«Soltüstık Qazaqstan» облыстық газеті – халқымыздың ұлы перзенттері еңбек етіп, асқақ рухы дарыған қасиетті қарашаңырақ. Сондықтан да болар, мен 1981 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған соң Петропавл қаласына жолдамамен келіп, сол кезде «Ленин туы» атауымен жарық көріп тұрған басылым редакциясының табалдырығынан жүрегім лүпілдеп, имене аттадым.
«Газеттің негізін қалаған Алаш арыстарының алға қойған мақсаты қандай еді?» деген сауал төңірегінде ойлансақ, Мағжан Жұмабаевтың «Кедей сөзінде» жарияланған «Автономия кімдікі?» мақаласы көп жайдан хабар береді. «Бостандық – елдікі! Автономия – елдікі!.. Айлы, күнді, қанды, отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар, басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі», – деп толғанған ұлы ақынның азаттық туралы асыл арманы, асқар мұраты арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан орнату идеясымен астасып жатыр. Ал газет қызметкерлері әрдайым әділдік пен теңдікті ту етіп ұстанып, халқымыздың іргелі ел болуы жолында қалтқысыз қызмет етуді өздерінің басты парызы санап келеді.
Алаш арыстарының ізін басқан кейінгі буын өкілдері кеңес өкіметі тұсында ана тіліміз бен ата салт-дәстүрлерімізді дәріптеуге мүмкіндігінше көңіл бөлді. Алайда «қызыл империяның» мүддесін көздеген коммунистік билік ұлы Мағжанның өшпес рухы сезілген қазақшыл басылымның шаңырағын 1963 жылы жауып тынды. Бұл тың өлкесін Ресейге қосу туралы арам ойын ашық айтқан Кеңес одағының сол кездегі бірінші басшысы Никита Хрущевтің тұсы еді. Аса көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің басын бәйгеге тіккен қаһармандығының арқасында қазақ жерінің тұтастығы сақталып қалды. Сондықтан да газетіміздің 1966 жылы қайтадан ашылуын, ең алдымен, халқымыздың біртуар батыр перзенті – Жұмабек Тәшеновтің есімімен байланыстырып, есіл ердің өшпес рухы алдында тағзым етеміз.
Қызметін кедейлердің сөзін сөйлеуден бастап, барша халықтың сөзін сөйлеуге көшкен басылым қай кезде болсын Қызылжар жұртының рухани көшбасшысы миссиясын атқарып келеді. Газет тігінділерінің сарғайған беттерін парақтасақ, оларда қолтаңбалары қалған журналистер ұдайы күнделікті өмірде туындаған көкейкесті тақырыптарға толғана қалам тартқанына куә боламыз. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы ауыртпашылықтар туралы шындықты бүкпесіз жаза отырып, газет өз оқырмандарын сол бір сын кезеңде салиқалылық пен төзімділік танытуға, басталып жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға белсене атсалысуға, келер күнге үмітпен қарауға үндеді. Сол уақытта елдегі демократиялық өзгерістерді пайдаланып, қос азаматтық, қос мемлекеттік тіл мәселелерін көтеріп, қоғамдағы саяси жағдайды ушықтыруға тырысқан ат төбеліндей азғантай топтың арандатушылығына ермей, сабыр сақтауға шақырды. Басылымда «Туған тілдің туын жықпайық!» деген ұранды айдар ашылып, кеңес заманында Қызылжар өңірінде ерекше екпінмен жүргізілген ұлтсыздандыру саясатының ықпалымен ана тілінен безіне бастаған ағайынның ұлттық намысын оятатын ойлы мақалалар жарияланды. Қазақ тілінде мектептер мен балабақшалар ашу мәселесі жиі көтерілді. Газет журналистері мұнымен шектелмей, облыс орталығында тұратын қазақ отбасыларының үйлерін аралап, ата-аналарды мектепке баратын балаларын ана тілінде оқытуға үгіттеді. Бұл кейінгі толқын қаламгерлердің де ұлттық мүдде жолында бастарын бәйгеге тіккен Алаш арыстарының өсиетіне адалдығының айғағы болса керек.
Қызылжар өңірі зиялы қауымының биік те беделді мінберіне айналған басылым беттерінде жарияланған ел мен жер тағдыры, ана тіліміз бен ата салт-дәстүріміз, асыл дініміз жайлы мақалалар жаңа заман талабына сай қоғамдық пікірді қалыптастаруға зор ықпал етті. Бұл облысымыздың білім беру, мәдени- рухани салаларында айтарлықтай өзгерістер жасалуына септігін тигізді. Петропавл қаласы мен барлық ауданда қазақ мектептері мен балабақшалары бірінен соң бірі ашылды. Қазақ сазды-драма театры құрылып, оған әйгілі жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың есімі берілді. Барлық аудан мен облыс орталығында дербес қазақ газеттері шығарыла бастады.
Бүгінде біз бір кездегі басшыларымыз, тәлімгерлеріміз және сыйлы әріптестеріміз болған Уәп Рахымжанов, Бақыт Мұстафин, Мұхамедқали Нұрғожин, Рәшид Бәдірленов, Серік Хасенов, Ожан Қали, Мәлік Мұқанов, Амандық Жантеміров, Әскер Әбілқайыров, Әмір Қожахметов, Мереке Тұралин, Тоқтар Зікірин, Амандық Әбжанов, Зейнолла Әкімжанов, Қайырбек Баймұқанов, Жоламан Шаханов, Қошқарбай Жұматаев, Ербол Шаймерденов, Құрман Рамазанов, Роза Молдақова және басқаларды үлкен құрметпен еске алып жүреміз. Өз басым журналистік еңбек жолымда алғашқы тәлімгерлерім болған редакцияның сол кездегі мәдениет бөлімінің меңгерушісі, белгілі ақын Болат Қожахметов пен өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Мұрат Нұрмұқанов ағаларыма ерекше ризамын.
Газеттің бертінгі бас редакторларының ішінде Жарасбай Сүлейменовтің жөні бөлек. Ол – қатардағы тілшіден елге танымал көсемсөзші, жазушы, қоғам қайраткері деңгейіне көтеріле білген тұлға. Әлі есімде: Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясының бас редакторы болып тұрғанында оған облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметі ұсынылды. Алайда жалақысы бес еседей төмен болып шықты. Редакция қызметкерлері де мардымсыз жалақы алып, қиналып жүрген уақыт еді. Шығармашылық ұжымға өзіндік баспана да бұйырмай, әртүрлі ұйымдардың босағасын паналауына тура келген. Соған қарамастан Жарасбай Қабдоллаұлы бір кезде өзі қызмет істеген қарашаңыраққа жаны ашып, оны басқаруға келісімін берді. Ақыры бірер жылдың ішінде барлық проблеманы ойдағыдай шешті. Газет қызметкерлерінің жалақысын бірнеше есе көбейттірді, редакцияға жеке де жайлы баспана алып берді. Редакцияның шығармашылық кадрлары да шау тартып қалған еді. Сондықтан жергілікті университетті бітірген бір топ жас журналисті қызметке алып, газетке тың леп, соны серпін берді. Нәтижесінде басылымның тартымдылығы артып, таралымы екі еседей ұлғайып, өз тарихында тұңғыш рет 10 мың данадан асты. Осының бәрі – Жарасбай Қабдоллаұлының қасиетті қарашаңыраққа сіңірген ерен еңбегінің, ұйымдастырушылық дарынының, қоғамдағы зор беделінің айғағы. Мұны өз өмірінде жасаған рухани ерлігі десек те, асыра айтқандық болмас.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Жарасбай Сүлейменовтің орнын басқан шәкірттері қазіргі күрделі уақытта газет деңгейін түсірмей, таралымын кемітпей келе жатқаны – сүйінішті жайт. Ұлы Мағжан бастаған көрнекті қаламгерлер Отанында сөз өнерін бағалайтын жұрт, зиялы қауым барда басқаша болуға да тиіс емес.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі, «Қызылжар – Ақпарат» ЖШС-ның 2007-2016 жылдардағы директоры.