«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ

Есіл ауданы – ән мен бидің де киелі бесігі. Көрерменнің көзайымы – “Лейся песня” ансамблінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Аталмыш ансамбльге жергілікті өнерпаздар тартылып, ауданда басшылық қызмет атқарып жүрген ел ағалары қолдау жасауда.

Өнер айдынында жүзген ансамбль мүшелерін мерейтойларымен мәдениет бөлімінің басшысы Ж.Кемелов, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары В.Редькина құттықтады.

Мерекелік концерттің шымылдығы “Родина у нас одна” әнімен ашылды. Сондай-ақ, концертте “Рощина” ансамблі, “Отрада” ардагерлер вокал тобы, “Грация” және “Думан” би ұжымдары көрерменнің көңілінен шығып, үлкен қошеметке ие болды.

Өмір ағымына сай ансамбльдің құрамы мен репертуары өзгеріп, бүгінгі күні алдыңғы буын аға-апаларының өнердегі ізін жалғастырушы жас өнерпаздармен толыққан. Қазір ансамбльге И.Маликова жетекшілік жасаса, Г.Мишина, Е.Маликова, Ю.Фомиченко, Н.Сейтмуллина, Н.Сисенбаев, Қ.Жәменов, Ж.Қалиев өнер биігінен көрінуде. Ансамбль мүшелері баян, гитара, балалайка аспаптарында ойнайды. Көрермендер күміс көмей әншілер Б.Шаймерденованың, Т.Жәменованың, Л.Суворованың, Г.Мұқышеваның әндерін сағынышпен еске алады.

Мерейтойлық концерт Маликовалар отбасылық дуэтінің орындауындағы “Лодочка” әнімен аяқталды.

Ансамбльді құрған және алғашқы жетекшісі болған орыс әндерін насихаттаушы Ю.Маслов ансамбль мүшелерін табандылыққа, ізденімпаздыққа баулыды. Одан кейін өнерсүйер қауымның көз қуанышына айналған ансамбльді Ж.Қалиев басқарып, өнерпаздарды қанаттандыруда көп еңбек сіңірді.

Мария МАТЮШЕНКО,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp