Қалалық Мәдениет үйінде Қазақстан кәсіподақтары күніне орай бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев әлеуметтік серіктестікті дамытуда және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда белсенділік танытқан кәсіподақ өкілдеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етті.
Бүгінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделін арттыру және әр ұжымда қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етудің маңызы арта түсуде. Биыл Қазақстан кәсіподақтары күні Үкімет қаулысымен мерекелер тізіміне еніп, тұңғыш рет аталып өтті. “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бір кездері ұмытыла бастаған істі қайта жандандырып, еңбек адамының мүддесін қорғау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтсақ, кәсіподақтар орталығы елу мыңнан астам мүшесі бар білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, ауыл шаруашылығы, көлік, пошта байланысы салалық кәсіподақтары мен машина жасау, энергетика, темір жол кәсіподақ комитеттерінің жұмысын үйлестіреді. Бүгінгі таңда өңірімізде бір мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған. “Әрбір кәсіпорын жұмысшының өмірі мен денсаулығын сақтауға мүдделі болуы тиіс. Былтыр кәсіподақтар федерациясында “Қауіпсіз еңбек жылы” болып жарияланып, оның аясында біраз іс атқарылды. Федерация мен “Nur Otan” партиясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде жасаған меморандумы кәсіподақтар жұмысына серпін бергенін атап өту қажет. Бұл меморандум қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын бақылайтын құралға айналды”, – дей келе облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев осы істі алға сүйреп жүрген бір топ белсенді азаматты марапаттады. Еңбегі еленіп, қошеметке ие болғандардың қатарында 20 жыл бойы “Қазпошта” АҚ облыстық филиалы жанындағы бастауыш кәсіподақ ұйымын басқарып келе жатқан Береке Шөпенова да бар. Оның айтуына қарағанда, бүгінгі күні кәсіподаққа мүше әріптестерінің барлығына да мүмкіндігінше әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. “Көпбалалы, жалғызбасты аналарға және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған қызметкерлерімізге қол ұшын береміз. Бұл азаматтар 1-інші қыркүйек пен 25 мамыр күні еңбекақысы сақталатын демалысқа шығу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, ұжымда мерейлі жасқа келген азаматтарға, ардагерлерге түрлі деңгейде қаржылай қолдау көрсетіледі. Балаларға жыл сайын жазғы лагерьлерге тегін жолдама береміз”, – дейді Береке Шөпенова.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: салтанатты сәттен көрініс.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.