Төтенше жағдай кезінде Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция қызметкерлері басқа әріптестерімен бірге қала көшелерін патрульдеуде. Қосымша жүктемеге қарамастан, олар өздерінің күнделікті жұмыстарын толық көлемде орындап, қиын отбасыларда құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жүргізеді. Егер балалар не ата-аналар жүйелі түрде заң бұзса, мұндай отбасылар «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 127-бабы бойынша есепке қойылады. Петропавлда мұндай 82 отбасы бар, оның 48-і – биыл есепке қойылғандар.
Төтенше жағдай кезінде заңды өкілдерсіз үйінен тыс жерде жүрген 14 жасар қыз бала кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларға былтырдан таныс. Ол бірде тіпті ішімдік ішкені де анықталды. Кәмелетке толмаған төрт баласы бар ананың үлкен қызын тәрбиелеуге шамасы келмейтіндіктен, отбасы биыл қаңтар айында есепке қойылған.
«Карантин аяқталғаннан кейін бұл деректер қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның отырысында қаралатын болады. Комиссия отбасына түзелуге сынақ мерзімін беру немесе ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылдайды. Мүдделі органдар отбасында жақсы қарым-қатынас орнату үшін жағдай жасайды: олармен мектепке бекітілген учаскелік полиция инспекторы, әлеуметтік педагог, психолог, қамқоршы органдар жұмыс істейді», – деді жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдын Ақмағамбетов.
Айдын Ақмағамбетов сондай-ақ карантин кезінде облыс орталығында ювеналдық полиция қарайтын құқық бұзушылықтар азайғанын атап өтті. Кейбір отбасыларға карантин оң әсерін тигізген. Мәселен, төрт ұлы бар жалғызбасты ананың 2004 жылы туған баласы бұрын үйінен кетіп қала бергендіктен, есепте тұрған. Көпбалалы ананың ешқандай теріс әдеттері жоқ, тек жұмысбасты болғандықтан, отбасы мәселелерін кейінге ысыра берсе керек. Төтенше жағдай режіміне байланысты үйінде оқшауланған әйел балаларына көңіл бөлген. Кезекті тексеріс кезінде полицейлер отбасындағы жағдай жақсарғанын байқаған.
Наурыз айында «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 127-бабы бойынша 18 петропавлдық жауапқа тартылса, наурызда ондайлардың саны – 5. Карантин ережелеріне сәйкес ата-анасынсыз үйден тыс жерде жүргені үшін 19 жасөспірімге қатысты хаттама толтырылды.