Өз өмірімде көптеген қызықты әрі шығармашыл тұлғалармен кездестім, солардың ішінде маған үлкен әсер еткені ауылымыздың мақтанышы, менің көршім – Анатолий Алексеевич Сыпин.
Ол – ауылымыздың негізін салушы, атақты еңбек және спорт ардагері, 2 мәрте “Ленин” орденінің иегері, “Еңбек Қызыл Ту”, “Халықтар достығы” ордендерімен марапатталған тың игерушілердің бірі. Өмірбаяны да өте қызықты.
Анатолий Алексеевич 1933 жылдың қаңтарында Псков облысының Исаковщина селосында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған шақта сегізге толмаған Толя ағай өмірдің бүкіл қиыншылықтарын көрді. 1941 жылы оның отбасы Татарстанға, содан соң Киров облысына қоныс аударған. Анатолий Алексеевич сол қиын кезді былай есіне алады: “Сол кезде бір-ақ арманым болды, ол бір күні нанға тойсам екен деген! Мемлекет берген нан, немене, бір адамға да жетпейді ғой. Сол үшін інім екеуміз орманға барып, саңырауқұлақ жинап, оны көрші ауылға апарып, бір үзім нанға айырбастайтын едік”.
Анатолий бірінші сыныпты соғысқа дейін бітірсе, қалған сыныптарды жалғастыру үшін мектеп партасына 1945 жылы отырған. Сол шақта жеңіс туралы хабар келді. “Ол күні бүгінге дейін есімде, бәріміз далаға жүгіріп шығып, айғайлап, қуанып, бір-бірімізді құттықтадық. Бақытымыздың шегі болған жоқ”, – дейді қария.
Алапат соғыс аяқталды, десе де тұралап қалған тұрмысты қайта аяғынан тұрғызу оңай шаруа емес еді. 1946 жылы эвакуация аяқталғаннан кейін Анатолий Алексеевич отбасымен Ленинград облысының Сесторецк қаласына кайтып келеді. Сол шақта 15-ке енді аяқ басқан бозбала Восков зауытына қырнаушының шәкірті болып жұмысқа орналасып, артынан онда өзі де қырнаушы болып 6 жыл еңбек етеді. Бос уақытында қатарластарымен бірге футбол, волейболдан үнемі жарыстар ұйымдастырып жүреді. Соңғысына деген қызығушылығының басымдығы сонша, артынан Қазақстанға қоныс аударған шақта да одан қол үзбей, ауданымыз бен облыс намысын талай волейбол додаларында қорғаған. Айта кету керек, жыл сайын Урожайное ауылында волейболдан өтетін турнир де осы тұлғаның есімімен аталады. Оны өскелең ұрпақтың аға буынға деген құрметі деп түсінеміз. Соғыстан кейінгі өмір біртіндеп қалпына келіп, Отанға жаңа зауыттар, фабрикалар, шахталар, халыққа баспаналар қажет-ақ, алайда басты міндет ол елді ас атасы нанмен толықтай қамту болды.
Сонымен, СОКП ОК-нің 1954 жылғы Пленумында Қазақстанда, Сібірде, Оралда жаңа тың және тыңайған жерлердің есебінен астықты дақылдар егістігі көлемін кеңейту көзделді. Сол шақта Кеңес одағы бойынша өрімдей жас жігіттер мен қыздар комсомол жолдамасын алып, Отанға деген сүйіспеншілігін іспен дәлелдеуге асыққан болатын. Олардың қатарында Анатолий Сыпин де болды.
1954 жылдың наурызында облысымыздың картасында Урожайное деген жаңа ауыл пайда болды. Оның негізін қалаушылардың бірі де осы мақаламның кейіпкері.
Анатолий Алексеевич алғашқы түнді есіне түсіріп, былай деді: “Наурыздың сол күнгі түні аса суық болды, жұртты суықтан сақтау үшін мен пешке қарайтын кезекші болдым, отын жоқ пешті шөппен жағасың, үлгірмесең, ол тез сөніп қалады. Айнала ен дала, ауық-ауық қасқырлардың ұлығаны да естіліп қалады, одан басқа қыбыр еткен дыбыс жоқ”.
Тыңға түрен салғандардың еңбектері жанып, 1956 жылы Қазақстан 16 миллион тонна астық жинап, тың игеру тарихында бұл ең жоғары көрсеткіш болып тіркелді. Оған А. Сыпиннің де қосқан үлесі бар. Өрімдей жігіт өзі секілді комсомол жолдамасымен Украинаның Житомир қаласынан келген жас қыз Вера Савельевамен отау құрды. Бүгінде 3 бала мен немере-шөбере сүйіп отыр.
Толя ағайдың тек жұмысында ғана емес, сонымен қатар спортта да үлкен жетістіктері бар. Волейболдан аудан құрама командасының мүшесі, облыстық спартакиадалардың 3 дүркін чемпионы. Ең үлкен жеңісі допты хоккей ойынымен байланысты, 1959 жылы Анатолий Алексеевич облыс командасының құрамында республикалық жарыстарда 3-орынға ие болған.
Ал оның еңбек жолындағы марапаттары мен мадақтамалардың саны шексіз. 1966 жылы Анатолий Сыпинге “Еңбек Қызыл Ту”, 1971 және 1976 жылдары “Ленин” ордендері, 1974 жылы “КСРО-ның еңбек сіңірген жұмысшысы” атағы беріледі. Сонымен қатар, ол кісі Көкшетау облыстық кеңесінің депутаты болып сайланады.
30 жыл бойы механик болып еңбек еткен Анатолий Алексеевичтің зейнетке таянғанда, денсаулығы сыр беріп, ферманың сүт өндіру блогында бірнеше жыл бойы оператор ретінде жұмыс істеген.
Жадымыздан өшпейтін, тың эпопеясын жасаған мыңдаған жандар мен миллиондаған қолдардың күш-қайраты еліміздің егемен күндерінде де еселі қарқынмен жалғасып келеді. Тың игеру – жиырмасыншы ғасырдың аса зор әлеуметтік-экономикалық жобасы, оған ұқсас жоба әлем тарихында болған емес. Қысқа тарихи кезеңде Қазақстанның көптеген аудандарында экономика, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет жаңаша өркендеп, қуатты кадрлық және ғылыми әлеует жасалды.
Тарихи мәліметтерге сүйінсек, 250 мыңға жуық тыңгер мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болды, олардың 650-і Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызын омырауларына қадады. Бүгінде алғашқы тыңгерлердің даңқты дәстүрлерін олардың балалары мен немерелері жалғастыруда. Қазақстандықтардың қазіргі буыны және келер ұрпақ тың игерушілердің еңбектерін мақтан тұтатынына сенімдімін.
Сергей ВОРОНЦОВ,
Урожайное негізгі мектебінің
қазақ тілі пәні мұғалімі.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.