Өңірімізде Ақмола облысының Мәдениет күндері басталды. Бір аптаға созылатын іс-шараның ашылу салтанаты облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өтті.
Екі көршілес облыстың мәдениет саласын жақындастыруды көздейтін бұл игі шараның ашылу салтанатында Ақмола облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова көрші өңірлердің жылда өткізіліп тұратын Мәдениет күндері өзара әріптестік қарым-қатынас орнатып қана қоймай, қазақ халқының ұлттық құндылықтары көрініс тапқан төл өнерімізді жаңғыртуға және тәжірибе алмасуға да септесетіндігіне тоқталып, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаевқа Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына арнап жасалған энциклопедияны тарту етті.
Осынау игі шараның аясында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызылжарлықтарға “Кілемнің ғажайып оюлары” атты этнографиялық көрме ұсынды. Көрмеге 40-тан астам жәдігер қойылған. Бұл бұйымдар 1980-2013 жылдар аралығында жиналған екен. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Кенжебай Мұқышев ұлттық өнердің жәдігерлерін көкшетаулықтар мұражайға сыйға тартқанын айтты. Мәселен, көзден таса қалған тұрмыстық заттар – басқұр, шашақбау, желбау, аяққап, қоржын, кесеқап және текемет, сырмақ сынды жәдігерлерді мұражайға Өзбекстан және Моңғолия елдерінен атажұртқа ат басын тіреген отандастар өткізіпті. Жалпы Ақмола облысының тарихи-өлкетану мұражайында еліміздің тарихи-мәдени өмірінен сыр шертетін 70 мыңнан астам жәдігер сақтаулы екен. Қазақ қолөнерін жаңғыртуды көздеген аталмыш көрмені солтүстікқазақстандықтар қарашаның ортасына дейін тамашалай алады.
Осы сапардың аясында облыстық бейнелеу өнері мұражайында көкшетаулық кәсіби суретші Әділбай Шуйнищевтің жеке көрмесі өтті. Сурет өнерін өміріне серік еткен қылқалам иесінің туындыларының негізгі тақырыбы – табиғат, қазақ халқының ұлттық өмір-тұрмысы. Оның картиналарынан Бурабай тауларының ұлылығын, Сарыарқадан ескен самал желді, Көкшенің әсем сұлу табиғаты мен мұнтаздай мөлдір сексен көлін көруге болады. Шығармашылығымен қоса, ұстаздық етуден жалықпаған суретші Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Қылқалам иесінің көрмеге 30-ға жуық картинасы қойылған.
Қызылжарлық көрермендер Ақмола облысының мәдениет қызметкерлерінің өнерін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында да тамашалай алады. Онда Ақмола облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы мен көкшетаулық сахнагерлердің ұсынған қойылымдары көрсетіледі деп жоспарлануда.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.