«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШ КӨЛІКТІ БОЛСА ИГІ!

 Қазақтың еркіндігі жолында асқақ жырының күшімен қызмет еткен әйгілі Махамбет Өтемісұлы бір өлеңінде: «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім», – деп жырлапты. Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын алып даланың төсіне ел қондыру, ата-бабаларымыздың аяулы арманы еді. Сол ақық арман ұзақ уақыт орындалмай келді. Негізгі себебі – Тәуелсіздік деп аталатын киелі бақтың басымызға кеш қонуы.

 Жұмыс күші тапшы

Тәубе, егемен ел атандық. Бабалар аманаты орындалды. Алмағайып заманда әлемнің әр тарабына тарыдай шашы­рап кеткен қазақтың құшағы атажұртта қайта айқасты. Ішкі көші-қонды жүйелеу, жұмыс күші тапшы өңірлерді қолдау бағытында қыруар шаруа ат­қарылуда. Қызылжар – елдің шетінде, желдің өтінде орна­ласқан өңір. Басқа облыстар­мен салыстырғанда халықтың саны сирек. Туу көрсеткіші де төмен. Облыстық статистика департаментінің дерегінше, өңіріміздегі тұрғындар саны былтыр 4015 адамға азайып, үстіміздегі жылдың басында небәрі 530 089 адам қалған. Әр бесінші тұрғын – зейнеткер. Өңірде өткен жылы дүниеден озғандар саны өмірге келген сәбилер санынан 359 адамға көп болған. Ал көші-қонның теріс сальдосы 3 656 адамды құрап отыр. Ауыл тұрғында­рының саны жылдан-жылға кеміп барады. 152 елді мекен болашағы бұлыңғыр ауылдар­дың тізіміне енген. Түрлі сала­да маман жетіспейтіні тағы бар. 600-ге жуық дәрігердің, 500-ден астам мұғалімнің, 318 ауыл шаруашылығы маманы­ның орны бос тұр.

Қоныс аударушыларды қолдау

2016 жылы қабылданған «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасының негізгі мақ­саты – Қызылжар халқын мо­лайту, жақын болашақта тара­ғалы тұрған ауылдарды, шека­ра маңындағы елді мекендерді селдіретпеу, кадр тапшылығы мәселесін бір жақты ету. Об­лыстық еңбек мобильдігі орта­лығының басшысы Аман Тө­регелдин игі бастама жүзеге асырыла бастаған кезден бүгінгі күнге дейін Қызылжар­ға барлығы 17 234 адамның көшіп келгенін айтты. Был­тырдың өзінде облысымызға жұмыс күші көп өңірлерден 710 отбасы (2340 адам) және Өзбекстан, Моңғолия, Қытай­дан 207 қандас қоныс аудар­ған.

«Мемлекет қоныс аудару­шылардың отбасы мүшелеріне көшу, тұрғын үйді жалдау, ұт­қырлық сертификаты түрінде көмектер көрсетеді. Оған қоса қосымша мамандық игеріп, сертификат алуға мүмкіндік бар. Төртжақты келісім негізінде арнайы орталықтар адамдарды оқытады, жұмыс беруші қызметке алады, мем­лекет оқу құны мен шәкірта­қыны өтейді», – дейді Аман Жақсыбайұлы.

Сапасыз салынған үйлер

Мемлекет тарапынан жа­салып отырған оң жағдайға қа­рамастан өңірде тұрақтамай, өскен өлкелеріне кетіп қала­тындар да бар. Соңғы жылда­ры көшіп келген отбасылар арасында туған жерлеріне қай­та бет түзегендер бар. Облысы­мызға соңғы сегіз жылда 14 мыңнан астам адам қоныс ау­дарса, солардың мыңнан аста­мы жаңа мекенге үйренісе ал­май кері қайтқан. «Олар әр­түрлі себептермен кетеді. Кей отбасылардың тек бөлінетін қаражатты алу үшін келетіні жалған емес. Ал жұмыс істеуге, осында тұрақтап қалуға ынта­сы барлардың тұрмысы түзеліп кетіп жатыр», – дейді Аман Тө­регелдин.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма­сының басшысы Қайролла Ға­леев қоныс аударушылар көп жағдайда кәріз желілерінің тар­тылмағанына, сондай-ақ, ша­руашылыққа қажетті қора-қоп­сының салынбағанына реніш білдіріп жататынын айтады.

«Мен Астанадан отбасым­мен Мамлют ауданының орта­лығына көшіп бардым. Келін­шегім бау-бақша өсірумен, мен болсам мал шаруашылығымен айналысқым келді. Қайтарым­сыз грантқа мал сатып алдық. Оларды бағатын жер болмады. Ауылға қоныс аударуды да ой­ладық. Бізге ұсынылған елді ме­кендерден қазақ мектебін тап­падық. Амалсыз Астанаға қай­туға тура келді. Осы әрекетім үшін жергілікті билік өкілдері мені сотқа берді. Қазіргі уақыт­та банк карточкаларымның барлығы бұғатталған. Қақаған қыста бізге берген үйдің қабыр­ғалары көгеріп, терезеден жел улеп тұрды», – дейді елорда ір­гесіндегі Қосшы ауылына қай­та көшкен Бектұрған Лақадыл.

Сарапшылардың айтуын­ша, ішкі көші-қонға ауа райы­ның қолайсыздығы, комму­налдық шығындардың көптігі, денсаулық жағдайы, орташа жалақы, жұмыс табу мүмкіндігі сияқты факторлардың бәрі әсер етеді. Облыстық әкімдік мамандары берген деректе пайдалануға берілуі тиіс үй­лердің 158-інің бос тұрғаны жазылған. Оның ішінде Айыр­тау ауданында – 36, Мамлютте 25, Шал ақында 21 шаңыраққа әлі ешкім орналаспапты.

Мақсатсыз жұмсалған қаржы

Өңірге қоныс аударғандар­дың барлығының жергілікті тұрғындармен сіңісіп кетуіне атқарушы билік қана емес қы­зылжарлықтар да мүдделі. Елге ел қосылса – құт. Тарих дөңге­легі мен тағдыр дауылының кесірінен ала бағанның арғы жағында қалған ағайынның Қызылжарға қоныстанған ал­ғашқы легі бүгінде осындағы қайманамен біте қайнасып кетті. Шекара шебіндегі өңірді көркейтейін, мұндағы тілдік ортаны жақсартайын, теріс­кейдің дамуына өз үлесімді қо­сайын деген перзенттік парыз­бен қолды-аяққа тұрмай, ұр­шықша иірілудің орнына орынсыз кеуде қағатын, ойдан құрап алған талап-арыздары­мен зығырданды қайнатып, жүйкеге тиетіндердің кезде­сетінін де бүгіп қала алмаймыз.

Жыл басында Бас прокура­тураның баспасөз қызметі аза­маттарды оңтүстіктен сол­түстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаржысының мақсатты жұмса­луына тексеріс жүргізіп, көші- қонға қатысты жалған құжат­тар жасау арқылы 1 млрд. тең­геден астам қаражаттың жым­қырылғанын анықтаған. Өз­дерінің туып-өскен өңірлерін­де тұрып жатқан адамдар қо­ныс аударушы ретінде заңсыз есепке алынған. Кей азаматтар өздерінің қағаз жүзінде қоныс аударғанын білмеген де болып шықты.

«Мамлют ауданында бір қо­ныс аударушы сатып алған үйінің нақты бағасы мен мем­лекет төлеген қаражаттың ара­сындағы айырмашылықты қал­тасына басқан. Ол кінәлі деп танылып, бас бостандығы бір жылға шектелді. Айыртау, Ға­бит Мүсірепов атындағы және Жамбыл аудандарында қоныс­танушылар тұрғын үй шығын­дарын өтеу үшін мемлекеттік өтемақыны барынша арттыру мақсатында олардың нақты құ­нын жасанды жолмен көтерме­леген. Сот үш қоныс аударушы­ны бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды», – дейді облыс проку­рорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Адамдықтың бір анықтама­сы – еңбек. Қоғамның қоғам, адамның адам болуы еңбекпен тікелей байланысты. «Оң­түстіктен – Солтүстікке» бағ­дарламасының да мақсаты осы идеямен сабақтасады. Өңірге көшіп келгендердің қатарында түрлі салада өнікті жұмыс іс­теп, еңбек көрігін қыздырып жүргендер де, кәсіп ашып, нә­пақасын адалынан тауып отырғандар да аз емес. Солар­дың арасында ерлі-зайыпты Сейтхан Таженов пен Қарлы­ғаш Сауытбаева да бар. Бес ба­ласымен бірге Жамбыл облы­сының Талас ауданынан көшіп келген. Бүгінде Бескөл ауы­лында (Қызылжар ауданы) тұ­рып жатыр. Олар жергілікті «Сұлтан кондитерлік өнім­дері» акционерлік қоғамына жұмысқа орналасқан. «Бала­ларымыз «Парасат» мектеп- лицейінде білім алуда. Үл­кеніміз Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжінде оқып жатыр. Мемлекет тарапынан көр­сетілген қамқорлықтарға ри­замыз. Жергілікті әкімдікке қол жая беруді ар санаймыз. Үйіміздің кем-кетігін өз күші- мізбен жөндеп жатырмыз», – дейді Қарлығаш Сауытбаева.

Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының әкімі Нұрсұлтан Тұңғышбай да та­биғаты таза, ауасы жұпар теріс­кейге қоныс аударғанына өкін­ген емес. «Kasym Barbershop» шаштаразының иесі Қасым Амангелдин де өңірге «Ерікті қоныс аудару» бағдарламасы бойынша Шымкенттен көшіп келген. Ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Адам қо­лымен жасалған жұмыстың бәрі – өнер» деген сөзін өмірлік бағдар етіп алған. Ал Айыртау ауданындағы Новосветловка ауылына Жамбыл облысынан қоныс аударған Мария Ибраймова көп өтпей өзі тұрып жатқан елді мекенге оңтүстіктен 70 адамды көшіріп әкеліпті. Кейуана 18 мың гек­тар жерге дән сіңіруде. 4 млрд. теңгеге заманауи техникалар сатып алған. «Күнгейде жұ­мыссыз қыз-келіншектер көп. Солардың біразын көшіріп әкеліп, қаз-үйрек өсіру кәсібі­не баулысам деген ниетім бар», – дейді кәсіпкер.

Өңіріміздегі демография­лық ахуалдың жылдан-жылға шиеленісіп отырғаны шын­дық. Ұлттың қауіпсіздігіне ті­келей әсер ететін мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысу қазақтың әр баласы үшін абы­ройлы іс саналса керек. Өйт­кені, бұл – еріккеннен емес, ұлт қамын күйттеуден туған идея.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp