Нұрлан ЖҰМАБАЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
зекет қорының СҚО бойынша өкілі.
Ықылым заманнан бері қазақ рухани дүниесі бай және мұсылманшылықтың бес парызын назардан тыс қалдырмай орындап отыруды ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етіп келе жатқан халық екендігі әмбеге аян. Ислам дінінің қадір-қасиетін терең бойлап түсінген ата-бабамыз қай заманда да жоқ-жітікті, жетім мен жесірді далаға тастамаған. Данышпан Абай атамыз да: “Кең болсаң, кем болмайсың”, – деген жүрек-жарды сөзімен үлкен мағынаны меңзеген. Қаблиса жырау бабамыздың жүрегінен шыққан мына төмендегі алмас қылыштай өлең шумақтары да бұған бұлтартпас дәлел болады:
Парызды сонан соңғы
“зекет” дейді,
Қолыңа нелер келіп,
не кетпейді.
Бергенің береке
болып ақыретте
Жұмақтың биігіне жетектейді.
Ай, мұсылмандар, жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз,
Бірлігін Хақтың біліңіз.
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз!
“Зекет” сөзі араб тілінен аударғанда өсу, көбею, тазару деген мағыналарды білдіреді. Демек, зекет беру арқылы мұсылман адамның мал-мүлкіне Алла тағала береке беріп, көбейте түседі деген сөз. Сондай-ақ зекет беру арқылы мұсылман қолындағы байлығын түрлі рухани ластықтан тазартады. Адамдардың көкейіндегі сараңдық қасиеттерін азайтып, басқаларға қол ұшын беруді үйретеді. Өзгелерге жәрдем етудің рахатын сезіндіреді. Адамның көкірегінде пайда болатын ашкөздік пен дүниеқұмарлық секілді сезімдерден тазалап, тәкаппарлық пен сараңдықтан тыяды. Осылайша зекет адамды рухани сауықтырып, жүрегін тазалайды. Алла тағала Құранда зекеттің адамдарды рухани тазалайтындығы туралы: “Олардың малдарынан зекет ал. Зекет арқылы оларды тазалап, нәпсілерін тәрбиелейсің” (“Тәубе” сүре-сі, 103-аят), – дейді. Сондай-ақ Құран Кәрімде: “Олардың мал-мүлкінде сұрап келетін және марқұм қалған адамның ақысы бар” (“Зәрият” сүресі, 19-аят), – дейді. Бұл аяттардың негізінде зекеті берілмеген байлық – өзгелердің ақысы араласқан байлық болып есептеледі. Ал оның иесі Алла құзырында өзгенің ақысын жеп отырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Зекетті мойындамай, оны бермегендерді жазғырып Алла тағала Құранда: “Мүшріктерге от азабы болады, себебі олар зекет бермейді және ақыретті де мойындамайды” (“Фуссилат” сүресі, 6-7-аяттар), – дейді.
Мұса пайғамбардың (а.с.) уақытында Қарун атты бір бай кісі бар еді. Дәулеті тасқаны сонша, байлығының есебін білмейтін. Бірақ өте сараң болатын. Бір күні Алла тағала Мұсаға Қарунның малынан зекет алуды бұйырды. Зекетін есептеткенде, көзіне көп көрінген Қарун оны беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ Мұса пайғамбар да өз міндетін орындау үшін Қарунға зекет беруі керектігін айтып жүрді. Мұсадан (а.с.) біржола құтылғысы келген Қарун сұлу бір әйелді алтынмен азғырып, Мұса менімен зина етті деп жала жап дейді.
Бір күні Мұса (а.с.) халыққа уағыз айтып жатады:
– Егер адам ұрлық жасаса, қарақшылыққа барса, зина етсе, жазасын алуы тиіс…
– Уа, Мұса, осыны сен жасасаң да, үкім өзгермей ме? – деп сұрайды елдің соңын ала отырған Қарун.
– Иә, – дейді пайғамбар, – бұл үкім бәрімізге ортақ.
– Ендеше, сені жазалау керек, куәгерім де жоқ емес, сен пәлен әйелмен зина жасапсың, – деп Қарун уәделі әйелді шақыртады. Бірақ жеме-жемге келгенде пайғамбарға жала жабуға әлгі әйелдің дәті шыдамайды. Шынын айтып, керісінше Қарунның қитұрқы ниетін ел алдында әшкерелеп береді. Бұған ашуланған Мұса пайғамбар (а.с.) Алла тағаладан мұның ақыры не болатынын сұрайды. Алла тағала Қарунды жазаласа да, кешірсе де, Мұсаның өз еркіне бергенін айтады. Мұса (а.с.) қолындағы аса таяғын жерге ұрып қалғанда, Қарунды тізесіне дейін жер жұтып қояды. Тағы бір сілтегенде, Қарунды түгелдей жұтып қойды.
Арада біраз уақыт өткенде, ел арасында “Мұса Қарунның байлығын иемденгісі келіп көзін құртыпты” деген өсек пайда болады. Бұл сөз пайғамбардың құлағына жетісімен, Мұса (а.с.) Қаруннан қалған байлықтың бірін қалдырмай жер жұттырып жібереді.
Ақыретті ұмытып, дүние-қоңызданған, малынан зекетін бермеген, онымен қоймай пайғамбарға жала жапқан қайырымсыз Қарун байдың өзі де, дүниесі де осылай жермен жексен болып құрып кеткен екен.
Нисабы (күнделікті қажеттіліктен артық мөлшер) жеткен мал-мүліктің зекетін беру, оны осы харамнан тазалайды. Сол секілді зекет арқылы қоғамда жасалатын ұрлық-қорлық, зорлық-зомбылық қылмыстар азаяды. Байлар мен кедейлер арасындағы алауыздықтың алды алынады. Міне, осылайша Алла тағала тек зекет берушіні ғана емес, жаппай қоғамды да рухани кемелділікке жетелейді.
Зекет беру – ислам дініндегі бес діңгектің бірі. Құран Кәрімде намазды орындаңдар деп келген әмірмен бірге зекет беріңдер деген Рахман бұйрығы әрдайым қатар жүреді. Алла тағала өзінің қасиетті Кітабында 32 жерде мүміндерден зекет беруді талап еткен. Сонда да, адамның шамасынан тыс міндетті оған жүктемейтін Мейірімді Раббымыз нисабы жеткен мал-мүліктің 2,5 пайызын ғана зекет етіп беруді талап етеді. Сансыз нығметті беріп, адам баласын құрметтеп көтерген Жаратушының жолына байлығының 2,5 пайызын ғана арнау, сараңдық ауруына ұшырамаған Жаппар Хақтың құлдарына, сірә, қиын болмаса керек.
Исламның ең маңызды ерекше-ліктерінің бірі – материя мен рухтың, дүние мен ақыреттің арасында құрған тепе-теңдігі. Әрбір мәселеге тек қана материалдық тұрғыдан қарамай, ақыреттік рухани жағы-нан да қарап қорытындылауы. Зекет осы тұрғыдан маңызды. Өйткені, зекет – рух пен материя арасында құрылған байланыс және тепе-теңдік негіздерінің бірі. Ислам байлықтың белгілі бір адамдардың ғана қолында болуының қате екендігін айқын білдіреді. “Хашр” сүресінде пай ретінде дұшпаннан алынған малдың таратылу тәртібін көрсеткен аятта былай делінеді: “Байлықтың, тек байлардың арасында ғана айналып жүрмеуі үшін деп…” (7-аят). Сондай-ақ зекет – байлық пен нығметтерді берген ұлы Жаратушыға шүкір болып табылады. Оның әміріне бас иіп, оған құл екендігін білдірудің бір жолы.
Барлық нәрсенің иесі, әкімі, патшасы – Алла тағала. Жаратылған нәрсенің барлығы – Алла тағаланың мүлкі. Бар тіршілікке ризық үлестіруші – Алла тағала. Оған сенуіміз және сүйсінуіміз қажет. Оның байлығы шетсіз-шексіз. Оған шынайы сенгендер фәниде қиналмайды. Керісінше, ризық қуғандар өмірін өкінішпен өткізеді.
Адам зекет беру арқылы фәни және өткінші мал-дүниесін мәңгілік бақиға ауыстырады. Берген аз мөлшердегі малының есесіне ақыретте таусылмайтын еселенген сауапқа қол жеткізеді. Баршамызға асыл дініміздің бес парызының бірі – зекетті өз шарттары мен қағидаларына сәйкес, жүйелі түрде Алланың разы болатынындай беруімізді және екі дүниеде де жүзіміз жарық жүруімізді жазсын! Әумин!