Қазақ халқы қашанда қыз баланы құрметтеп, оған ерекше ілтипатпен қараған. Себебі, бүгінгі қыз – ертеңгі келін, асыл жар, ұлт сабақтастығын жалғап тұрған аяулы ана.
“Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемдік тербетеді” деп дуалы ауыз тегін айтпаған болар. Үйдің берекесін келтіріп, жан жылуымен айналасын мейірім сезіміне бөлейтін де нақ осы нәзік жандар. Олай болса, олардың шалыс басып, қателесуіне жол беруге болмайды.
Отбасындағы қыз баланың тәрбиесімен анасы ғана емес, әжесі де айналысады. Бұл ықылым заманнан бері келе жатқан жазылмаған заңдылық болатынды. Бірақ қазір бәрі басқаша. Қыздарға қарап тұрсаң, таңғаласың, таңданасың. Бұрынғы қос бұрымнан түк те қалмаған сияқты. Шашты ұлдар сияқты шолтитып қиып тастау сән бе екен? Әйтеуір, он бестегі бойжеткен де, елуді еңсерген әйелдер де мойындарын қылтитып, басындағы бір уыс шашына әрең дегенде ие болады. Бұрындары самайын ақ шалғанды әжелерден ғана көруші едік. Ол дегеніміз, кәріліктің белгісі емес пе? Ал қазір жап-жас қыздардың өзі қара шаштарына ақ, сары, одан қалды көк түсті бояу жағып алатын болыпты. Бұл не сонда: жастарымыздың уақытынан бұрын кәрілікке аяқ басқандары ма?
Бұрынғы қос етек көйлектің де ауылы алыстағалы қашан? Қазір қысқа көйлек сән. Етегі бір елі ғана көйлек киген қыздарға кейде қарауға өзің ұяласың. Мұның барлығы – шетелден сығалап келген салт. Қазір ол есігімізден еніп, төрімізге шығуға сәл-ақ қалғандай. Енді осылай үндемей жүре берсек, болашақта қыздарымыз көйлек дегенді мүлдем ұмытып, енді салт атқа мінердей шалбарланып алатын шығар деп ойлаймын.
Әрине, көпке күйе жағудан аулақпын. Мінезі де сыпайы, өзі де көркем қазақ қыздары бар. Бірақ кейбір кезде олар сәнді қуып, мәнсіз дүниелердің жетегінде кеткен бойжеткендердің көлеңкесінде қалып қояды. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін тәрбиеге көп көңіл бөлу керек. Қыздарды еркіне жіберіп, “өзің біл” деп өсіруге болмайды. Оның соңы жақсылық емес. Әрбір қыз бала алдымен өзінің болашағын ойлауы керек. Арын тұмарындай сақтап, ата-анасына ұят әкелмеу жағын ойлағаны жөн.
Оң жақта отырып бала туу, оны тастап кету дегендей сұмдық сорақылықты бұрын шетелдің киноларынан ғана көріп, жағамызды ұстаушы едік. Қазір оның шеті бізге де жетті. Бұл да жақсылық емес. Осының барлығы – тәрбиеден кеткен осалдықтың нәтижесі. Онымен қоғам болып күреспесек болмайды. Осының алдында шыққан “Ұлпанның” кезекті қосымшасында әжелер клубы, келіндер мектебі керек дегендей ұсыныстарды мен де құптаймын. Бұл бүгінгі қоғамға қажет. Жаңа еккен талды дұрыстап қарамаса, суын құйып, баптамаса, күні ертең ол қисық ағаш болып өсіп шыға келеді емес пе? Міне, бүгінгі өз еркім өзімде деп жүрген қыздарымыздың ертеңгі күні осындай болмаса игі. Кісіліктің белгісі – кішіпейілділікте. Бір-бірімізге мейіріммен қарап, қатеміз болса түзетіп, көркем мінез қыздарымыздың қатарын қалыңдатып алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Жанкүміс БИТЕМІРҚЫЗЫ.
Аққайың ауданы.