Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Балаларын соғысқа аттандырған аналардың, жетім қалған сәбилер мен жесір қалған әйелдердің көз жасымен келген Жеңіс еді бұл. Соғыс қасіреті біздің ауылды да шарпыды. Бұрынғы Преснов ауданындағы “Үлгі” кеңшарынан соғысқа аттанған 70 адамның тең жартысы туған жердің топырағын қайта баса алмады. Хабар-ошарсыз кеткендердің ішінде менің әкем Мінайдар Имақұлы да бар болатын.
Әкем ұжымдастыру басталған уақытта ағасы Есмахан екеуі Ақтайша, Әуке деген көлдердің ортасына дөңес жерге қоныстанады. Сол маңайдағы қыстауларда отырған отбасылар да көл жағасына көшіп келіп, осылайша “Үлгі” кеңшары құрылады. Әкем кеңшардың алғашқы мал фермасын басқарады.
1938 жылы астықтан мол өнім алынып, жұмысшылардың тұрмысы едәуір жақсарыпты. Сол жылы әкем Өсіп, Әбілқайыр деген кісілермен бірге Мәскеуге барып, анам Бақша Дәуітбайқызына іс тігетін аяқ машина, өзіне велосипед, қалта сағат алады. Малдан жалғыз бурыл биесі болыпты. 1940 жылы аудандық комиссариаттан келген адам сол бие мен кеңшар жылқысын Ташкентке жөнелтеді.
Осылайша бейбіт өмір аяқталып, әкем 1941 жылдың желтоқсан айында соғысқа аттанып кетеді. Сол кеткеннен Омбы облысының Любин станциясында үш ай дайындықтан өтеді. Ол жайында хабар алған әкемнің туған ағасы Есмахан 1942 жылдың ақпан айында сиырының орнына колхоздың бір атын сұрап алып, Омбыға жол тартады. Бір аптадай бауырымен болған әкем: “Егер елге оралмасам, бақұл бол. Артымда қалған үш балапаным саған аманат”, – деген екен.
Сталинград майданына кірген соң әкемізден үш бұрышты хат келіп тұратын. Пошташы Атантайдың Ыбырайы қысы-жазы күн сайын Арқан ауылынан хат әкеледі. Сол хаттарды анам абдыраға салып қоятын. 1943 жылы хат-хабар тоқтады. Соңғы хат Далабай деген кісіден әкемнің ағасы Есмаханға келді. Онда інісі Мінайдар 1943 жылы не өліде, не тіріде жоқ екендігі жайында жазған екен.
Соғыс аяқталғанына 70 жыл толғалы отыр. Ардақты әкемізді еске ала отыра, туғанынан тірідей айыратын сұм соғыс пен оның зардаптарын ұрпақтарымыз көрмесе екен деп тілеймін. Бейбітшілігіміз баянды болсын!
Балтабай МІНАЙДАРҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Жамбыл ауданы,
Үлгі ауылы.