«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢДЫ ЕСКЕРМЕГЕНДЕР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының 2015 жылғы І тоқсанындағы жұмыс жоспарына сәйкес 15 объектiде 5 бақылау iс-шарасы өтті. 5784,7 млн. теңге бақылауға алынып, жалпы сомасы 1 615,3 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталды. Анықталған бұзушылықтардың үлесі 27,9%-ды құрады. Қалпына келтірілуі және өтелуі тиіс сома – 112,8 млн. теңге.

Аққайың және Шал ақын аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларындағы бақылау жалпы сомасы 109,7 млн. теңгенің бұзушылығын анықтады, бюджетке түсуі тиіс сома – 17,8 млн. теңге.

Аққайың ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында бұзушылықтардың жалпы сомасы 75,5 млн. теңгені (түсетіні – 8,7 млн.теңге), Шал ақын ауданы бойынша 34,2 млн. теңгені (түсетіні – 9,2 млн.теңге) құрады.

Мемлекеттік кірістер басқармаларында салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін атқаруына салықтық бақылауды жүзеге асырмау, мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттемелер мен жергілікті бюджетке салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіру шарасын қамтамасыз ету тәсілдерін толық және уақтылы қолданбау, негізсіз есепке алуды жүргізу, сондай-ақ, салық және өзге міндетті төлемдерді заңсыз қайтару, ҚР ӘҚБКо 272-б. 1б. бойынша салықтық есептілікті уақтылы ұсынбағаны үшін салық төлеушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдамау әдеттегі бұзушылықтар болып табылады.

Аққайың және Шал ақын аудандарының жер қатынастары бөлімдерінде бұзушылықтар сомасы 2,4 млн. теңгені (түсуге жататыны – 1,9 млн. теңге) құрады. Аудандардың жер қатынастары бөлімі жекелеген жағдайларда жер учаскелерін сатып алу-сату жөніндегі жасалған шарттардың орындалуы бақыланбайды, жыл сайынғы жалдық төлемдер есептеулері дұрыс жасалмаған, жерді уақытша өтеммен пайдалану туралы шарттар мерзімі бұзылған.

Облыстың 3 оқу орнында техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі ұйымдарда мамандарды даярлауға бөлінген қаражатты пайдалануға бақылау жүргізіліп, жалпы сомасы 64,1 млн. теңгенің бұзушылығы анықталды. Оның 81,4%-ы – мемлекеттік сатып алу бойынша, 11,9%-ы – қаржылық бұзушылықтар.

Жүргізілген бақылау іс-шаралары қаржылық тәртіпті сақтау деңгейінің төмендігін байқатты. “Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі” ШЖҚ КМК 2013 жылы кәсіпорын ұйымдастыру-құқықтық нысанын және атауын өзгерту кезінде медициналық қызмет үшін (медициналық пункт) лицензиясыз, жалпы сомасы 1,1 млн. теңгені құрайтын шығыстар жасаған. 2014 жылы уәкілетті органмен келісусіз, жалпы сомасы 7,1 млн. теңге болатын шығыстар бабына түзету енгізген. “Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі” КМҚК стипендия төлеу, жүріп-тұру және студенттерді тамақтандыру шығыны үшін кәсіпорынның кассасы арқылы қолма-қол ақшалай қаражатпен жалпы сомасы 3,0 млн. теңгені құрайтын төлемдер жасаған.

Солтүстік Қазақстан облысының қаржы басқармасында өткізілген облыстық мемлекеттік коммуналдық меншікті басқару тиімділігі бойынша бақылау-талдау іс-шараларының нәтижелері жалпы сомасы 197,7 млн. теңгенің бұзушылықтарын анықтады. Сондай-ақ, жалпы сомасы 172,2 млн. теңгені құрайтын рәсімдерді орындау тәртібін бұзудың 27 фактісі анықталды (тапсыру актілерін ресімдеудің мерзімдерін бұзу).

Бақылау барысында облысымыз дотациялы бола тұра, жергілікті бюджеттің есебінен сатып алынған мүліктер жыл сайын республикалық меншікке өтетіндігі анықталды. 2010-2014 жылдарда облыстық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке жалпы сомасы 2 550,8 млн. теңгенің мүлкі берілді. Соның ішінде 105,7 млн. теңгенің – жылжитын мүлкі, 1 276,8 млн. теңгенің – жылжымайтын мүлкі, 1 168,3 млн. теңге құрайтын – басқа мүліктер. Талдау нәтижесі жергілікті бюджеттің мүлкі негізінен салық, құқық қорғау және сот органдарына берілетіндігін көрсетеді.

Облыстық мемлекеттік коммуналдық меншікті басқару тиімділігін, жергілікті бюджетке түсімдердің уақтылығын, мемлекет активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкестігін бағалау бюджеттік қаражатты тиімді басқарудың әлсіздігін байқатты. Мекеме бюджеттік жүйенің негізгі қағидаттарын сақтамайды, бұл өз кезегінде жергілікті бюджеттің қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеліп соққан. Коммуналдық мемлекеттік мүлікті басқару саласы тиісті бақылаумен қамтылмайды, соның салдарынан бюджетке мүлікті жалға беруден қаражат толық және уақтылы түспейді.

Жергілікті бюджеттің атқарылуын, соның ішінде бюджет жүйесінің принциптеріне, мемлекет активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкестігін бағалау облыстың алты ауданының экономика және қаржы бөлімдерінде және Петропавл қаласының қаржы бөлімінде жүргізілді. Нәтижесінде жалпы сомасы 1 241,4 млн. теңге бюджет заңнамаларын бұзушылықтар анықталды. Оның 91,5 млн. теңгесі бюджетке өтелуі (қалпына келтірілуі) тиіс. Одан басқа, жалпы сомасы 1 676,6 млн. теңгені құрайтын рәсімдік сипаттағы 108 бұзушылық анықталды.

2013 жылы жоғары тұрған бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттерді игермеу және оларды белгіленген мерзімде қайтармау жағдайларына жол берілген және 2014 жылы белгіленген мерзімге дейін пайдалануға (пайдалануға дейін) рұқсат етілген (12,5 млн. теңге). Жергілікті жеті бюджеттің кіріс бөлігін нақтылау кезінде салықтар және өзге міндетті төлемдердің түсуін және атқарылуына бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарда тиісті есептеу мен негіздің жоқтығынан бюджет жүйесінің тиімділік, нақтылық және негізділік принциптері сақталмаған (1 149,9 млн. теңге). Жергілікті екі бюджет кредиттік шарттарға сәйкес, бюджеттік кредитті өтеудің міндеттілігін қарастыратын бюджеттік кредиттеу принциптерінің бірін бұзған (68,7 млн. теңге).

Бақылау объектілері жалға берілген мүліктер қаражатынан бюджетке түсімдердің толық және уақтылы түсуін, мемлекеттік мүлікті есепке алуды ұйымдастыру және тағы басқа коммуналдық мемлекеттік мүлікті басқару саласында тиісті бақылауды қамтамасыз етпейді.

Жүйелі бұзушылықтарға жол беретін негізгі себептер ретінде мыналарды белгілеуге болады:

– бюджеттік және басқа да заңнамалардың талаптарын сақтамау, бақылау объектілері мамандарының оларды жеткіліксіз меңгеруі;

– бухгалтерлік қызметшілердің кәсіптік деңгейінің төмендігі;

– бюджеттік қаржыны пайдалануда бюджеттік бағдарлама әкімшілері, уәкілетті органдар тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.

Тексеріспен қамтылған объектілерде және мүдделі мемлекеттік органдардың жұмыстарындағы анықталған бұзушылықтарды және орын алған кемшіліктерді жою мақсатында тексеру комиссиясының қаулыларында 45 тапсырма берілді, соның ішінде 7-еуі орындау мерзімі келгендіктен толық көлемде атқарылды. Тексеру комиссиясының бақылау материалдары бойынша бұзушылықтарға жол бергендері үшін жауапкершілікке 113 тұлға, соның ішінде 16 – тәртіптік, 97 әкімшілік (91 жеке және заңды тұлға, 6 лауазымдық тұлға) жазаға тартылды. Тексеру комиссиясының бақылау материалдары бойынша салынған жалпы әкімшілік айыппұл сомасы 2,8 млн. теңгені құрады.

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнiң 142-бабына сәйкес, сәуір айында барлық деңгейдегі мәслихаттарға, өзінің мазмұны бойынша әкімдіктердің есептеріне қорытынды болып табылатын 2014 жылға арналған жергілікті бюджетті атқару туралы есеп жолданды. Өздерінің жылдық есептерінде тексеру комиссиясы жергілікті бюджетті атқару сапасына баға береді. Есепте анықталған бұзушылық фактілері туралы мәліметтер, жергілікті атқарушы органға ұсынымдарда көрініс табады. 2014 жыл үшін есептің толық нұсқасы тексеру комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылған (http://revkom.sko.gov.kz).

Дулат ЕДІРЕСОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp