Облыс орталығындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік театрландырылған шара өтті.
Болашақ ұрпақтың, курсанттар мен сарбаздардың өз еліне, жеріне, туына, халқына деген патриоттық сезімін оятатын шараға 3-ші оқу батальонының 5 және 6-оқу роталарының 4-курс курсанттары белсене қатысты. Олар туған жерімізді жауға бермей, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған Абылай хан, Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би сынды тарихи тұлғалардың рөлдерін сомдады. Театрландырылған шағын көрініс көрермендердің рухтарын көтерді.
Қойылымның соңында сөз алған Әскери институттың бастығы, полковник Жұмабек Ахметов курсанттардың әртістік өнерін жоғары бағалап, көрініске қатысқан жастарға алғысын білдірді.
Гүлшан ИБРАГИМОВА,
Әскери институттың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бөлімінің аға офицері, лейтенант.