Ежелден жеті қазынаның бірі саналатын иттің адам баласына көмегі көп тигені сөзсіз. Халқымыз көшпелі тұрмыс салтын ұстанған дәуірлерде бұл төртаяқты жануарды қажетіне жарата білді. Малын күзету үшін асырап, аңшылық кезінде пайдаланды. ХХІ ғасырда да итке деген сұраныс жоғалған жоқ. Өкінішке қарай, қазіргі күні қасқыр тектес жыртқыш жануардың қадірін кетіріп алғандаймыз, оны ермек үшін ұстайтындардың қатары артуда. Еркіндікті, кең даланы сүйетін төртаяқты досты төрт қабырғаға телміртіп қамап қою жануарға жасалған қастандықтың ең үлкені.
“Ит – адамның досы” екеніне ешкім дау айта алмас. Алайда, осы төртаяқты хайуанды пәтерде ұстау қаншалықты дұрыс? Исі мұсылман елдері итті пәтерге кіргізіп, онымен бірге тұруды заңмен реттемек түгіл, мұндай мәселені көтеріп көрген емес. Шариғат бойынша, иттің сілекейі тиген ыдысты жеті рет жумай қолдануға болмайды. Итті өзіне дос тұтқан қазақ та бұл қағидаларды атам заманнан бері берік ұстанып келеді. Ит иіскеп кеткен тамақты төгіп тастап отырған. Кейбіреулердің ең жек көретін адамына “ит екенсің” дейтіні де көп жайды аңғартатындай. Десек те, қазіргі уақытта көшеде сәбиін құшақтаған аналармен бірге итін жетектеген қаракөздерді де жиі кездестіретін болдық.
Кейбір адамдар итін баласынан да артық көретіндей әсер қалдырады. Дүкеннен сатып алған арнайы тамағын беріп, өзінің төсегіне жатқызады. Тәулігіне үш мезгіл серуендеуге шығарады. Дегенмен, петропавлдықтар ит ұстау мәдениетін толық меңгерді дей алмаспыз. Түнімен ұлып, күнімен үріп шығатын иттердің иелерімен ұрсысып шаршаған көршілерді айтпағанның өзінде, кіреберістегі жағымсыз иістен адамның жүрегі айниды. Үйлердің маңайына, аула, гүлзарлар мен жаяу жүргіншілер жолына сарып кететіні тағы бар.
Ит ұстайтын көршісі бар Әсел Басанованың айтуынша, ауласында балалар ойнайтын жер қалмаған. “Мен көпбалалы анамын. Үш жылдан бері “Береке” шағынауданындағы Ысқақ Ыбыраев көшесінің бойында тұрамыз. Көктем келіп, қар ерісімен балаларымның бір уақыт далаға шығып, таза ауамен тыныстағанын қалаймын. Алайда, олар аулада емін-еркін жүре алмайды. Айналамыз толған иттің нәжісі. Ойын баласын бір сәт көзден таса қылсаң, иттің қиын басып кетеді, – деп қынжылған еді ол.
Өркениетті Еуропа елдерінің өзінде ит ұстау мәдениетін қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Мәселен, Германияда ресми тіркелген 4,5 млн. иттен күніне 1400 тоннаға жуық нәжіс қалады екен. Берлин қаласының әкімдігі амалсыздан тәулік сайын иттердің соңынан қалған “қалдықты” тазалауға 21 автокөлік бөледі. Ал Швейцарияда иттің қиын салуға арналған арнайы автоматтар орнатуға тура келіпті. Мұның бәрі амалсыздан қолға алынған шаралар екені аян.
Ит пен мысықтан да түрлі ауру жұғатынын ескере бермейміз. Аяқ киімге жұққан нәжістен немесе ит сарып кеткен жерді ұстаған балаларға ауру жұғуы әбден мүмкін. Жануарлардан жұғатын 135 ауру түрі бар. Сондықтан жануарларға бірнеше мәрте екпе жасап отыру керек. Дегенмен, бұл мәселені қаперге алмайтындар да жетіп артылады.
– Пәтерде ұсталатын иттерді иелері ветеринария мекемелерінде тіркеп, оларға үш айлық кездерінен бастап құтыруға және басқа ауруларға қарсы міндетті түрдегі екпелер егілуі тиіс. Әрқайсысының жеке паспорты болуы керек. Алайда, қазіргі уақытта Петропавлда қанша ит бары туралы нақты ақпарат жоқ. Мәселен, біз ай сайын 150-160 итке екпе жасаймыз. Әр ит жылына кем дегенде бір рет екпе алуы қажет, – деген “Қалалық ветеринария клиникасы” емханасының бас дәрігері Евгений Мищенко ит ұстайтындардың көпшілігі төртаяқты достарына екпе қоюды қажет санамайтынын айтады.
Еуропа елдерінде питбультерьер, дог, америкалық стаффордшир бультерьерді пәтерде ұстауға тыйым салынған. Қытайда заң бойынша бойы 35 сантиметрден асқан итті баспанаға кіргізуге болмайды. Израильде амстафф, ротвейлер және жапон мастифтерін көпқабатты үйге кіргізуге жол берілмейді. Бұл елдерде пәтерде тұрғызуға рұқсат етілген иттердің өзінен арнайы құжат талап етеді. Көрші Ресейде де бұл өзекті мәселеге қатысты заңға өзгерістер енгізіліп, тұрқы ірі иттерді Мәскеудегі көпқабатты үйлерде ұстауға тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Біздің елімізде бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай заң, талап жоқ. Әрбір қаланың пәтерде ит ұстау бойынша өз ережесі ғана бар. Петропавл қаласында бұл мәселе қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген.
Қалалық ветеринарлық станцияның ветеринар дәрігері Ирина Гуськованың айтуынша, бұл ережелерде ит асыраған азаматтарға бірқатар талап қойылған.
– Пәтерде ит ұстау үшін баспана иесі көпқабатты үйдегі барлық тұрғындардан жазбаша рұқсат алуы керек. Алайда, бұл талап ескеріле бермейтініне куә болып жүрміз. Кәсіпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде, бау-бақша және саяжайларда, демалыс базаларында иттерді байлаулы немесе торда ұстаған жөн. Яғни, адамдарға қауіп төндірмейтін жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар үй жануарларын кіреберістерде, дәліздерде, жертөлелерде және шатырларда ұстауға рұқсат берілмейді. Иелері иттердің қашып кетпеуін, адамдарға және басқа да жануарларға шабуыл жасамауын қамтамасыз етуі керек, – дейді Ирина Гуськова.
Ережеде иттерді тысқа алып шыққанда тұмылдырық кигізіп, қысқа қарғыбаумен қыдырту талап етіледі. Иттердің қала көшелерінде босып жүруіне жол берілмеуі тиіс. Үй жануарына қызығып, оларды асырағысы келетіндер шаһарда көп-ақ. Әйтсе де, қаладағы жеке үйлер мен пәтерлерде ит пен мысық ұстаудың қағидаларын сақтайтындар сирек. Мәселен, 2017-2018 жылдары ит ұстау ережесін сақтамағаны үшін бір мыңға жуық адам жазаланған. Ал, 2019 жылы ит ұстау ережесін бұзған 76 петропавлдық 500 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.
Туған күнге сыйлық ретінде берілген күшіктерді өсе келе асырау қиындады деген сылтаумен далаға қаңғыртып жіберетіндер де жетерлік. Ақыр соңы олар қаңғыбас иттердің қатарын толықтырады. Жақында итке байланысты тағы бір мәселенің басы қылтиды. Елімізде кең етек жайған коронавирусқа байланысты Петропавл қаласында карантин енгізіліп, тұрғындардың денсаулығы үшін үйден шығуға тыйым салынғаны белгілі. Тек дүкен мен дәріханаға баруға рұқсат берілді. “Байтал түгіл бас қайғы” болған бұл күндері жергілікті билікке пәтердегі итін аулаға қыдырта алмай жүргендерін айтып, шағымданғандар көп болды. Ақыр соңында қауіпті жағдайға қарамастан, бұған да рұқсат берілді. Бұл тұрғындардың төртаяқты жануарды өз өмірінен де жоғары қойғаны ма? Түсініксіз. Сіз не ойлайсыз?
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет: https://turkystan.kz/