
Петропавл қаласында карантин жаиялануына орай көшелерде бақылау күшейтілгенімен, кейбір азаматтар төтенше жағдай талаптарын елемеуде. Олардың бұл қылығы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкеліп соғуы мүмкін.
Петропавл қаласында шектеу шаралары мен карантин енгізілген сәттен бастап 20-ға тарта төтенше жағдай режімін бұзушылық анықталды. Полиция қызметкерлері Петропавл қаласының орталық көшелерінің бірінде жұмыс іздеп далаға шыққан ер адамды тоқтатты. Ал Нұрсұлтан Назарбаев пен Караванная көшелерінде тұратын екі жас жігіт мәдениет және демалыс саябағында серуендеп жүрген. Мұндай қыдырыс та төтенше жағдай режімінің талаптарын бұзу болып табылады. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі.
«Үйден тек аса қажет болғанда ғана – жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға, жұмысқа барғанда және қоқыс шығаруға шығуға болады. Жұмысқа бара жатқан адамдардың қолында жұмыс орнынан анықтамалары мен маршруттық парағы болуы тиіс», – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүруіне тыйым салынған. 65 жастан асқан адамдар сыртқа шығуды шектеулері тиіс. Қала тұрғындарына қонаққа баруға болмайды.
Облыста төтенше жағдай режімін бұзудың 70-тен астам фактісі анықталды, оның 30-дан астамы карантин кезінде орын алды.