«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРДІҢ КӨЗДЕГЕНІ – ӘРТАРАПТЫЛЫҚ

Тайынша ауданындағы Рощинское елді мекенінің тұрғыны Елена Владимировна өзінің тегімен аталатын “Богатырева Е.В.” жеке кәсіпкерлігінің қожайыны болғанымен, отбасылық кәсіптің тізгінін жұбайының қолына ұстатқан ол бизнесте қандай шешім қабылданса да келіседі. Сондықтан Мухмед-Башир Андреевич шаруашылық туралы әңгімесін тарқатқан кезде Елена Владимировна әйелге тән инабаттылықпен жұбайының сөздерін тыңдап қана отырды.

Богатыревтар отбасы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті егіншіліктен бастаған. Аталмыш елді мекеннің жер телімдерін ұзақ жылға жалға алған “Баско” компаниясы әкімшілігімен 1500 гектар егіс аумағын пайдалануға шарт жасап, кәсіпкерлігін дөңгелетіп келген. Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол, еті тірі, жігерлі отағасының жаңа іске қадам баспай қалуы мүмкін емес еді. Оның үстіне Мухмед-Башир Андреевичтің еңбекке жақындығын жақсы білетін бизнесмен жолдасы: “Мал ұстап, ырысыңды кеңейт”, – деген ақылын жиі қайталапты. Сондай-ақ, ол әңгіме барысында мал шаруашылығы саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың өзі кәсіпкерлікті кеңейтуге итермелейтінін жеткізді.  

– 2014 жылдың тамыз айында “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” арқылы бірінші траншпен 13 миллион теңге несие алып, оған симменталь тұқымды 70 бас ірі қара сатып алдым. Ісім сәтті басталғанын байқап, үш айдан соң екінші траншпен тағы 17 миллион теңгеге қол жеткіздім. Оған 90 бас ірі қара сатып алдым. Бағдарламаның мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейі көңілден шықты, – дейді Мухмед-Башир Богатырев.

Ауыл шаруашылығы оңай кәсіп емес. Бұл сала да жұмыстың жоспарлы әрекеттерін талап етеді. Мал шаруашылығының қыр-сырына қанық Мухмед-Башир Андреевичтің қорасында ірі қараның симменталь, герефорд, қырдың қызыл мен қазақтың ақбас сиырларынан тұқымдары бар. Бұл да ойластырылған шара. Болашақта малсақ жан солтүстіктің ауа райына бейімді, ет пен сүттің жоғары сапалық көрсеткіштеріне ие асылтұқымды мал фермасын қалыптастыруды көздейді. Ол жақсы салмақ қосатын симменталь мен сүті майлы қырдың қызыл сиырының қандарын араластырған кезде жақсы тұқым шығатынына сенімді. Бұл ойы биылғы бұзаулардан-ақ аңғарыла бастаған сыңайлы. Бүгінде “Богатырева Е.В.” жеке кәсіпкерлігінің қорасында жартылай төлдеген мал басы 250-ге жетіп, кәсіпкер отбасы сегіз жерлесін жұмыспен қамтып отыр.

Мал шаруашылығын дамытуды мақсат еткен Мухмед-Башир Андреевич егіншіліктің бағытын өзгертіп, биыл 1500 гектарға жемазықтық дақылдар, 800 гектарға шөп егіпті. Әңгіменің осы тұсында ол шаруашылықтың өзінікі деген жері жоқ екенін де алға тартты.

– Бүгінде аудандық әкімдікте ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне жер беру шарасы ойластырылуда. Содан өз үлесімізді аламыз деген үміттеміз. Елді мекеніміздің біраз жері бір кездері “Баско” ЖШС-нің еншілігіне өтіп кеткен, бүгінде өз жерімізді сол шаруашылықтан жалға аламыз. Тіпті, оның ескі қоралары орналасқан жерді де 2020 жылға дейін жалға құжаттап қойдық. Соған орай қора мәселесі оң шешілмек. Қабырғалары ғана қалған ескі қораларды жөндеп алсақ, таптырмайтын ғимарат болайын деп тұр. Жайылым мәселесі қиындық тудырады деп ойламаймын. Жер жеткілікті, – дейді кәсіпкер.

Ауылдың іргесіндегі ескі қоралар шаруашылыққа артық шығынға ұрынбаудың жолы болып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, жаңадан қора салу үшін оның жобалық сметасы мен сәулетінің өзі қалтаны қағады. Ал ғимарат ретінде құжаты бар қораны іске жаратса, ұтымды көрінеді.

Кәсіпкер бүгінде мемлекеттік бағдарлама бойынша үшінші траншпен несие алмақ. Бұл жолы 10 миллион теңгеге өтініш білдірген. Ондағы мақсат – қорасындағы ірі қараны 400 басқа жеткізіп, асылтұқымды мал өсіріп отырған шаруашылық мәртебесін алу. Оның ойы – мемлекет тарапынан асылтұқымды мал өсірушілерге берілетін демеу-қаржыға қол жеткізу және малды тірідей сату. Сонда маңдай термен өсірілген мал өзін ақтайды, дейді. Сондай-ақ, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың тетігін басып көріп, кәсібін әр салада дамытуды жоспарлап отыр. Мәселен, жақында “Құлан” бағдарламасына қатысуға ниет білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап шаруашылықты сүт бағытында дамытуды ойластыруда. Мал сою қосынын ашу ісі де кезек күтіп тұрған мәселе.

– Бұл саланы қолға алған соң кейін шегінуге болмайды. Малшыға 200 бас пен 1000 бас малды бағудың айырмасы жоқ. Ал шаруашылық әр ісімен табыстылығын арттырады. Кәсібің кеңіген сайын жерлестеріңе жұмыс орнын ашу мүмкіндігі пайда болады. Шығынның орны оңай толып, табыс тұрақталады. Оның үстіне мемлекеттік бағдарламалар да бізге жақсы мүмкіндік беріп отыр. Ісіміздің басында мал шаруашылығы егіншілікке қосымша бағыт ретінде қолға алынған еді, бүгінде ол негізгі жұмысымызға айнала бастады. Шаруашылығымыздағы кішкентай жетістік кәсібімізге үлкен серпін береді, – дейді Мухмед-Башир Богатырев.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp