«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кемел келешекке — нық қадам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласын асқан қызығушылықпен оқып шықтым. Елбасы келешектің адамы қандай болуы тиіс, адамзат осы аумалы-төкпелі заманда өз бейнесін жоғалтып алмай, сана-сезімін таза сақтауы үшін не істеуі қажет деген күрделі сұрақтарға жауап бере отырып, баршамызды Отанымызды, туған жерімізді сүюге шақырады.

Бүгінде әлем озық технологиялардың көмегімен қарқынды дамып келеді. Біз заманауи білім беру және мәдениет кеңістігіне ендік. Ендігі міндет – мәдениетімізді, өзіміздің ұлттық кодымызды сақтап қалу. “Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әр қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын”, – деп атап көрсетті Елбасы.

Қоғамдық сананы жаңғыртуда Мемлекет басшысы білім беруге баса назар аударып отыр. Бұл – өте орынды талап. Қоғамдық сананы түпкілікті өзгерту білім берудің жаңа түр-тәсілін ойлап табуды талап етеді емес пе? Ондағы басты мақсат – адамның өз болмысының тереңдігімен, оның гуманитарлық мәдениетімен үйлескен жоғары кәсіптік біліктілікке ие жеке тұлға қалыптастыру. Біз оқушыны тек бір мамандыққа даярлап қоймай, оның бойына азаматтық қасиеттерді сіңірген, әлеуметтік қарым-қатынастың жаңа формаларын игерген, өзгермелі әлемде өмір сүре алатын, бәсекеге қабілетті жеке тұлға болып қалыптасуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет.

Облыс орталығындағы №4 орта мектеп осы қағидаға берік деп айта аламын. Өйткені, біздің ұжым кез келген баланы білім нәрімен сусындатып қоймай, олардың тәрбиесіне де айрықша мән береді. Осы ретте мектебімізде тәрбиелік мәні бар түрлі сынып сағаттары мен іс-шаралар өткізіліп тұратынын айта кеткен жөн. Оқушылар жазғы демалысқа шықты. Осы уақытқа олардың әрқайсысына нақты тапсырма берілді. Өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосқан небір азаматтардың есімін біле бермейміз. Сондықтан әрқайсысы өзіне берілген бір азаматты зерттеп, атқарған ерен еңбегі мен ұмытылмас істері жайлы реферат жазып әкелулері тиіс. Ал жаңа оқу жылында осы жұмыстардың барлығы бір жерге топтастырылып, жинақ болып шығады. Сонымен қатар оқушыларымыз әрқашан ардагерлерге қол ұшын беріп, қайырымдылық акцияларын өткізіп тұрады. Мысалы, үстіміздегі жылдың наурыз айында мектебіміздің барлық оқушылары өз қолдарымен жасаған қолөнер заттарын, үйден әзірлеп келген тағамдарын мектеп ауласында сатып, жиналған қаржыны сәбилер үйіне апарып берді. Ал 1 мамыр күні өткізілген осындай шарадан жиналған ақшаны олар тасқын судан зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде ұсынды. Оқушыларымыздың адамгершілік қасиеттерін көрген кезде көңіліміз толқып, қуанамыз.

Елбасымыздың білімнің салтанат құруына байланысты айтылған сөздерінің мәні терең. Біз оның білім мен білім беруді бәрінен биік қоюға қатысты ойларымен толық келісеміз. Мемлекет басшысы: “Өзіміздікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық”, – деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі”, – деп атап өтті. Латын әліпбиіне көшу, әлемдегі өзге тілде жазылған ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау – қоғамдық сананы жаңғыртудың бірден-бір жолы.

Біздің мектеп те біртіндеп осы міндеттерді орындауға көшуде. Бүгінгі күнге дейін ұжымда қызмет ететін сегіз мұғалім “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалының Петропавл қаласындағы педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институты курстарынан өтті. Жаңа 2017-2018 оқу жылына дейін жоғары сыныпқа сабақ беретін мұғалімдердің тағы бірқатары даярлық курстарынан өтпек.

Біздің мектепті “Алтын белгімен” тамамдаған үздік түлектеріміз бүгінгі күні шетелдер мен еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуда. Жоғары сынып оқушыларымен қоса, бастауыш сыныптың өрендері де мектебіміздің намысын түрлі халықаралық байқауларда қорғап жүр. Оларға бұл үшін халықаралық байланыс тілдерін меңгергендері септігін тигізетіні сөзсіз.

Бүгінгі таңда мектебіміздің бірінші сынып оқушылары толықтай жаңа бағдарлама бойынша білім алуда. Олардың екінші сыныпқа арналған оқу бағдарламасын облыс мұғалімдерінен құралған шығармашыл ұстаздар тобы ойластыруда. Топтың құрамында біздің де мұғалімдеріміз бар. Ал жаңа оқу жылынан бастап 5,7-сыныптарда – тарих, 8-сыныпта биология, химия, информатика және физика пәндері үш тілде оқытыла бастайды. Мемлекеттен бөлінген қаржы есебінен оқушылар барлық қажетті оқулықтармен қамтамасыз етіледі, шілде-тамыз айларында кітаптар бізге жеткізілуі тиіс.

Біз, білім саласы қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында көрсетілген “Үш тілде білім беру”, “Туған жер”, “Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары”, “Қазақсандағы 100 жаңа есім” бағдарламалары біздің жұмысымыздың нақты бағыттары екенін атап өткіміз келеді. Бұл халқымыздың өткенін, бүгінін және болашағының көкжиегін тоғыстырушы тұғырнама екені сөзсіз. Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың алты негізгі бағыты – ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігі, прагматизм, ұлттың бірегейлігін сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы – Қазақстанның рухани саласындағы реформаторлық жаңашылдықтар.

Рухани құндылықтар кез келген халықтың дамуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан технологиялар мен инновацияларға, экономиканың жаңа салаларын, заманауи инфрақұрылым құрылысын дамытуға басымдық бере отырып, қоғамдық сананың өнегелік негіздерін сақтау мен дамытуды ұмытпауға тиіспіз.

Ғафура БӨСТЕКОВА,

№4 орта мектептің директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp