«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЛИМУЗИН” ӨЗІМІЗДЕ ДЕ ӨСІРІЛЕДІ

“Қазақстан – 2050” Стратегиясында айтылғандай, елімізде егіншілікпен бірге мал шаруашылығын дамытып, ет пен сүт өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру маңызды рөл атқарады. Қызылжар өңірінде Елбасының осынау тапсырмасы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда. Оған өзіндік үлес қосып жатқан агроқұрылым қатарына Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Раисовское” ЖШС-ін де қосуға болады. Бұл шаруашылықта етті мал өсіру идеясы серіктестіктің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Владимир Коваленконың делегация құрамында Беларусь Республикасына сапарынан басталған болатын. Онда қазақстандықтар етті және сүтті ірі қара өсіру тәсілімен танысты. Сол жолы солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы мамандарын Беларусь Республикасына Венгрия елінен әкелінген “Лимузин” атты асылтұқымды ірі қара қызықтырған. Бұл тұқым алғаш рет Францияда өсіріліпті. Еті өңіріміздегі “Алабота” мен “Әулиекөл” тұқымды қазақтың ақбас сиырларындай мәрмәр болса, сыртқы мүсіні мен төлдерінің күнделікті салмақ қосуы отандық малдардан біршама артық екен. Агроқұрылым басшысы малдың осы жағына баса назар аударды.

Сөйтіп, Қазақстан бойынша Беларусь мемлекетінен осы етті ірі қара тұқымын сатып алуды ең бірінші болып “Раисовское” ЖШС бастады. Серіктестік директорының мал шаруашылығы бойынша орынбасары Жанат Кенжалинов сол елге барып, өздеріне қажетті мал таңдады. Ветеринарлық талаптарға сәйкес карантиндік шаралардан өткеннен кейін 100 бас ұрықтандырылған қашар мен екі бұқа сатып алды. Аталмыш малдар Қызылжар өңірінің Раисовка ауылына төрт ауыр жүк автокөлігімен жеткізілді. “Лимузиндер” елге келісімен арнайы жөнделіп, дайындалған қораға кіргізілді. Онда шетелдік малдар жазға дейін байлаусыз бос ұсталады. Бұл күндері аталмыш малдар карантиннен және арнайы ветеринарлық іс-шаралардан өтуде. Қазір олар солтүстіктің ауа райына, қытымыр суығына бейімделуде. Бір асылтұқымды “Лимузиннің” салмағы шамамен 550-570 килограмды құрайды. Бұл – нағыз етті ірі қараның көрсеткіші. Қашарлардың алды қыстың соңына қарай төлдей бастайды деп күтілуде. Көктем мен жаз айларында оларды жайылымда бағу жоспарланып отыр.

Шаруашылық асылтұқымды етті ірі қараны сатып алу үшін несиені Қазақстанның Халық банкісінен алған. Жылдың аяғында серіктестік малдың әрбір басына қомақты түрде шығын орнын толтыру үшін мемлекеттік демеуқаржы алады. Агроқұрылым мал шаруашылығы өнімдерін ұқсата пайдаланған кезде ғана тиімді көрсеткішке қол жеткізуге болатындығын жақсы түсінеді. Сондықтан серіктестік шұжық өндіру және ет сүрлеу цехтарының құрылысын жүргізуді ойластырып отыр.

Серіктестік директоры Владимир Коваленко:

– Сол жолғы сапарымда Беларусь Республикасының қара ала сүтті сиырларына да жете көңіл бөлдім. Соған орай өз фермамызда сүт өндіру және оны өңдеу үшін енді сүтті бағытта 200 бас тайынша сатып алуды жоспарлап отырмыз. Таяу күндері шаруашылық фермасында малшыларға арналған заманауи үй пайдалануға беріледі. Онда еңбек ететіндерге қажетті барлық жағдай қарастырылған, – дейді.

“Раисовское” ЖШС елді мекеннің әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударады. Ауылда балабақша, орта мектеп агроқұрылымның жан-жақты қолдау көрсетуімен талапқа сай жұмыс істейді. Саламатты өмір салтын ұстанамын деушілерге қажетті спорт залы да, мұз айдыны да, демалыс орындары да бар. Сондай-ақ, ауылдың орналасқан жері де тамаша! Айнала ақ қайыңды орман, ауылды қақ жарып ағып жатқан өзен. Жылдың қай мезгілі болса да, серуендейтін, демалатын жерлер жетерлік. Ең негізгісі – соларға қамқор болып отырған “Раисовское” ЖШС, оның іскер басшысы, халық қалаулысы Владимир Коваленко бар …

Меңдібай ӘЛМҰХАМБЕТҰЛЫ,

журналист.

Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp