
Осыдан төрт жыл бұрын Петропавл қаласында алғаш рет «Мағжан көктемі» республикалық өнер фестивалі өткізіліп, ұлы ақынды қадір тұтатын ел жұртшылығын елең еткізген еді. Ашығын айтсақ, кейбір игі бастамалар облыс әкімдері ауыстырылған кезде өңірдің бұрынғы бірінші басшыларымен бірге «тарих қойнауына» аттандырылып жататындығына куәгер болып келе жатқан қызылжарлықтар екі жылда бір рет ұйымдастыру ұйғарылған аталмыш өнер бәйгесінің ғұмыры ұзақ болуын тілеп жүретіні хақ. Өйткені, ұлы Мағжан дүниеге келген өңірде жарық көрген «Мағжан» әдеби журналының өзі де бір кезде «бюджетте қаржы жетіспейді» деген желеумен қаржыландырылмай тасталғандықтан, шығарылуын тоқтатуға мәжбүр болғаны, тек араға жылдар салып қана оқырмандар қолына қайта тигені жасырын емес. Сүйініштісі сол, «Мағжан көктемінің» жолы болып, Қызылжарға биыл үшінші рет оралды. Оның Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрында болған салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, фестивальға қатысушыларға өнер додасында сәттілік тілеп, өңірдің бірінші басшысынан осындай ықыласты күткен мағжаншыл қауымды риза етті. Бұл жолғы өнер сайысының бұған дейінгілердей біршама кешіктіріліп емес, Мағжанның дәл туған күні – 25 маусымда өткізілгенінің өзі де қуана құптарлық жайт. Еліміздің әр түкпірінен «Мағжан елі, қайдасың?» деп, үкілі үміттерін арқалап, жүректері лүпілдеп жеткен өнер иелері алты алашқа жыр әлемінің жарық жұлдызын сыйлаған солтүстік өлкедегі көгілдір көктемді өз көздерімен көріп, мағжанша әсерленуінің өзі бір ғанибет емес пе?! Олар ұлы ақынға арналған жыр мүшәйрасына атсалысып, оның шығармаларын мәнерлеп оқу және Мағжан өлеңдеріне шығарылған әндер сайыстарында бақ сынасып, Қызылжар аспанында жыр пайғамбарының рухы асқақтап-ақ тұрды. Бәлкім, «Мен сенемін жастарға!» деп, ұлы өсиетін өлеңмен айтып кеткен ақиық ақын аруағы бүгінгі ұрпаққа ризашылықпен тағы бір аунап түскен болар.
Әрине, республикалық өнер фестивалін ұйымдастыру сияқты ауқымы кең, жауапкершілігі зор шығармашылық істе қол жеткен табысқа тоқмейілсіп, «Бәрін қатырдық», – деп кеудемізді қағып, ізденісімізді тоқтатсақ, тоқырау дертіне шалдығып, алдағы уақытта оның абырой-беделін төмендетіп алуымыз ықтимал екендігін де есте ұстағанымыз жөн. Сондықтан да «Мағжан көктемі» тіпті құлпыра түссе, нұр үстіне нұр емес пе?!» деген игі ниеттен туындаған кейбір ой-пікірлерімді ортаға салуды құп көрдім.
Аталмыш өнер додасы үш аталым бойынша өткізіліп жүргені мәлім. Солардың ішінде бұл жолы да көрермендерге ерекше ұнағаны Мағжан жырларын мәнерлеп оқу сайысы болды десем, жаңылыспаспын. Ақиық ақын өлеңдерін нәшін келтіріп оқыған жастардың шеберлігі бірінен-бірі асып түскендей. Түркі әлеміне түгел мәшһүр, теңдессіз шайырдың өлеңдері бүгін де кең-байтақ еліміздің қай қиырында болсын жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан өрендердің жүректерін жаулап, туған елі мен жерін сүйетін, Мағжан рухты ұландар қатары қалыңдай түскенінің Айдай айқын айғағы болар бұл.
Ал жазба ақындар мүшәйрасының деңгейі бұған дейін жеткен дәрежесінен аса алмағандай әсер қалдырды. Өйткені, осы жолғы жыр бәйгесіне елге белгілі ақындардың ішінен Серік Тұрғынбеков қана қатысқаны, өзгелері әлі қанаттары қатая қоймаған жас талапкерлер екендігі аңғарылып тұрды. Неге бұлай болды? Осы сауал төңірегінде тереңірек ойланып, толығырақ жауабын іздеп көргенде әдеттегі «жарнамасы жетіспеген шығар» деген тұрғыдағы тұжырыммен келте қайыра салу қисынсыздығын ұққандаймын. Себебі, кезекті «Мағжан көктемі» республикалық өнер фестивалінің өтетіндігі жайлы «Ана тілі» республикалық газетінде жарияланған көлемді хабарландыруды көргісі келетін көз көріп, естігісі келген құлақ естігендігі кәміл.
Жалпы «Мағжан көктемі» өткізіле бастағалы бері оған Жәркен Бөдешевтен басқа, еліміздің қазіргі таңдағы кеңінен танымал, ірі ақындарының қатыспауының сыры неде? Темірхан Медетбеков, Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы сынды жыр сұңқарлары неге ұлы ақын атындағы өнер бәйгесінде төбе көрсетпейді? Әлде, жыр мүшәйрасының жеңімпазына берілетін сыйлықтың мөлшері кем бе? Меніңше, мәселе онда емес. Басты гәп – мүшәйраның тақырыбында тәрізді. Өйткені, өнер фестивалінің ережесінде ақындардың өлеңдері Мағжанға арналатындығы атап көрсетілген. Соған орай мүшәйраға қатысушылардың бәрі де Мағжан жайлы жаңа өлеңдер жазып әкеліп жүр. Демек, аталмыш мүшәйра Мағжан жайлы мадақ өлеңдер жарысы болып табылады. Ал мадақ өлең – ода дегеніңіз баяғы билеушілерді мақтаумен нәпақа тапқан сарай ақындарының дәстүріндегі, классикалық үлгідегі биік поэзияға сорпасы оңайлықпен қосыла қоймайтын, әсіресе, қазіргі демократия дәуіріндегі сыншыл қоғамда сүйкімсіздеу көрінетін жанр болып саналады. Кейбір үлкен ақындар ондай өлеңдерді тіпті мүлдем жазбауға тырысады.
Шынтуайтында, Александр Пушкинше айтсақ, өзіне өлеңнен қолдан келмейтін мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен Мағжан үшін мақтау өлеңдер қажет пе? Ондай одалар қазақ поэзиясын да ұшпаққа шығара ала ма? Бұл сауалдар шынайы поэзияны түсіне білетін кісіні ойға батырмай қоймасы анық. Меніңше, Мағжанның көзі тірі болса, ол: «Маған мұндай мадақ өлеңдер емес, қазіргі қазақ поэзиясын мен жеткен биікке көтеретін, тіпті, менен де асырып түсіретін жақұт жырлар жазылғаны қажет», – дейтіндей көрінеді. Демек, өнер фестиваліндегі мүшәйраның тақырыбы өзгертіліп, Мағжанға арналған мадақ жырларға емес, бүгінгі заман шындығын шынайы бейнелейтін, ел мен жер мүддесін көздейтін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, адамгершілік қасиеттерді асқақтататын Мағжан рухындағы өлеңдерге бәйге жарияланса, құба-құп.
Ал мүшәйра тақырыбын солай өзгерткен соң Қызылжардағы келесі «Мағжан көктеміне» аты-жөндері жоғарыда айтылған Темірхан, Ұлықбек, Есенғали, Серік сынды азуларын Айға білеген ақиық ақындарымыз қатысып, жаңа жырларын оқыса, бас бәйгені қайсысына берер едік сонда? Олардың аса биік ақыл-парасаты мен «Елім!» деп соққан үлкен жүректерінен шыққан, өзге ешкімге ұқсамайтын інжу-маржан жырларын «мынау – бас бәйгеге, мыналар одан кейінгі жүлделерге лайық» деп бағалаудың өзінде қандай қисын, қандай әділдік бар? Өйткені, олардың әрқайсысы өздерінше бір-бір Мағжан іспетті ғажап ақындар емес пе? Бұдан түйер ой: өнер фестиваліндегі мүшәйраға өлең жазуды жаңа бастаған жастарды ғана қатыстырған абзал. Яғни, олардың жас мөлшерін шектеп, әрі салғанда 35-ке дейінгі жас ақындарды ғана шақыру орынды болмақ. Әйтпесе, жыр әлемінде ойнақтаған құлынтайлардан Ұлы даламызды дүбірге бөлеп, «Атығай-Қарауылға олжа салған» Құлагердей шашасына шаң жұқтырмас тұлпарлар түгіл, ауыл арасындағы таптаурын сүрлеумен бүлкілдей жортып, шөп тасып, күнін көріп жүрген мәстектер де озып, олжа өңгеріп кететіндігі таңғаларлықтай құбылыс емес қой бұл құйтырқысы көп өмірде…
Мағжан өлеңдеріне шығарылатын әндер бәйгесі де биыл керемет өтіп, әнқұмар қауымның айызын қандырды деу қиын. Тіпті, жергілікті сазгер-әншіміз Теңдік Құлмағамбетованың бұған дейінгі фестивальда екінші жүлдені еншілеген «Сүйемін» атты әніне тең келерліктей, жүрек қылын шертетін, нәзік те әсем ән болмағандай көрінді маған. Бұл ретте де «Неге?» деген сауал төңірегінде ойланып көрсем, кілтипанның бірі «Мағжан көктемінде» көпшілік көңілінен шыққан тамаша әндерді насихаттауымыздың кемдігінде сияқты. Республикалық өнер фестивалінде үздік деп танылған әндер неге Қазақ радиосының әуе толқыны мен еліміздің мемлекеттік телеарналары арқылы халық назарына ұсынылмайды? Оларды айтпағанда, жергілікті телеарналардың өздері де, «Мағжан көктемі» туралы жаңалықтар шығарылымындағы бір-екі минуттық репортаждармен шектелмей, оны теледидарға басынан аяғына дейін толық түсіріп, көлемді хабар дайындап, онда шырқалған тамаша әндерден бейнеклиптер жасап, еліміз бен Қызылжар өңірінің мәдени өмірінде ерекше орын алатын осынау өнер фестивалін облысымыздың барша тұрғындарының назарларына ұсынып, кеңінен насихаттап отыр дей аламыз ба?
«Мағжан көктемі» Қызылжар өңіріне ғана емес, бүкіл Ұлы даламызға да сән берсін десек, аса көрнекті ақын атындағы республикалық өнер фестивалін ұйымдастыруды одан әрі жетілдіре түсуіміз және онда жүлде еншілеген озық туындыларды Мағжан сынды жыр дүлдүлін ардақ тұтатын ақынжанды халқымыздың ортақ игілігіне айналдыру жолдарын қарастыруымыз қажеттігі даусыз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.