«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ БАСЫ КӨБЕЮДЕ

“Qyzyljar” телеарнасында өткен кезекті баспасөз мәслихаты өңірімізде мал шаруашылығының дамуына арналды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов “WhatsApp” арқылы тұрғындардан және журналистерден түскен сауалдарға жауап берді.

 

Баяндамашы алдымен өңіріміздегі мал шаруашылығы саласының даму көрсеткіштеріне тоқталды.
– Соңғы жылдары Қызылжар өңірінде аталмыш салада ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер бар. Әсіресе, Қызылжар, Мамлют және Аққайың аудандары мал шаруашылығын дамыту бойынша көш басында келеді. Биылғы жартыжылдықта 72,8 млрд. теңгенің мал өнімі өндірілді. Тарқатып айтар болсақ, қаңтар-маусым аралығында 38 мың тонна мал мен құс еті дайындалып, 268,9 мың тонна сүт сауылды. Статистикалық деректерге сәйкес, бүгіндері шаруашылықтар мен тұрғындардың қорасында 478,5 мың ірі қара, 603,3 мың қой мен ешкі, 234,9 мың шошқа, 177,2 мың жылқы және 5,6 млн. құс бар. Өздеріңіз көріп отырғандай, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтарлықтай өсім тіркелді, – деді Ерболат Мұратұлы.
Соңғы жылдары өңірде сүт шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Қазіргі уақытта жергілікті 80 шаруашылық сүт өндірумен айналысады. Олардың қатарында 18 заманауи тауарлы-сүт кешені бар, оның 7-еуі мемлекеттің қолдауының арқасында тұрғызылған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына сәйкес, биыл 6 мың басқа арналған 10 тауарлы-сүт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталмыш жобаларды жүзеге асыруға 14 млрд. теңгенің инвестициясы тартылса, жергілікті бюджеттен бөлінген 2 млрд. теңге тауар өндірушілерге жеңілдетілген несие ретінде берілмек. Сөйтіп, екі жүз жаңа жұмыс орны ашылып, бұл кешендер толық қуатына көшкен кезде қосымша 30 мың тонна сүт сауылады.
Наурыз айында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “Перлини” жеке кәсіпкерлігінің қатты және жұмсақ ірімшік шығаратын цехы ашылмақ. Ал Айыртау ауданының орталығындағы “Tezis” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне 10 тонна балқытылған ірімшік, сулугуни және мацарелла шығаратын цехтың құрылысын жүргізуде.
Ерболат Бекшеновтің айтуынша, алдағы уақытта Қызылжар ауданында бір мың басқа арналған ет фермасы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Айыртау, Ақжар және Уәлиханов аудандарында үш бордақылау алаңының құрылысы басталған. Бұл жобалар іске қосылған кезде өңірімізде өндірілетін ет және ет өнімдерінің көлемі 7 мың тоннаға артпақ. Бұдан бөлек, Петропавлда жаңа бройлер фабрикасы салынып жатса, Тайынша ауданындағы “ЕМС Агро” ЖШС-нің басшылығы 50 мың басқа арналған шошқа фермасын 100 мың басқа дейін кеңейту жұмыстарына кірісті.
Брифингте мал шаруашылығы саласында кездесетін кедергілер мен кемшін тұстар да сөз болды. Өз сұрақтарын жіберген солтүстікқазақстандықтар Уәлиханов ауданында бүгінге дейін бірде-бір тауарлы-сүт фермасының салынбау себебін сұрады.
– Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында басқа аудандарда сүт өндіру бойынша өсім байқалса, Уәлиханов ауданында, керісінше, бұл көрсеткіш жылдағыдан төмен. Дегенмен, алдағы уақытта бұл жағдай өзгеруі тиіс. Биыл ауданға “Солтүстік Арда” деген жаңа инвестор келді. Бүгінгі уақытта қажетті жер берілді. Серіктестік басшылығы 2021 жылдың соңына дейін тауарлы-сүт кешенін салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта болашақ кешеннің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда, – деді Ерболат Бекшенов.
Қойылған сұрақтардың бірқатары шетелден асылтұқымды ірі қара әкелу мәселесіне қатысты болды. Тұрғындар коронавирус індетінің ушығуына байланысты бұл жұмыстар тоқтап қала ма деп алаңдаулы. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, сырттан мал әкелу тоқтатылмайды. Тоқсан күндік карантин кезінде де бұл жұмыстарда іркіліс болмаған. Қазіргі уақытта жергілікті агроқұрылымдар Ресейден жеткізілуі тиіс 966 ірі қараны тосып отыр. Пандемияға байланысты шетелге шыға алмаған шаруалар ірі қараны бейне-байланыстың көмегімен таңдауда. Жыл соңына дейін шетелден 5 мың сиыр әкелінбек.


Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp