
Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының Павлодар қаласына сапары сәтті аяқталды. 2018-2019 жылдары интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдіктілер ұсталды.
2018 жылдың желтоқсанында Жамбыл ауданының 27 жастағы тұрғыны интернет арқылы 47 мың теңге ақшасынан айырылғанын айтып, Петропавл қалалық полиция басқармасының бірінші полиция бөліміне жүгінген болатын. Жәбірленуші үй сатып алу үшін онлайн несие алмақшы болған. Хабарландыру авторынан 47 мың теңге комиссия төлеген соң ғана несие алуға болады деген жауап келген. Қыз ақша аударғаннан кейін банкке барғанында, “несие алуға өтінім келіп түскен жоқ” деген жауап алған.
Солтүстік Қазақстан облысының тағы бір тұрғыны осыған ұқсас сценарий бойынша алданды. 38 жастағы ер адам интернеттегі жарнамадан ноутбук сатып алғысы келген. Хабарландыру иесінің өтініші бойынша қалаған затының толық құнын алдын-ала карточкаға аударған соң, сатушы жауап бермей қойған.
Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтың айтуынша, интернет-алаяқтық жасады деген күдіктінің екеуі де Павлодар қаласындағы іссапар барысында анықталды. Несие алуға «көмектескені» үшін 27 жасар әйел және ноутбук сатпақшы болып алаяқтық жасады деген күдікпен 22 жасар жігіт ұсталды. Олардың екеуі де қылмыстарын мойындады.