРІБАЕВА,
“Алтын бесік” балабақшасының меңгерушісі.