«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІНДІК ШЕШЕҢІЗ КІМ?

Қазақ халқы ежелден кіндік шешенің бала өмірінде өзіндік орны бар деп есептеген. Сондықтан оны туған анасынан кейінгі орынға қойып, қадір тұтқан. Қазір осы дәстүрден жаңылып қалғандаймыз, сәбидің әке-шешесі қалаған адамын кіндік шеше атандырып жүр. Жалпы кіндік шеше дегеніміз кім? Міндеті кіндік баласының туған күніне сыйлық әкеліп, алтын сырға тағып кетумен шектеле ме?

Кіндік шешенің міндеті қандай?

Дүниеге жаңа келген сәбидің кіндігін кесуді өз алдына дәстүрге айналдырудың астарында ұлттың ұлағаты жатса керек. Алдымен бала дүниеге келісімен дауысы шығуы үшін құйрықтан шарт еткізіп ұрып, кіндігін кеседі. Кейін таза жіппен байлап, түбіне күл себеді. Қазақ тіліндегі «кіндік кескен жер», «кіндік қаны тамған жер» деген қадірлі, қасиетті сөздер осы дәстүрге байланысты айтылады.

Дүниеге шыр етіп келген сәбиді көтеріп алып анасының құшағына беретін де осы – кіндік шеше. Кіндік шеше босанған әйелге қалжа әкеледі. Тіпті «жарысқазан» (үйдің үлкендері келін толғатқанда жарыстыра қазан асып, толғақты жеңілдеткен) кезінде ол да қазан қайнатып, қонаққа арналып жайылған дастарқанның бір бөлігін өзі көтерген. Ал баланың әке-шешесі өз кезегінде оған қалаған сый-сияпатын береді. Мұнымен қатар бала да есейген соң жақсылығын ескеріп, оған «кіндіккесер» ұстатады. Туған ата-анасынан кем көрмей, өмір бойы сыйлап өтеді. Көп ұзамай кіндік шеше де, кіндік әке де сәбидің отбасының ажырамас бөлігіне айналады.

Халқымызда кіндік шешеге әйел босанған кезде қасында болу, кейін ана мен сәбиге күтім жасау деген секілді біршама міндет жүктелген. Кіндік шеше «апта толғақ», «ай толғақ» деп әйелдің босанатын уақытын есептеп, ол босанғанға дейін үй шаруасына да көмектескен. Мұнымен қатар нәресте қырқынан шыққанға дейін киетін көйлек тігіп алып келген. Бала ержетіп, ел қатарына қосылғанша өз назарынан тыс қалдырмай, әрдайым қамқор болған.

Кіндіктің қасиеті

Этнограф-ғалым, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың айтуынша, ертеректе ұл баланың жолдасын алты қырға асырған, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Ақжаулықты әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы. Ал қыз баланың жолдасы да, кіндігі де оттың басына көмілетін болған. Олай болатыны, қыз – қай жерге бармасын, қазан-ошақ ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр.

Кіндікті кім кеседі?

Ықылым заманнан баланың кіндігін екінің біріне кестірмеген. Кіндікті киелі санаған үлкендер кімнің кіндік шеше болатынына ерекше мән беріп, ел ішінде сыйлы, өз балаларын аяғынан нық тұрғызып, жақсы тәрбие берген дана, қамқоршы әйелдерді таңдаған. Жас келін түскен әулеттегі әйелдерді терең танып-білмейтіндіктен әрі халық «сәбидің мінезі кіндік шешесіне тартады» деп сенгендіктен, баланың кіндік шешесін көпті көрген әжесі таңдап берген.

Шетелдік ғалымдар шыр етіп жарық дүниеге келген баланың жалаңаш тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кескен адамның бойындағы биоөріс (мінездер мен қасиеттер) сәбиге автоматты түрде берілетінін дәлелдепті.

Талғам мен таңдау

Кіндік шеше ұғымын зерттеу барысында көпті көрген ақ жаулықты әжелерімізбен әңгімелесуді жөн көрдік.

– Ертеректе қазақ ауылдарында дәрігер болған жоқ. Сол себепті жүкті келіндер өз үйінде жеңілденді. Көп жағдайда әйелді ауылдың көпті көрген бәйбішелері босандырған. Ондағы себеп, сәби өмірге келген кезде, ең алдымен, жақсы адамды көрсін деген ниеттен туса керек. Сол себепті, халқымыз кіндік шешеге ерекше мән берген. Қазіргі жағдайда дүниеге келген нәресте алдымен акушерді көреді. Асылында, кіндік шеше – өте жауапты миссияны атқаратын адам. Өйткені ол сәбидің кіндігін байлау арқылы, оның тіршілігіне жауап береді, – дейді зейнеткер Ғалия Мәтенқызы.

Біз әңгімеге тартқан көпбалалы ананың ойы да ақ жаулықты әжелеріміздің пікірімен қатарлас өрбіді.

– Қазір біз кіндік шеше ұғымына жеңіл қарап жүрміз. Асылында, кіндік шеше көпті көрген, балалы-шағалы болуы керек. Екіншіден, сәбидің кіндігін кескен адам ғана кіндік шеше болып қала береді, – дейді көпбалалы ана Мақпал Елеусізова.

«Жақсы сыйлық әкелер»

Психолог Гүлмира Сапарқызы кіндік шешенің бала өміріндегі рөлі айтарлықтай зор екенін айтады. Себебі кей жағдайда бала ата-анасы бере алмаған жылуды осы кіндік шешесінен алып жатады.

– Кіндік шешенің бала өмірінде атқаратын рөлі ерекше. Кейбір отбасыларда бірінші орында сәбидің өз ата- анасы, екінші орында кіндік шешесі тұрады. Қазақ халқы ертеде кіндік шешеге үлкен талап қойып, тілек білдірген. Байлығына емес, рухани мәдениеттілігіне, табиғи шынайылығына, қара қылды қақ жаратын әділ болуына назар аударған. Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда кіндік шеше атану дәстүрінің мазмұны сәл өзгерді. Бұл көбінесе «кіндік ақы» төлерде отбасылардың сый-сияпатты молынан беруге тырысатынымен байланысты, – дейді психолог Гүлмира Сапарқызы.

Иә, қазір кіндік шешені есеппен таңдайтын ата-аналар көбейіп келеді. Бірі «қызметте өсуіме септесер» деп бастығына немесе бастығының өмірде бір рет те көрмеген әйеліне қолқа салса, енді бірі «жақсы сыйлық әкелер» деген пендешілікпен ет жақындығы болмаса да, ел алдында жүрген жақсыларды таңдап жатады. «Шарапаты тиер» деп биліктегі алыс ағайынын адам салып көндіретіндер де жоқ емес.

Кіндікті тек дәрігер кеседі

Қазіргі таңда өмірге келген сәбидің кіндігін кесу мамандардың меншігіндегі іс болғандықтан, осы міндетті нағыз акушерлер атқаратыны ақиқат.

Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжная қазіргі медицинаның жүкті әйелге босану залына серіктес алып кіруге жол ашқанын айтады.

– Әрине, сәбидің өмірге келуі табиғи, биологиялық, физиологиялық тұрғыдан алғанда да оңай процесс емес. Денсаулық саласындағы нормативтік- құқықтық актілерге сәйкес, жүкті әйелдің босануы кезінде серіктес болуға жақын туыстарының қатысуына рұқсат етіледі және олар босануға дайындық мектебінен толық өтеді. Жүкті әйелдің жұбайы, анасы, туған әпкесі оған серіктес бола алады. Әйтсе де біздің орталықтың тәжірибесінде босанған әйелдің туыстары тарапынан жаңа туған сәбидің кіндігін кесуге ниет білдірген жағдай болған жоқ. Жалпы медицина жағдайында сәбидің кіндігін тек акушер немесе дәрігер кеседі. Ал перзентхана қабырғасында түскен кіндікті және баланың жолдасын арнайы орынға тапсырамыз, – дейді ол.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

ТҮЙІН:

Жарық дүние есігін енді ашқан сәби, ең алдымен, кіндік шешені көреді. Сәбидің өмірге келгенін, оның ұл не қыз екенін айтып, анасына сүйіншілейтін де – кіндік шеше. Ұлының айбарлы, қызының ибалы болуын тілеген халқымыздың тіршілік-тынысымыздың түп қайнары болған кіндікті кесуге қатысты дәстүрін қайта жалғаудың маңызы зор. Өйт­кені қазақтың әр дәстүрі, жоралғысы тұнған философия, дәлелдеуді қажет етпейтін да­налықпен өрілген.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp