Елімізде өндірістік жарақаттардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатса да, оқыс оқиғалар орын алуда. Жуырда Петропавлдағы жылу-электр орталығының қазандық машинисі жұмыс барысында күйік шалып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
№3 қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің дәрігері Мейрам Оспановтың айтуынша, зардап шегуші емдеу мекемесіне 7 қаңтар күні кешкі сағат 9-да түскен.
– Науқас өндірістік жарақат алды. Кәсіпорындағы күлдің үстіне құлаған оның денесінің 80 пайызы күйіп қалған. Қазір ол интенсивті терапиядан өтуде, – деді дәрігер.
Жылу-электр орталығы бас инженерінің міндетін атқарушы Вадим Ягодин атап өткендей, жұмысшы қазандықтан күл шығару кезінде зардап шеккен. Қазіргі таңда “Севказэнерго” акционерлік қоғамының мамандары науқасқа қажетті дәрі-дәрмек сатып алу және қан тапсыру бойынша көмек көрсетуде.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Кайрат Пішенбаев атап өткендей, аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізілетін болады.
– Еңбек кодексінде көрсетілгендей, жұмысшының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнына құқығы бар. Сондай-ақ, ол өзі де еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, қағидалардың және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға тиіс. Олардың міндеттері мен құқықтарын айқындайтын құжат – еңбек шарты. Егер келеңсіздіктер орын алса, әр тарап аталмыш шартты негізге ала отырып өз құқығын қорғайды, – деді басқарма басшысы.
Өткен жылдың 11 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары облыстың 408 кәсіпорнын тексеріп, еңбек заңнамасын бұзудың 702 фактісін анықтаған. Кемшіліктердің дені еңбек қатынастарына, қауіпсіздік және еңбекті қорғауға қатысты болды. Нәтижесінде 179 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, оларға 26,9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.