«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көтеріңкі көңіл- күймен

Саумалкөл ауылының тұрғындары да Ұлыстың ұлы күнін ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Орталық стадионда ұлттық нақышта безендірілген 9 киіз үй тігілді.

Жиналған көпшілікті құттықтаған аудан әкімі Ағзам Тастеміров: “Мемлекетіміздің жарқын болашағын мақсат тұтқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясымен бірге “Мәңгілік Ел” идеясын ұсынып отыр. Наурыз тағылымы – “Мәңгілік Ел” мүддесімен өзектес екеніне айрықша мән беруіміз қажет. Ұлт бірлігі, халықтар достығы орныққан Отанның ғана келешегі кемел, ертеңі еселі болмақ”, – деді.

Мереке барысында ауданның көркемөнерпаздар ұжымы, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері жиналғандар назарына түрлі шаралар ұсынды. Онда түркі дәуірінен бергі кезеңдегі тарихи оқиғалармен қатар, адамзат иесінің табиғатпен байланысын ұштастырған көріністер қойылып, ауданымызды мекендейтін түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астындағы тамаша билері айыртаулықтарды бір серпілтіп тастады.

Ауданның жастар бастамалары орталығының ұйымдастыруымен жұртшылыққа Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бауырсақтың 25 түрі ұсынылды. Сондай-ақ, “Наз и Ко” жеке кәсіпорны дайындаған 25 метрлік тәтті торт айыртаулықтарды таңғалдырды.

Осы күні жылдағы дәстүр бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен “Айыртау барысы” жүлдесі үшін жарыс өткізілді. Онда 90 килограмнан жоғары салмақта Қуат Мереке жеңіске жетіп, “Айыртау барысы” атанды.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp