«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИГІ ШАРА

Облыстық полиция департаментінің әйелдер кеңесі балалар арасында «Анамның жұмысына барамын» акциясын өткізді. Полицияда қызмет ететін қыз-келіншектер өз балаларына жұмыс орнын таныстырып, құқық бұзушылықпен күрестің қалай жүргізілетіндігін баяндады. Танымдық экскурсияға балғындармен бірге қазақ мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары да қатысты.

«Әйел полицейлер ер адамдармен бірдей қызмет жүгін абыроймен арқалап, кешке дейін тынымсыз еңбек етеді. Кей кезде олардың өз балаларымен бірге болуға уақыты жоқ. Сондықтан осындай акция өткізуді жөн санадық. Сондай-ақ, бұл шара отбасылық қарым-қатынасты нығайту, жас ұрпақ арасында полиция жұмысын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды», – дейді әйелдер кеңесінің мүшесі Айгүл Шоланова.
Аналар мен балалар мұражайға экскурсия жасап, бір сағат уақыттарын көңілді өткізуге тырысты. Ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инспекторы Айгүл Сәбитова қызы Айзеремен бірге құнды жәдігерлерді тамашалау барысында ескі патефонның тарихымен жақынырақ танысты. Кішкентай қонақ басқарма қабырғасында ілулі тұрған анасының суретін көрген кезде қатты қуанып, жұмыстағы жетістіктері жайында кеңірек білді.
Музей қызметкерлері балаларға полиция қызметінің бүгінгі таңдағы жұмысы туралы айтып берді. Экскурсия соңында мұражай меңгерушісі Любовь Осинская жоғары сынып оқушыларына ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындары туралы ақпарат берді.

 

Динара САҒЫНДЫҚОВА,
СҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің
аға инспекторы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp