27 шілде күні футболдан Бірінші лига командалары арасында екінші айналым ойындары басталды. “Qyzyljаr” командасы сырт алаңда алматылық “Қайрат-Жастар” клубымен кездесті.
Ойынның бірінші бөлігінде алаң иелері есеп ашты. Екінші таймда жерлестеріміз шабуылын үдете түскенімен, қарсылас команданың футболшылары қақпамыздан екінші рет саңылау таба білді. Есеп – 0:2. Осылайша, жерлестеріміз жеңіліс тауып, турнир кестесінде бір саты төмен сырғыды. Бүгінгі таңда қоржынында 28 ұпайы бар петропавлдықтар үшінші орында тұр. 35 ұпайы бар “Алтай” көш басында болса, одан бес ұпай кем жинаған “Каспий” командасы екінші келеді.
Он бесінші тур ойындары 2-4 тамыз күндері өтеді. Жерлестеріміз өз алаңында Оралдың “Ақжайық” футбол клубын қабылдайды.