Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылми-әмбебап кітапханада республикалық NIF$50K инновациялық бизнес-жобалар конкурсы аясындағы көрме ұйымдастырылды. Оған облысымыздың 30 бизнес-жобасы қойылды.
Республикалық NIF$50K инновациялық бизнес-жобалар конкурсының ұйымдастырушылары еліміздің түкпір-түкпірінен жас ғалымдарды, талапты өнертапқыштарды, болашақ бизнес өкілдерін іздеу мақсатында “Инновациялық автобус” бағдарламасы бойынша Петропавлға келді. Автобус ай бойы еліміздің барлық облыстарын аралап, жұртшылықты NIF$50K конкурсы жайлы құлағдар етіп, әлеуетті жобаларды оған қатысуға тартуды көздейді.
Көрмеге қойылған инновациялық бизнес-жоспарлардың арасында өнеркәсіп кәсіп-орындарының, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, жеке кәсіпкерлердің, Қызылжар, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандары өнертапқыштарының жобалары да бар.
Өңіріміздегі инновациялық жетістіктер көрмесін ашқан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов: “Бүгінгі таңда инновациялық даму мәселелері – Қазақстанды дамытудың басым бағытының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында: “Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Біз мына басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді шешуіміз керек”, – деп алдағы кезеңдегі даму басымдықтарын айқындап, үдемелі индустрияландыру есебінен экономиканың тұрақты өсіміне қол жеткізу міндетін қойған болатын. Қазақстанның 2020 жылға дейінгі инновациялық даму тұжырымдамасы әзірленді. Оны жүзеге асыру инновацияларды енгізу және алдыңғы қатарлы технологияларды трансферттеу арқылы елімізді индустрияландыру қарқынын арттыруға мүмкіндік береді, – деді.
Оның айтуынша, бүгінде Үкімет тарапынан инновацияларды қолдауға, оларды ынталандыруға және компанияларға бизнес-орта қалыптастыруға жайлы жағдай туғызылып отыр. Ғылыми және инновациялық қызметті ынталандыру мақсатында Петропавл қаласында өткен жылдың сәуір айында Ұлттық зияткерлік меншік институты ашылды.
Инновациялық бизнес-жобалар конкурсы елімізде алғашқы болып біздің өңірде бастау алды. Өздерінің инновациялық жобаларын көрмеге қойған өнертапқыштарға конкурсқа қатысу тәртібі түсіндірілді. Онда жұртшылықты инновациялық белсенділікке ынталандырып, инновациялық кәсіпкерлік насихатталды, жаңа жоба бастамашыларына бизнес-жоба жасау, оны жүзеге асыру жолдары айтылды. Конкурсқа қатысқысы келетіндер өздерін қызықтырған сұрақтарына жауаптар алды.
Шара барысында инновациялық жобалар көрмесімен танысқан ұйымдастырушылар конкурсқа қатысқысы келетін өнертапқыштарға табысты кәсіпкерлердің шеберлік сыныптарын көрсетіп, бизнес-тренингтер, оқыту курстарын өткізді.
2005 жылы бастау алған конкурсқа Қазақстан Республикасының кәмелетке толған инновациялық жобаның авторлары қатыса алады. Қатысуға өтініш үстіміздегі жылдың 1-тамызына дейін қабылданады. Оған қатысып, жеңімпаз атанған өнертапқыш 7,5 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болады. Ал 2-3-ші орынды иеленгендерге сәйкесінше 2,5 және 1 миллион теңге беріледі.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.