Әлемнің көптеген елдерінде кітап күнін атап өту дәстүрге айналған. Өркениет биігіне ұмтылған озық ойлы ұлттар әлдеқашан кітап оқудың пайдасын ұғынып, жастардың бойындағы әдебиетке деген ықыласын оятуға ден қойған. Елімізде де қоғам белсенділерінің осындай мереке жариялау идеясын көтеріп жүргендеріне көп болды. Бұл ұсыныс қолдау тауып, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде кітап мерекесі пайда болатынын хабарлады.
Аталған жиында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр», – деген Президент елде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар ашу, онда оқу, шығармашылықпен еркін айналысуға жағдай жасау, жастардың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты бастамалар көтерді.
Президент атап өткендей, кітапхана – ұлттың рухани жадының сақтаушысы. Онда тарихымызға қатысты құнды материалдар жинақталған. Сондықтан да балалар мен ересектер ғаламтордағы мәнсіз контенттің тұтынушысына айналмай, кітап оқуы керек. Біз шын мәнінде оқитын, интеллектуалды ұлт боламыз десек, бұл жолдың басында кітап тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Биыл бірінші рет кітапхана қызметкерлері Ұлттық кітап күнін атап өтіп жатыр. Өңірдегі 300-ден астам кітапхананың әдістемелік орталығы саналатын С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада мерекені атап өту мерзімінен бір апта бұрын басталып, аудандардан жиналған сала мамандары салтанатты жиында бас қосты. Шараға келгендер облыстық кітапхананың бөлімдерін аралап, ондағы жаңашылдықтармен танысты. Ал оқырмандар кітап көрмесін тамашалап, жаңа әдебиеттердің арасынан өзіне керегін тауып жатты. Жиында мамандар кітап оқуды кеңінен насихаттау жайын талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды. Ұлттық кітап күніне арналған шаралар облысымыздың өзге аудандарында да жалғасын таппақ. Аудандық, ауылдық кітапханаларда түрлі басқосулар, кештер ұйымдастырылып, мереке бұқаралық сипатқа ие болады.
Аталған күннің мән-маңызы туралы Мемлекет басшысы: «Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», – деді.
Мереке мазмұнды өтуі үшін әдебиет тарихында елеулі із қалдырған есімдерді де ұмытпаған ләзім. Биыл мерейтойы аталып өтілетін Шоқан Уәлиханов, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Ебіней Бөкетов сынды алыптарды ардақтай алсақ, Ұлттық кітап күнінің мәні арта түседі. Біз де өз кезегімізде ақын- жазушылардың шығармаларын дәріптеп, түрлі шаралар өткіземіз.
Бүгінде елімізде кітап нарығы қалыптасып, толымды туындыларды басып шығару ісі қарқын алып келеді. Оқырманның талғамы жоғарылап, сұранысы арта түсуде. Осы үрдістен кітапханалар де шет қалмай, оқырманның үдесінен шығып, сапалы дүние ұсынып, жастарды оқуға бейімдеуі керек. Қазіргі кітапханалар тек көркем әдебиет жаздырып алатын орын емес, ғылым-біліммен, шығармашылықпен айналысатын рухани, ғылыми ордаға айналып келеді. Рухани орында жастар мен оқырмандар бас қосып, ой жарыстырып, идеяларын ортаға салып, ізденіске жол ашылып жатса, бұл бағыттағы жұмыстардың өз жемісін бергені. Алдағы жылдары Ұлттық кітап күні ел болып атап өтетін айтулы мерекеге айналып, оқырмандар қатары арта берер деп сенеміз.
Назира НҰРТАСИНА,
аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.