Тері күйген кезде дұрыс ем болмаса, жара асқынуы мүмкін. Осы ретте дәрігерлер күйікке жеңіл-желпі қарауға болмайтынын ескертеді. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының 77 жастағы тұрғыны моншаға түскенде пешке құлап, аяғын күйдіріп алған. Ер адам өздігінен емделмек болған. Алайда жарасы ушығып, ол ауруханаға түсті.
Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, ауыл тұрғыны тек сегіз күннен кейін ғана дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ауруханаға түскенде дене қызуы және жай-күйінің нашарлауы сияқты белгілер болған. Ер адамның сол жақ санының 3 пайызы күйіп, арты инфекцияланған жараға ұласқан. Дәрігерлер сырқаттың жарасына тиісті ем-дом жасады. Қазір ол стационарда емделіп жатыр, жағдайы жақсарды.
Дәрігерлер кішкентай күйік үлкен жараға айналмауы үшін қарапайым ережені есте ұстау қажеттігін ескертеді. Күйік орны дұрыс зарарсыздандырылған кезде оңай емделеді. Алайда өзін-өзі емдеген жағдайда асқынып кетуі әбден мүмкін.
Мамандардың айтуынша, күйік шалған кезде мұз басуға болмайды. Бұл жағдайда тіндер өліп, тамырлар тартылады. Жақпа май, крем немесе қаймақ жағуға болмайды. Олар диагностиканы ауырлатады, инфекция тудыруы мүмкін, дәрігерлерге жараны емдеуге кедергі келтіреді.
Күйген жерді таңғышпен де орауға болмайды. Ол жараның тез жазылуына кедергі келтіреді. Жабысқан киімді жұлуға болмайды. Күйіктің айналасындағы матаны ақырын кесіп алып, дәрігердің көмегіне жүгінген дұрыс. Күйік шалған кезде зақымданған жерді салқын (мұздай сумен емес) сумен 10-15 минут бойы шаю керек. Микроб түспеуі үшін таза, құрғақ жеңіл дәкемен жауып, дәрігерге көрінген жөн.