«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИЕСІН КҮТКЕН ИТ

Жеті қазынаның бірі – ит жарықтық қолға үйретілген ықылым заманнан бері адамның сенімді серігіне айналып, арадан қыл өтпейтін кіршіксіз достығы мен адалдығын сақтап келеді. Қазақ халқы да көшпенді өмір салтында орны ерекше төрт аяқты үй хайуанының жақсы қасиеттерін айрықша бағалаған. Жерлес жазушы Сафуан Шаймерденовтің «Ит ашуы» повесінде иттің иесіне деген жанашырлығы жатық тілмен суреттеледі.

Былтыр көктемде адамның өңі түгіл түсіне кірмейтін мынандай таңқаларлық жайтқа куә болғаным бар. Ауылымыздың үлкендері «ит иесіне әбден бауыр басқаннан кейін ұрсаң да, тіпті аш қалдырсаң да, тастап, ешқайда кетпейді» деп айтып отыратын. Оны өз басымнан өткермесем, сенбес едім. Өңіріміздің бірқатар жерлерін тасқын су басып, өзіміз де зардабын әбден тарттық. Баспанамызды тарс бекітіп, ағайын- туысқанды паналауға тура келді. Бірде үйге келсек, табалдырық үстінде тайыншадай ит жатқанын көріп, шошып кеттік, денеміз мұздап сала берді. Қауып алуы болмаса талап тастауы әбден мүмкін ғой деген сақтықпен қолымызға түскен таяқты алып, қуалай бастадық. Бірақ ол орнынан былқ етер емес. Бір ғажабы, айғайлап, ашу шақырып, атойлап жатқан бізге үрген жоқ, жалынышты көзбен қарайтындай. Сәлден соң қорқынышымыз пышақ кескендей сап тыйылды. Кері барып, бір дорба тамақпен оралып, ыдысқа салып, алдына қойдық. Бірақ тамақты көрмегендей кейіп танытып, мұңды жанарын бізден айырмады. Бойымызды «мына алапат су тасқыны ит екеш иттің өзін де жуасытып, бейшара халге түсірген екен-ау» деген ауыр ой тұмашалап алды.

Келесі күні келсек, тамақты жартылай ғана тауысыпты. «Қанағатшылын-ай» деп іштей күліп қоямыз. Ұйқысыз, күлкісіз күндер сырғып өте берді. Талайды әбігерге түсірген қарғын су да тартылып, үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Ит те бізге әбден бауыр басып, бірге тірлік кешіп жатты.

…Көшеде күншуақтап отыр едім, жанымнан өтіп бара жатқан көрші келіншек: «Аға, мынау менің итім ғой. Жоғалтып, іздеп жүр едім. Табылғаны қандай жақсы болды», – деп қуана дауыстады. Жүгіріп барып, ағасын шақырып әкелді. Оның да екі езуі екі құлағына жеткен, мәз-мәйрам. Атын атап, басынан сипап, еркелете бастады. Ит басын көтеріп, екеуіне қарады. Сәлден соң бір нәрсе есіне түскендей орнынан тұрып, ағалы-қарындасты иіскелей бастады. Олар болса, көптен бері көріспеген таныстарын кезіктіргендей жүздері бал-бұл жайнайды. Көріністі сырттай үнсіз бақылап тұрмын. Бір кезде ит иелерінің құшағынан жұлқына атып шықты да, маған қарай бет алды. Оның оқыс қылығынан тайсақтап, шегіншектей бердім. Бала кезімде иттің қапқанынан шайлығып қалған жүрегім дүрсілдей соқты. Мені ақырын иіскелеп, қоштасқандай, алғысын білдіргендей аяғыма бір- екі сүйкеніп өтті де, анадай жерде тұрған машинаға қарай жүгіре жөнелді. Иелерінің жанында құйрығын бұлғаңдатып, қыңсылай дауыс шығарып, қайта-қайта секіреді. Кейін сұрастырсам, бізге қатарлас көшедегі өткен-кеткенге өршелене үріп, ауласына адам кіргізбейтін қабаған ит осы екен. Оған топан су ұмытылмастай сабақ болған сықылды. Үрейі ұшып, қатты қорқып қалғаны, «кемедегінің жаны бір» демекші, табиғат апатынан келген зардаптың салдарын іштей түйсініп, бірге қиналғаны, мұңға батқаны, иелеріне адал болғаны, аз уақыт болса да қайырымдылық жасаған біздің жақсылығымызды ұмытпағаны қатты таңғалдырды. Бір қызығы, көшеде бос жүретін және байлаулы тұратын қабаған иттер бір жерге топталып, үймелесе қалғанын көрдім. Жайшылықта бір сүйекке таласып, бір- бірін қан жоса қылып талайтын, не болмаса шабалана үретін мінездері жоқ. Бастарына ауыр күн туғанда ит екеш иттердің бұлай ұйымдаса қалуы, өзара алауыздықтан сап тыйылуы маған үлкен ой салды.

Нұржан АСКАНДИРОВ. Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp