Әр саланың өз қиыншылығы, күрмеуі қиын мәселесі бар. Мал шаруашылығында да шешімін күткен күрмеуі қиын жайттар жетіп артылады. Соның бірі – ветеринар мамандардың тапшылығы. Әсіресе, соңғы кезде мал дәрігерлерінің тапшылығы анық аңғарылуда.
Өңірдегі ірі шаруашылықтың бірі “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов ветеринарлар жетіспейтінін айтып, дабыл қағуда. Егер осындай үлкен шаруашылықта мал дәрігеріне тапшылық болса, өзгелеріне не жорық?
– Қазіргі таңда жер-жерде мал дәрігері жетіспейді. Бізде де бұл мәселе орын алған. Дегенмен, жақында тәжірибелі ветеринарды жұмысқа қабылдадық. Сенімімізді ақтайды деген үміттемін. Оған төленетін айлық еңбекақы 60 мың теңге. Мал басын көбейтіп, жұмыс ауқымы кеңейгенде жалақыны өсіру ойда бар. Бір өкініштісі, бұл салаға жастар қызықпайды әрі кейбіреуі ауылға келіп, жұмыс істегісі келмейді, – деді Еркебұлан Нұрмағамбетұлы.
Осы мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасына хабарластық. Петропавл қаласында 16 ветеринар дәрігер болса, өңірде олардың саны – 360.
Ел арасында “Медицина адамды емдейтін болса, ветеринария адамзатты емдейді” деген қанатты сөз бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, барлық шаруашылықтарды қоса алғанда, өңірде 435 мың ірі қара бар. Ал ветеринарлық іс-шараларды, диагностикалық зерттеу, емдеу жұмыстарын жүргізуде 296 адам – ветеринарлық бекеттерде, 64 мал дәрігері ветеринарлық станцияларда жұмыс істейді.
– Аудандық әкімдіктерде 14 ветеринария бөлімі, оған қарасты 14 ветеринарлық станция бар. Сондай-ақ, әр ауылдық округте бекет ашылды. Биыл оқу бітірген бірнеше жас маман менің қабылдауымда болды. Бірақ олар аудан, ауыл десек, аттондарын ала қашады. Оның да түрлі себебі болуы мүмкін, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербатыр Мадьяров. Ал жеке шаруашылықтар мен жекеменшік зертханаларда, базарларда жұмыс істейтін ветеринар мамандар өз алдына.
Аталмыш басқарманың мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша 15 мал дәрігері жетіспейді. Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Есіл, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда мамандар тапшы. Ербатыр Қайыргелдіұлы қала мен ауылда мал дәрігерлеріне төленетін орташа еңбекақы шамамен 80 мың теңге екенін жеткізді. Ал көктем және күз мезгілдеріндегі науқандық шараларға қосымша жұмыс күші тартылады. Әр ауданның шамашарқына байланысты келісімшарт бойынша қосымша жұмысқа тартылатын мамандарға төленетін еңбекақы шамалы екені рас. Жаңа төлдердің құлағына сырға тағып, малға таңба басу, ауыл шаруашылығы жануарларын деректер базасына енгізу, күн сайын сойылатын малға ветеринарлық анықтама қағазын беру де – сала мамандарына жүктелген жауапты жұмыс. Шетелдерден әкелінетін малдарға да ветеринарлар тарапынан қатаң қадағалау бар. Тізе берсек, олардың шаруасы қат-қабат.
Бұл салаға жастардың келгісі жоқ. Неге? “Маман тапшылығын жою үшін, ең алдымен, жастарды тартып, бұл саланың беделін көтеру керек”, – дейді Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ветеринария станциясының директоры Қамидолла Жазитов. Оның айтуынша, алыс аудандарға жастар жұмысқа барғылары келмейді. Бірақ бұл салаға Үкіметтің көзқарасы ерекше. Бөлінетін қаржы да аз емес. Шаруа қожалықтарында мал дәрігерлері жетіспейтінін ол баса айтып өтті. Осы мәселеге қатысты Шөптікөл ауылындағы “Жаңа” шаруа қожалығының басшысы Жаябай Жаңабергенов те өз пікірін білдірді.
– Қазіргі таңда “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары тиімді жұмыс істеуде. 2011 жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша ірі қара сатып алдым. Бүгінде шаруашылықта 265 сиыр, 300 қой, 100 жылқы бар. Мал басының көбеюіне байланысты мал дәрігерінің көмегі ауадай қажет. Қазір ветеринар таба алмай отырмыз. Айына 70-80 мың теңге еңбекақы төлеп, баспанамен қамтамасыз етуге дайынбыз. Шаруа қожалығы есебінен жемшөп, отын тегін беріледі. Бір өкініштісі, жас мамандар ауылға келмейді. Менің ойымша, әрбір шаруашылықта мал дәрігері болуы тиіс. Бұл біз үшін ғана емес, барлық шаруашылықтар үшін ең өзекті мәселе, – деді ол.
Биыл Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шарушылығы колледжін ветеринария мамандығы бойынша 25 студент тамамдаған. Бүгінгі таңда олардың 16-сы жұмысқа орналасқан. Қалғандарына да жұмыс табылатынына ветеринария басқармасының басшысы сендірді. Жыл сайын осынша жас маман оқу бітіретін болса, кадр тапшылығы біртіндеп жойылуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, оқу бітіруші түлектер ауыл, ауданға барып жұмыс істесе, Үкімет тарапынан оларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы арқылы баспанамен қамтамасыз етіліп, жәрдемақыға қол жеткізе алатындарын да естерінен шығармаса екен дейміз.
Ветеринария саласын сөз ете отырып, облыстағы эпизоотиялық жағдай мен ветеринарлық ұйымдардың материалдық-техникалық базасына тоқталмау мүмкін емес. Бұл ретте Ербатыр Мадьяров өңірде эпизоотиялық жағдай тұрақты екенін айтты. Соңғы рет сібір күйдіргісі 1995 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда болған. Жыл сайын көктем, күз мезгілінде күйдіргі, туберкулез, бруцеллез, өзге де ауру түрлерінің алдын алу мақсатында екпе жасалады. Биыл облыс бойынша ауру жұқтыруы ықтимал 600-ге жуық мал анықталған. Десек те, өткен жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болған. Басқарма мамандары оның себебін облыста мал санының көбеюімен түсіндірді. Бірақ тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Биылға бөлінген вакцина жеткілікті. Ал барлық аудандық ветеринарлық станциялар қажетті құрал-жабдықтармен, арнайы жұмыс көлігімен қамтамасыз етілген. Әрбір ауылдық округтегі мал дәрігерлеріне жағдай жасалуда. Бірақ ветеринарлық станциялардың да өзіндік мәселесін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, ауылдық округтердегі ветеринарлық бекеттерде бірқатары қазір ғимаратты жалға алуда. Бұл өз кезегінде коммуналдық кәсіпорындар үшін едәуір шығын. Дегенмен, ветеринарияны дамытуға көп көмек көрсетілуде. Бір ғана мысал, биыл аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен бұл салаға 500 миллион теңге бөлінген.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.