Петропавлда мейбукан го-дзю-рю каратэ-до бойынша ашық біріншілік өз мәресіне жетті. Спорттық шараға облыс орталығындағы “Кудо”, “Кунгфу”, “Бусидо”, “Сакура” және аудандық “Санкт-Лоренц”, “Ирбис” және “Барыс” спорттық клубтарынан жүзден астам каратэші қатысты.
Жарысқа қатысуға ниет білдіргендер ката, кумите және кобудо бойынша сайысқа түсті. Спорттың осы түрін жетік меңгергендіктерін айқын аңғартқан “Бусидо” тобы командалық есепте топ жарды. Ал ІІ орынға “Сакура” командасы тұрақтаса, жүлделі ІІІ орынға “Ирбис” командасы табан тіреді. “Ең қысқа ұрыс” аталымында Мансұр Қайратов жеңіске жетсе, “Ең үздік айла-тәсіл” аталымына Эльдар Верховников, Илья Людвиг, Василий Сенин, Александр Алиев және Азиз Рустамов лайық деп танылды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.