Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысымен танысу үшін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңірге жұмыс сапарымен келіп, оның аясында бірқатар кәсіпорындарды аралады, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Палата төрағасы «Қазақстан өңірлерінде еңбек ресурстарын дамыту: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақырыбына арналған «дөңгелек үстелге» қатысып, сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген басымдықтардың бірі – аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамытудың, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін білікті, кәсіби мамандар мен барлық деңгейде кешенді жұмыс жүргізудің қажеттігіне назар аударды.
«Мемлекет басшысы «Aна тілі» газетіне берген сұхбатында экономиканың өсуін қамтамасыз ету – алдымызда тұрған басты міндет екенін атап өтті. Қазіргі таңда елімізде салалық мамандар – инженерлер, энергетиктер, су шаруашылығы мамандары, агрономдар, мал дәрігерлері және басқа да маңызды мамандықтардың өкілдері үлкен сұранысқа ие.
Осы себепті 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл ретте аталған мамандарды даярлап қана қоймай, елімізде ерекше еңбек мәдениетін қалыптастыру, еңбек адамдарына құрмет көрсетуге тәрбиелеу, еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық құндылықтарын дәріптеу аса айрықша. Еңбек адамдары – ел дамуының негізі. Сол себепті жұмысшы мамандықтардың беделі жоғары деңгейде болуы керек», – деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, еңбек ресурстарының тапшылығы, әртүрлі өңірлер, қала мен ауыл және мамандықтар арасындағы еңбек теңсіздігі, теңгерімсіз урбанизация, демографиялық дағдарыс қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелер болып саналады. Оларды шешу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыру қажет.
«Өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету аса маңызды факторлардың бірі. Түркістан, Жамбыл облыстары сияқты еңбек ресурстары артық облыстар мен Солтүстік Қазақстан секілді жұмыс күші жетіспейтін өңірлер бар. Аталған мәселеге Қызылжар өңіріндегі халықтың табиғи кему үдерісі де өз салқынын тигізбей қоймайды. Мұнда туу көрсеткіші төмен, ал өлім- жітім жоғары. Бұл экономикалық өсудің баяулауына және өндіріс әлеуетінің төмендеуіне әкелетін бірқатар проблемаларды туындатады. Демографиялық үрдістер мен экономикамыздың қажеттіліктерін ескере отырып, еңбек ресурстарының ішкі көші-қонын жүйелеу, кадрларды алмастыру, жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру бағдарламаларын жандандырудың маңызы зор. Бұрынғы тәжірибені талдап, ол бағдарламалардың неге тиімсіз болғанын зерделеп, елімізде еңбек көші-қонының ауқымын арттыруға қажетті қадамдар мен тетіктерді пысықтаған жөн», – деген Палата төрағасы еңбек көші- қон бағдарламаларын одан әрі жетілдіру жолдарына тоқталды.
Мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Мәулен Сағатбекұлы облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетіне тоқталып, Сенат депутаттары оны іске асыруға заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Осыған байланысты индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ бірлескен жұмыстың басқа да негізгі бағыттары сөз болды. Сонымен қатар кездесуде инфрақұрылымды жаңғырту, оның ішінде ауылдардағы электр желілерін жаңарту мәселесі әңгімеленді.
Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының мүшелері және қоғамдық ұйымдар, дін өкілдерінің қатысуымен өткен жиында рухани дипломатияны дамытуға қатысты толғақты проблемалар талқыланып, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі аясындағы мақсат-міндеттерді іске асыру жөнінде пікір алмасылды.
Сенат төрағасының сөзінше, еліміздегі барлық этникалық топтың рухани, мәдени, гуманитарлық мүдделерін қамтамасыз ету үшін бірлескен іс-шаралар табандылықпен жүзеге асырылады. Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – мемлекеттік тілді ілгерілету және қолдау. Қазақ тілі – Қазақстандағы барлық этникалық топты ортақ мұратқа жұмылдыратын басты тетіктердің бірі. Оған ешқандай күмән жоқ. Осыған орай қазіргі таңда мемлекеттілік, Тәуелсіздік және Президентіміздің елдегі бірлік пен келісімді нығайтуға арналған саясаты сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуіміз керек. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысы өзге өңірлерге үлгі көрсете алады.
Сапар аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне барып, еңселі оқу орнының білім беру ісімен, ғылыми-зерттеу қызметімен, алдағы даму стратегиясымен танысты. Сондай-ақ депутаттарға мал, өсімдік шаруашылықтарына арналған зертханалары бар оқу-зертханалық корпустың қызметі таныстырылды. Онда тәжірибелер мен ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Сенат төрағасы азаматтарды қабылдау орталығының қызметімен де танысты. Бұдан бөлек, «Зеленый Север» ЖШС жылыжай кешені мен «Nord Panels» серіктестігінің ағашты терең өңдеу зауытының еңбек ұжымдарымен жүздесті. «Qyzyljar Creative Center» креативті индустрия орталығында SKO Hub-тың резиденттерімен, «Sensitive» инклюзивті би тобының ұжымымен және Бочча өңірлік бөлімшесінің параспортшыларымен кездесті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».