Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығының қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарында осы күнге жеткізген әкелеріміз бен аталарымыз жайында көптеп мақалалар, очерктер жазылып, теледидарда хабарлар көрсетілді. Мұндай еске алу үрдісі өте дұрыс. Өйткені, майдангерлердің қатары жылдан-жылға азайып келе жатыр. Етігімен су кешіп жүріп, мұз жастанған ардагер аталарымызға қандай құрмет жасасақ та, артық емес.
Осы арада мен де өзімнің атам туралы жазуға бел шештім. Мүмкін, атамның алған медальдары мен ордендері аз шығар, бірақ сол кескілескен соғыста жеңісті жақындатуға, фашизмді жеңуге өзінің қомақты үлесін қосқан жауынгерлердің бірі бола білді.
1995 жылы шілде айында мен Мұстафиндер отбасына келін болып түстім. Жұбайым Ермек – осы үйдің кіші ұлы. Сондықтан да қазақтың салты бойынша шаңырақ иесі болып, ата-ене қолында тұру – біздің міндетіміз. Атам Балтабек Қабдолұлы Мұстафин – соғыс ардагері, бүкіл өмірін өкімет пен партияға арнаған шын мәніндегі коммунист, адал еңбек адамы. Мен келін болып түскен жылы атам 69 жаста еді. “Тауағаш” шаруа қожалығын басқаратынды. Одан он шақты жыл бұрын зейнеткерлікке шығып, үйде отырған атамды ауыл тұрғындары қайта ел басқаруға шақырады. Себебі, бұрынғы кеңес өкіметі ыдырап, Қазақстан егемендік алған жылдарда ұжымшарлар мен кеңшарлар бытырап, әр ауыл өз бетінше күн көре бастайды. Жарық жоқ, халық жалақыны айлап емес, жылдап көрмей отырғанда, атам елді тығырықтан аман алып шығып, шаруа қожалығын қайта аяққа тұрғызады. Маңайдағы ауылдар тоқырап отырғанда, малдың басын сақтап, егін егіп, Тауағаш елі жақсы өмірді бастан кешіп отырды. 70 жастағы атамның осындай ерлік істеріне қарап, өзімді бақытты келін деп санайтынмын. Атам мен апам төрт ұл, екі қыз өсіріп, балаларын өздеріндей адал, еңбекқор, білімді етіп тәрбиеледі. Ауыл тұрғындарының сөздерін тыңдасаңыз, атам көп жағдайда елді де аузына қаратып, тәрбиелеген екен. Атам мен апам екеуі, жарықтықтар, шүйіркелесіп отырғандарында көбіне соғыста бастан кешкендерін айтушы еді. Сонда мен: “Ата, мұның өзі бір тарих қой, ертең ұмыт қалуы мүмкін, сондықтан да қағаз бетіне түсірсеңізші. Артыңыздағы бала-шағаға, немере-шөберелерге үлгі-өнеге болатын естелік емес пе?!” – дедім.
Атам: «Иә, бұл табылған ақыл екен”, – деп менің дүкеннен қалам мен қалың дәптер әкеліп беруімді өтінді. Содан бастап сөзге сараң атам өзіне бір ермек тауып, балалық, жастық шағын, соғыстағы бастан кешкендерін, кеңес өкіметі тұсында ел басқарған кездерін тізбектеп жазуға кірісті. Сол дәптер қазір менің қолымда. Қазақта “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер” дегендей, бұл дәптер Мұстафиндер әулеті үшін құнды естелік деп ойлаймын.
Атам өз естелігінде: “Соғыстың алғашқы жылдары жасым жетпей, қалып қойдым. 1944 жылдың қараша айында әскери комиссариаттан қағаз келіп, 18 жаста соғысқа аттандым. Әкем мені ауыл жігіттерімен қоса, Петуховодан пойызға отырғызып, шығарып салды”, – дейді. Солайша, атам 70-гі әке-шешесін артқа қалдырып: “Алматы қайдасың?” – деп жол тартады. Алматыда мергендер даярлайтын ротаға түсіпті. Үш ай дайындықтан өткен соң-ақ соғысқа аттанатын болып, жаңадан киім беріліп, кете барыпты.
Пойызда кетіп бара жатып, ашыққан кездері де болған екен. Содан жүріп отырып, Беларусь шекарасынан өтіп, Польшаға да жетіпті. 1945 жылы 21 сәуір күні пойыздан түскесін солдаттарды бөліп-бөліп жіберіпті. Жиені Серғали Сибанбаев әуе шабуылына қарсы жабдықтауларға кетеді де, біразы жаяу-жалпылап орман шетіне жетіпті. Сондағы көргені ауыр зеңбіректер, “Катюшалар” атқылаумен болады. Аспанда тек біздің ұшақтар эскадрилья-эскадрилья болып, жау жаққа ұшып бара жатыпты. Атқылаған жерде қираған қала, күйіп жатқан үйлер. Міне, осы жерде алғаш рет адам өліктерін көріп, жаны түршігеді, бірақ бара-бара еті үйреніп, қорықпайды.
Атамның қатысқан үлкен ұрысы – немістің Кенигсберг қаласы үшін болған шайқас. Бұл қала үшін немістер жанталаса соғысса керек. Сол ұрыста алға қарай жылжып, окоп қазып, бекініс жасап жатқанда дәл жанынан мина жарылған екен. Еңкейіп жер қазып жатқанда, артынан алапат бір күш ұрғандай болыпты. Байқаса, жараланған екен. Шалбары қанға толып кетіпті. “Жаралыларды шығару керек!” деген бұйрық келген соң, ақсаңдай басып, лазаретке жетіпті. “Бұл 1945 жылдың 25 сәуір күні еді”, – дейді ол.
Екі күн дала госпиталінде болып, Варшаваға жөнелтіліпті. Варшавада ота жасайды.
Солай емделіп жатқанында көптен күткен 9 мамыр – Жеңіс күнін госпитальда тойлайды. “Жеңіс күні” дегенде бізде де, басқа жаралыларда да, дәрігерлерде де ес қалған жоқ! Аспанға атылып жатқан оқ, соғыстың аяқталуымен бірін-бірі құттықтау, қошеметтеу!
Соғыс аяқталса да әрі қарай 5 жыл оккупациялық әскерде қызмет атқарады.
Үйден әкесінен ғана хат келеді екен. Хатында ауыл тұрмысының ауырлығын, салған егіннің нашар шыққандығын, соғыс аяқталса да халық тұрмысының әлі де жүдеулігін, атасының “молдасың” деп, өзге жұртқа қарағанда салықты көп төлейтіндігі туралы және өздерінің қартайып, шаруаға жарамай отырғандарын айтып жазады. Сонымен, бөлімге келген соң телеграфшы болып жұмыс істеп жүріп, ай сайын немістің 360 дойчмаркасын және кеңестік 180 рублін жинақ кітапшасына сала береді екен. Тапқан ақшасына ақырындап туыстарына киім-кешек сатып алып қоя беріпті. 1947 жылы үйге 15 күндік демалысқа барып келуге арыз жазады. Көп ұзамай арызы қабылданғанда қуанышында шек болмапты.
Ендігі мақсат – барып ата-анасын қуантып келу. Сөйтіп, Магдебургтен пойызға отырып, Берлинге келіпті, сол арадан Мәскеуге билет алып, Қызылжар қаласынан түскен екен. Атам қазақ “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы”, деп өткен халық емес пе? “Жалғыз баламыз аман келді!” – деп ата-анасы елге үлкен той береді. Ол уақытта жіп дегенің жоқ, әжеміз қолы ашық адам болса керек, әйелдерге бір-бір түйір жіп үлестірген екен. Осы арада ата-анасы үйленіп кетуін сұрайды. Бірақ бұл тілектері 1951 жылы біржола әскери қызметті атқарып келген соң ғана орындалады.
Атам әскери қызметін атқарып келген соң мұғалім де, Ленин аудандық партия комитетінің нұсқаушысы да, бөлімше басқарушысы да болады. Атамның ендігі ел басқарудағы бір ерекшелігі – Германиядағы көрген мәдениетті, тәртіпті Тауағаш ауылының тұрмысына енгізуге талпынуы. Ауыл тұрғындарына дәретхана қазып, орнатуды өзі бастап көрсетеді. Картоп егеді, үй маңайына жеміс ағаштарын отырғызады, үйді шарбақпен қоршауды көрсетеді. Ол заманда әйел жұмысын істеу ұят болатын, атам еркек атаулының ішінде бірінші боп су тасиды. Үйлерді бір түзу сызықтың бойымен салуға бел шешіп кіріседі. Ол кезде “Дружба” кеңшарына қарасты Тау-ағаш ауылы әжептәуір көтеріліп қалады, қой басы 14 мыңға жетеді.
Бірнеше рет жергілікті кеңеске депутат болып сайланады. КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) қатысып, оның күміс медалімен, ІІ дәрежелі “Ұлы Отан соғысы”, Еңбек Қызыл Ту және “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған. Қартайған шағын ауданымыздың орталығы – Явленка ауылында өткізді.
Енді мына қызықты қараңыз, Ұлы Жеңістің 70 жылдығының қарсаңында өзі болмаса да, өзінен кейін көзі боп қалған немересінің алды Баян атты қайын сіңлім атама кезінде берілуге тиіс наградасын кездейсоқ “Подвиг народа” интернет-сайтынан тауып алды. Сол сайттың материалында: “Красноармеец Мустафин в боях с немецкими захватчиками по разгрому их группировки на территорий Центральной Германий, в районе деревни Лептен проявил стойкость, мужество и бесстрашие.
Когда І стрелковый батальон около двух суток находился в окружений и неоднократными контратаками теснил его противник, тов. Мустафин мужественно и неустанно отражал контратаки врага, по сигналу в атаку первым бросился на противника и за собой на стремительности увлек остальных бойцов. Здесь внезапным нападанием, бросанием гранат уничтожил пулеметную точку врага и его 11 солдат” деп жазылған.
Міне, осы ерлігі үшін ол ІІІ дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталуы тиіс екен. Бұл кезде атам, жоғарыда айтып кеткендей, жараланып, Варшава қаласында госпитальда жатқан болатын. Басынан кешкен осы ерлігін ешқашан балаларына да мақтанып айтпапты.
Менің атам осындай өнегелі адам болды. Жатқан жерің жәннатта болсын, ата!
Арттағы бала-шағаң, елің саған дән риза!
Фатима МҰСТАФИНА,
А.Шәжімбаев атындағы
Явленка №3 орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.