Жыл басынан бері облыс полицейлері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 69 рейд өткізді. 28 жасөспірім есепке қойылды. Көктемгі мерекелер қарсаңында бұл жұмыс қайта жандандырылды.
Қалалық ювеналдық полиция бөлімшесінің рейдтік топтары күнде кешке көшелер, аулалар, дәмханалар мен компьютер клубтары сияқты жастардың жиналатын жерлерін тексереді. Кәмелетке толмағандар тарапынан қылмыс пен құқық бұзушылық жасалуының алдын алу – тәртіп сақшыларының басты міндеті.
Рейдтің алғашқы үш сағаты ішінде қалалық ювеналдық полицейлер түнде көшеде қыдырып жүрген үш жасөспірімді анықтады. Олардың ата-аналары шақыртылып, ескерту жасалды.
– Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері рейдтік іс-шараларды күн сайын өткізіп тұрады. Кәмелетке толмағандар анықталған жағдайда ата-аналары шақыртылып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы бойынша ескерту түріндегі жазаға тартылады. Егер бір жыл ішінде жасөспірім тарапынан мұндай қылық қайталанса, заңды өкіліне әкімшілік хаттама толтырылып, 7 айлық есептік көрсеткіш түріндегі айыппұл салынады, – деді ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Эльмира Абушева.
Кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Жыл басынан 609 құқық бұзушы, оның ішінде балаларының түнгі уақытта үйден тыс жерде және көңіл-көтеру орындарында жүргені үшін 362 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық полиция департаменті
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің аға инспекторы.