Киікбай Айтуғанұлы (1748-1842ж.ж.) қазіргі Жамбыл ауданындағы Баян ауылының маңындағы қыстақта туған. Жас кезінде Самарқан медресесінде діни білім алған. Өз ауылында медресе ашып, жасы ұлғайған шағында бала оқытқан. Әкесі Айтуған, атасы Шама қазақ-жоңғар соғыстарына қатысып, батыр болған. 1770-71 жылдары Еділ қалмақтарынан қазақ жерлерін, сондай-ақ, ХVIII ғасырда Батыс Сібір жерлерін патша басқыншыларынан азат етуге қатысқан Киікбай шешеннің бізге Сексен, Есеней батырларға арнау өлеңдері, Тоқсан биге берген батасы жетті. “Ақылым – атам, білімім – бұрынғы бабам, бақытым – балам”, “Мен ит екен ғой десем”, “Зілқараның Киікбайдың сөзінен тосылуы” сияқты жастарға үлгі болатындай аз да болса мұралары сақталған. Соның бірі – “Қызыңды екі сатпа”.
Көкшетаулық зерттеуші Ғалым Мұсатайдың “Құнды қазына” атты кітабында Киікбайдың Кірбасқа айтқаны бар. Қартамбай баласына қыз айттырып, қалың малын түгел төлеп, таяуда келін түсіру қамымен жүргенде, қызды біреу алып қашқан. Қыздың әкесі Кірбас қалың малды қайтаруға бейіл емес екенін білген соң жігіт жағы төрелік айтар бидің көмегіне жүгінген. Жабай шешен Айтуған бидің 17 жастағы Киікбай деген ұлын дауға ерте барыпты. Қасен қазірет “Қолдан ризалықпен берілген мал қайтарылмайды. Ал екі жаққа да обал болмас үшін қалың малдың тең жарымы қайтарылсын”, – депті. Сонда Киікбай сөйлей жөнеліпті:
Көп екен ғой қазіреттің көргені,
Көргенінен тіленшідей тергені.
Алла атымен айтар деген
әділдік,
Зайғы болды жақсылардың
сенгені.
Зая болды оқу іздеп кезгені,
Мансұқ болды, білгені де,
сезгені.
Шариғатты белдемеден бір
басып,
Ғұламамыз өз құлқынын
көздеді.
Жаңағы айтқан билігі жөн сөз
бе еді,
Қасқа жолдан қия шауып
безгені.
Тура билік бере алмай қазірет,
Айқындалды мықтап нәжіс езгені, – дегенде, көпшілік ду күледі. Жұрт дау билігін Киікбай айтсын дегенде ол:
Әлімше сөйлеп көрейін.
Дау төресін берейін.
Төре әділ болмаса,
Қазіретше өлейін.
Уа, кешірімшіл, Кірбас,
Қартамбай құдаң еді сырлас.
Малын қайтару керек,
Өйтпесең даужанжал тынбас.
Сен аярлыққа бақпа,
Қызыңды екі сатпа.
Қойдан қасқыр тумас болар,
Сол әкеңнің әдетін сақта.
Уа, қапы соққан Қартамбай,
Қояды деп ойлама,
Қалың малды қайтармай.
Сен малыңды қайтарып
аласың,
Бұл даудан елге біттім деп
барасың.
Тарту-таралғың қайтпайды,
Ашып айтайын бұл арасын.
Қыз құнына жатпайды олар,
Ол кезіндегі жарасым.
Осы айтқан тоқтамға,
Қайсыңның бар таласың? – деп дау билігін айтқан Киікбайға жиналған жұрт риза болып, “би” деп атап кеткен екен. Оның шешендік сөздері де бір төбе. Бірде астына арық байтал мінген Киікбай шешен көше бойлап келе жатады. Оны жақтырмай, ыңғайы келсе, мұқатпақ болып жүрген біреу етегін желпілдетіп, бұрылыстан атып шыға келеді. Байтал үркіп жалт береді. Аңдаусызда Киікбай атынан мұрттай ұшады. Жаңағы кісі аяқ астынан алтын тапқандай қуанғанынан қарқ-қарқ күледі. Бетін бұта жырып, үсті шаң-шаң болған Киікбай бәз қалпын бұзбай:
– Менің байталым иттен ғана үркуші еді, мен ит екен ғой десем, сен екенсің ғой, – депті. Ана кісі не дерін білмей, тілі күрмеліп, бір қызарып, бір бозарып тұрып қалыпты.
Жергілікті қаламгер, ардагер ұстаз Қайролла Мұқановтың тарихи тұлғалар жайлы жазбалары аз емес. Ол “Киікбай мен Тоқсан” туралы зерттеуінде Киікбай Тоқсанның әділ, өткір би болатынын жас кезінен-ақ болжағанын және оған үлкен үміт артқанын жазған. Тоқсанның жас кезінен-ақ билікпен атағы шыға бастайды. Сондықтан ол сонау Семейге үш жүздің тәуірлері бас қосқан жесір дауына шақырылады. Ұлы жиында ақсақалдар мен жақсылардың, атақты билердің тойында бірінші рет сынға түскелі тұрған жас Тоқсан Киікбай атасынан ақыл сұрауға әрі бата алуға келеді. Аттарынан түскен Тоқсан мен жолдасы Киікбайға сәлем беріп, келген шаруасын айтқанда Киікбай:
Кедейлік пен кәрілік
Адамның жөнін басқалар
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Бұл бір күнім тоқталған
Үй артына жау келді
Сұр жебесі оқталған.
Жалғыз жігіт би болмас,
Жалғыз ағаш үй болмас
Шын жүректе күй болмас.
Қас жақсының белгісі
Жауға түссе күйзелмес.
Ардақты атаң, Қара би
Үш жүзге мәлім дара би
Күміс көмей, жез таңдай
Қаусырып тұрған жағы би
Сарабында үш жүздің
Аруағы қонып атаңның
Сен болғайсың сана би, – деп толғапты да, сәл бөгеліп барып, әрі қарай былай деп жалғастырыпты:
Жолбарысша бақырма,
Бұрқылдама бураша
Айғырша арқырама
Қошқарша пысылдама
Текеше бақылдама
Айтқан сөзің құрған қақпандай
болсын,
Суықтығың ақпандай болсын.
Қанды ауызға түскеннің қанын
шығар.
Әділетсіздің жанын шығар.
Күле сөйлеп күңіренбе
Сөзің заяға кетер.
Зейінділікпен санасына жетер.
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Осыны бір есіңе ал.
Үш жүздің дауы бар.
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Мынау тұрған біздің үй
Айтам саған жай мен күй
Өзім кәрі, бала жас.
Дәулет біткен болар мас.
Қайтарыңда келе кет,
Атаңа сауға бере кет, – деп батасын беріпті. Тоқсан би Семейден ұлы жиындағы дауда саңлақтарды сүріндіріп, сөзден тоқтатып төбе билікке ие болып, жүйрік атанып, олжалы болып, ай жүріп оралар жолда Киікбай атасының ауылына соғады. Ол жай келмейді, қарт атасына арнап соғымына бір бесті ат, бір құнан қой, бір қырмызы шапан әкеледі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей Тоқсан би өзіне жасында бата берген Киікбай атасын да өмір бойы сыйлап өткен. Кәрілік жеңіп, биліктен босаған бір жылы қыс қатты болып, Киікбайдың тебіндегі төрт-бес жылқысы тайлы-тұяғымен қырылып қалады. Берекесіз баласына және кәрілігіне күйініп отырғанда, Тоқсан би шау тартқан шешеннің үйіне ат басын тіреп, көңіл айтады. Сонда Киікбай:
Ау, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Бұл бір кезім тоқталған.
Үй артынан жау келді,
Сұр жебесін оқтаған.
Тұлпар атым сүрінді
Саз кешетін қапталдан.
Қайрат қашты жігіттен
“Батырмын” деп мақтанған.
Қараөзек шақтың көжесі
Қарында емес, қуықта.
Қара торсық жерде емес,
Ілулі тұр уықта.
Болған соң солай, Тоқсанжан,
Мақтанайын несіне,
Жан алатын Әзірейіл
Алыста емес, жуықта, – депті.
Сонда Тоқсан би:
Уа, Киеке!
Арман қылма малыңды,
Сәламат қылсын жаныңды
Естіген соң хабарды
Біле келдім халіңді.
Елің аман, жұртың тыныш,
Халқың білер жайыңды.
Ажалсыз ешкім болмайды,
Ажалдан ешкім қалмайды.
Дүние-малды уайымдап
Суытпа, шешен, бойыңды, – деп жауап береді де, “Би атам қымыз ішсін” деп екі құлынды биесін әкеп қарт шешеннің желісіне байлапты. Сол екі биеден екі үйір жылқы өсіп, Киікбай би дүниеден өткенде, оған ас беруге молынан жеткен екен деген аңыз бар. Киікбай шешен Шал ақын, Тұрсынбай батырдың баласы Кешубаймен құрдас. Үшеуі Баян ауылындағы Бесмая жайлауында соңғы кездесуінде бір-біріне өлең арнап, қоштасқан екен.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.