«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢ БӘРІНЕ БІРДЕЙ

Темір тордың ар жағындағылар медициналық қызмет сапасының нашарлығына арыздануда. Бұл мәселе өңірлік бақылау комиссиясы мен прокурорлар бірлесіп ұйымдастырған “дөңгелек үстел” барысында сөз болды. Жиында биылғы жылы сотталғандардың құқықтарын қорғау мақсатында жүргізілген мониторингтің нәтижесі де жарияланды.

Жыл басынан өңіріміздегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар 50 шағым түсірген. Заңның ала жібін аттағандар көбіне медициналық қызмет көрсетудің сапасының нашарлығына шағымданған. Арыздардың дені – “ЕС-164/4” және “ЕС-164/8” түзеу мекемелерінен.

Қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері үнемі арызданушылармен кездесіп, жағдайдың ақ-қарасын анықтап отырады. Сонымен қатар, құқық қорғау және қадағалаушы органдармен бірге аталмыш жайттарға қатысты тексерістер де жүргізеді.  

Шара барысында сөз алған “Перфект” ақпараттық-құқықтық орталығының директоры Александр Верстаков: “Қоғам осындай комиссияның жұмыс істейтінін білуі керек. Егер де азаматтардың құқықтары ескерілмей жатса, бізден көмек сұрауларына болады. Олардың өтініштерін жерде қалдырмаймыз. Яғни, тиісті шара қолданамыз”, – дейді.

Жиынға қатысқан прокурорлардың айтуынша, биылғы жылы заң жүзінде облыстағы түзеу мекемелерінде сотталғандардың құқықтары бұзылатындай ешқандай факті тіркелмепті.

Заң бәріне бірдей. Сондықтан оны қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері де, жазасын өтеушілер де сақтауға тиіс, дейді заңдылық тәртіптерін қадағалаушы орган өкілдері.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp