«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ

Өңіріміздің мәдени өмірінің өрістеуіне үлес қосып жүрген өнер ордасының бірі – С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры. Құрылғанына он бес жылдан асқан жас театр осы уақыттың ішінде бірқатар белестерді, айтулы асуларды бағындырды. Өнер ұжымының осындай жетістіктеріне актер Асылхан Рәзиевтің қосқан үлесі зор. Тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбек жас актердің өнер айдынында еркін жүзуіне мүмкіндік берді. Теңіздей терең ойға батыратын өнерді серік еткен онымен кездесіп, әңгімелескен едік.

– Асылхан Талғатұлы, кез келген халықтың ұлттық рухының темірқазығындай театр сахнасына қалай келдіңіз?

– Менің туған жерім Жамбыл ауданының Баян ауылында Әжімбай мен Бәжі деген екі үлкен әулет түтін түтетіп отыр. Мен Әжімбай әулетінің баласымын. Атам үйдің үлкені, қарашаңырақтың иесі болғандықтан, отбасы мүшелері менің есімімді тура атамай, “үлкен үйдің баласы” деп еркелететін. Осы қарапайым екі ауыз сөз мені үнемі жігерлендіріп, жауапкершіліктің жүгін артты. Содан да болар, “үлкен үйдің баласы” үлкен өнердің табалдырығынан аттады. Баян орта мектебінде білім алып, содан кейін Петропавлдағы өнер колледжінің “Актерлік шеберлік” бөліміне оқуға түстім. Оны үздік тамамдағаннан кейін Қырғызстан Республикасындағы Б.Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік өнер институтында оқыдым. Еңбек жолымды бастаған өнер ұжымында табан аудармай қызмет етіп жүргеніме тоғыз жылдан асып барады.

Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарым мерекелік концерттерді ұйымдастыруды маған сеніп тапсыратын. Адамның жанына, сезіміне әсер ететін поэзиялық шығармаларды нақышына келтіріп оқуға әуес болдым. Осындай мөлдір бұлақтың бастауындай талпыныстар мені теңіздей терең ойға жетелейтін театр әртісі болуға ынтызар етті. Әкем менің экономист болғанымды қалады, ал анам болашағымды ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығымен байланыстырды. Ол кезде мен іштей өз таңдауымды жасап қойған едім. Қалаға қарай бет алуға санаулы күндер қалғанда анам мені шақырып алып, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінде “Сахнаны сүйсеңіз…” деген тақырыппен жарияланған алақандай мақаланы көрсетті. Оқысам, Петропавл өнер колледжінің “Актерлік шеберлік” бөліміне оқуға қалай түсуге болатыны жайлы бүге-шігесіне дейін жазылыпты. Тіпті, колледждің мекенжайы, телефон нөмірлеріне дейін көзіме оттай басылды. Осылайша өңіріміздегі жалғыз қазақ басылымының арқасында мен театр өнеріне қадам бастым.

– Тоғыз жыл аз уақыт емес. Тоғыз жастағы бала да өмірінің бір белесін артта қалдырғандай әсерде болады ғой.

– Әлбетте, осы тоғыз жыл менің ізденіс пен жетістік жолындағы үлкен мектебім болды. Бұл уақыт ішінде көп дүниені көрдім, оқыдым, оқығандарымды көңілге тоқыдым. Көптеген рөлдерді сомдадым.

– Сөзіңіз аузыңызда. Рөл демекші, сіздің сахнада сан түрлі тағдыр иелерін сомдағаныңызды білеміз. Театрға барған кезде, тіпті, көрермендердің сізге деген ыстық ықыласын байқаймыз. Театр басшылығы тарапынан да өнер ордасының көшін алға жетелеуге үлес қосып жүргеніңіз үшін жылы сөздер айтылып жатады.

– Қай рөлді болсын бір-бірінен бөле-жара алмаймын. Маған бәрі бірдей секілді көрінеді. Оның бәрі толғаныспен келеді, әрқайсысының өзіндік орны бар. Осы күнге дейін сомдаған рөлдерімнің бірінен-бірін артық немесе кем деп санамаймын. Өйткені, олардың бәрі менің актер ретінде жетілуіме, шеберлігімді ұштауыма ықпал етті. Біреуінде қиналсам, екіншісінде қуандым. Ең алғаш 2009 жылы Халықаралық театр күні қарсаңында “Еңлік-Кебек” спектакліндегі Жапал рөлім үшін “Актерлік дебют” аталымында үздік атандым. Одан кейін алған “Жас дарын”, “Ең үздік ер бейнесі” аталымдарын да еңбегімнің жемісі деп білемін. Облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленуім және “Жыл актері” атануым маған үлкен сенім артып, одан әрі дамуыма жол ашты.

– Театрдың негізін қалаушылардың бірі – В.Немирович-Данченко: “Үш шындық бар. Олар: өмір, сахна және әлеуметтік шындық. Бұл үшеуі әр кез үйлесім табуы тиіс”, – деген екен. Бұл пікірге сіздің көзқарасыңыз қандай? Соңғы кездері театрға бармайтындардың саны көбеюде деп жүрміз. Оның себебін театр шындығының қарапайым өмірмен үйлесім таппауынан деп ойламайсыз ба?

– Сауалыңыз өте орынды. Бұл сұраққа “Иә” немесе “Жоқ” деп бірден кесіп жауап беруге болмас. Әрине, бүгінгі театрдың бәрі қазіргі өмір көріністерімен тығыз байланысты деп біржақты айтуға тағы болмайды. Көрерменге осыдан біраз жыл бұрын жазылған “Қыз Жі­бек” пен “Баян сұлу” немесе өзге де тарихи шығармалардың негізінде сахналанған спектакльдердің мазмұны аян. Алайда, олар үшін ең маңыздысы бүгінгі Жі­бек пен Баянның тағдырлары ғой. Қазіргі қазақтың қыздарының қылықтары қандай, олар немен айналысып жүр? Міне, театр шындығының бүгінгі өмірмен байланысы осы. Театрға бет алған жас көрермен шын­дық­ты, бүгінгі шындықты естігісі, көргісі ке­леді. Ал біз оларға өзіміз көрмеген, тек оқы­ған этно­гра­фиялық бағыттағы, бет-бей­не­сін шаң басқан, жаны өлген Қозы-Ба­ян­дар­ды көрсетеміз. Ұлт­тық рухымыз осы ма? Жас көрермен олардың бойынан өзде­рін­дегідей жастық жа­лынды, аяулы ар­ман­ды көре алмаса не пайда? Мәселен, жуырда Ақтөбеде орын алған, бейбіт тұрғындардың жазықсыз зардап шегуіне себепкер болып, күллі қазақстандықтарды аза тұтуға душар еткен қанды қақтығыстың жайын баршамыз білеміз. Өмірдің шындығы деген осы ғой. Енді осы оқиғадан жұртшылық сақтану үшін оны сахнадан көрсетуіміз керек. Сол кезде театрға келген көрермен жан дүниесін рухани азықтандырып қана қоймай, өмірдің осындай құбылыстарымен етене танысатын болады.

– Театр әртістерінің өмірінде әртүрлі оқиғалар орын алып жатады ғой. Мәселен, белгілі актер Серке Қожамқұлов баласының қазасын естіп тұрып комедиялық рөлді сомдап шыққанын, кейін осы қайғылы оқиғаның желісімен ақын Ұлық Есдәулеттің жазған шығармасын білеміз. Қазақтың аяулы актрисасы Лидия Кәден де жан жарының қаза болғанын біле тұра сахнада сайқымазақтың кейпінде тұрған. Жаныңызды күйзелтіп тұрып, күлуге мәжбүрленген кезіңіз болды ма?

– Актердің басынан нелер өтіп, нелер кетпейді. Бірде сахнаға ауырып шыққаным бар. Қан қысымым көтеріліп, басым солқылдап ауырып барады. Спектакльдың белортасына жақындағанда ауруым жазылып, жадырап сала бердім. Мұны сахнаның киесі деп түсіндім.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…

– Аттың жалында, түйенің қомында жүріп бізге тәуелсіздікті сыйлаған бабаларымыздың арман-мұратын, ерлік қасиеттерін насихаттау – кезек күттірмейтін бүгінгі күннің мәселесі. Оны жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін ерінбей еңбек етуіміз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp