Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы (1893 жылдың 25 маусымында Солтүстік Қазақстан облысы, (қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы) Сасықкөл жағасында туған. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ поэзиясының жарқын жұлдызы. Ол ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды.
“Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жариялайды. “Алаш” партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты.
1918-1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істей жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады.
1927-1929 жылы – Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарды.
1929 жылы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін” деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралады.
1937 жылы наурызда Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.