Петропавлда мектеп оқушылары мен студенттер үшін семинар-тренинг өтті. Осыған дейінгі шарада жастар пікірталас философиясымен танысса, бұл жолы дәлелділік және оның түрлері жайлы мәлімет алды.
Шараны “Солтүстік фестиваль” жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері зияткерлік жарыстарға қатысушылар үшін ұйымдастырды. Бірлестік төрағасы Рүстем Арманов бірнеше жыл бойы пікірталас турнирлеріне қатысып келеді. Оның айтуынша, мұндай шараларда біліммен қатар, өз ойын ашық жеткізе білу де үлкен рөл атқарады. Бұл үшін өзіне деген сенімділік қажет. Алайда, ең бастысы – айтар сөзіңнің дәлелділігі.
– Пікірталастарда жиі кездесетін тақырыптарды ескере отырып, шешендік өнер профессоры Роберт Трэпп дәлелділіктің үш түрін бөліп көрсеткен болатын. Олар: сипаттамалық, қатыстық және бағалау. Алғашқысында дау табиғат немесе заттардың анықтамасына, екіншісінде заттардың арасындағы қарымқатынасқа, ал үшіншісінде заттардың мағынасы мен құндылығына қатысты өрбиді. Дәлелділіктің бұл түрлері жеке немесе өзара байланысты болуы мүмкін, – деді Рүстем Арманов.
Тренердің айтуынша, пікірталас барысында дәлелділік аса маңызды. Олар жоспар бойынша қараша айына дейін аудандарды аралап, жастар үшін семинар-тренингтермен қатар, турнирлер де өткізбек. Ал аудандардан іріктеліп алынған жеңімпаздар республикалық турнирге жолдама алады.
Семинар соңында жастар алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып, британдық әдіс бойынша пікір таластырды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.