«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ ОРТАҚ, ТІЛЕК БІР

Еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісімнің басты мұраты құндылықтар мен дәстүрлерді дамыта отырып, жұртшылықты ортақ Отанға біріктіру, барлық салада полиэтникалық қоғамның жетістіктерін қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгідей әралуан пікірлер тоғысында, сондай-ақ аса күрделі де қатерлі кезеңде ел ынтымағын көзіміздің қарашығындай сақтау бағытындағы мұндай біріктірушілік идеяның мәні айрықша.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі идеологиялық тұжырымдар мен бағыттарды тарқатып, айтып берді. Олар – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік. Мемлекет басшысы әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен емес, нақты іспен көрсетуі қажеттігін, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең бағалай білу керектігін, мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеу арқылы ғана ең маңызды міндеттерді орындай алатынымызды атап көрсетті. Қазақстанның әлеуметтік саясаты ешнәрсеге теңгермейтін озық құндылықтарға негізделгенін жұртшылық былтырғы тасқын су кезінде терең сезінді, ортақ тілеулестіктің, жанашырлықтың, шынайы да адал ниеттің арқасында қиындық атаулы түгелдей еңсерілді. Өңірлік әзірбайжан мәдени орталығы 1995 жылы құрылған сәттен бастап салт-дәстүрлерді, мәдениетті насихаттау, қайырымдылық акцияларға белсене қатысу арқылы Ассамблеяның этносаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту жөніндегі бағыттарына қолдау көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, теңдік пен өзара құрмет, ортақ мәмілеге келу, қоғамның тұрақты дамуы мен ұлттық бірлікті нығайту мәселелері де назардан тыс қалған емес. Топан судан зардап шеккен отбасыларға қамқорлық қолын созудағы еріктілеріміздің ерен еңбегі – соның бір мысалы. Мұның өзі, бір жағынан, бауырмалдық қасиеттерді жас буын бойына сіңіре білудің ғажайып үлгісі деуге келеді. «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидасы бәрімізді нағыз демократиялық және әділетті мемлекет құра отырып, ұлт ретінде ұйыстыратын құндылықтарды талмай дәріптеуге шақырады. Бұл орайда мемлекеттік рәміздеріміз бен мемлекеттік тілге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Егемендіктің елең-алаң шағында қазақ тіліне қатысты түйінді проблемалар орын алса, қазіргі жағдай ол кезеңмен салыстыруға еш келмейді. Уақыт өткен сайын қазақ тілінің қолданыстағы рөлі де, ғылым, оқу-ағарту жүйесіндегі маңызы да артып келеді. Түбі бизнестің, техниканың тіліне айналарына еш күмән жоқ. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Достық үйі базасында қазақ тілін меңгеру үйірмесі жұмыс істейді. 2018 жылы «Қазақтану» бағдарламасы іске қосылып, оның ішінде «Қазақtime» жобасы интерактивті үлгіде қолданылады. «Instagram» парақшасында «Мен қазақша сөйлеймін» айдарымен түрлі тақырыптар бойынша әңгіме-сұхбаттар жарияланып тұрады. «Фольклор» апталығы, «Екі жұлдыз» ән конкурсы, «Салт-дәстүр» фестивалі, «Өнерім саған, Қазақстан» ашық диктант жазу, «Мың бала», «Тіл шебері» жобалары, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің «Сиқырлы қазан» викторинасы үлкен қызығушылық тудырды.

Өскелең ұрпақ бойында толеранттылық, төзімділік қасиеттерін қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын практикалық іс-шаралар негізінде жүргізу басты бағдарға алынған. Мәселен, ұлттық фестивальдар, шығармашылық байқау-конкурстар, есте қаларлық мерекелер жүйелі түрде ұйымдастырылады. Аналар кеңесімен, этномәдени ұйымдармен бірлесіп, «Этноертегі ауылында қонақта» атты жобаның тұсауы кесіліп, бүгінге дейін сәтті жалғасын тауып келеді. Балалар қазақ халқының «Байлық пен ақыл», татардың «Алтын құс», украинның «Аққу, шортан және шаян», әзірбайжанның «Екі дос», түріктің «Шебер қолдар» ертегілерін қызыға тамашалап, ерекше әсер алды. Былтыр 21 мектепте 2 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен іс-шаралар жүйелі сипатқа ие болды. Қожаберген жырау атындағы №6, С.Сәдуақасов атындағы №2, Ғ.Мүсірепов атындағы №43, М.Айтқожин атындағы №1 білім ордаларында, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде, сондай-ақ колледждерде ұйымдастырылған кездесулерге оқушылар мен студенттер көптеп қатысты. «Дарын» мектеп-лицейінің балалары Достық үйіне екі рет көшпелі экскурсия ұйымдастырып, этностардың мәдени ерекшеліктерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен, бейбітшілік пен этносаралық келісімді сақтаудың маңыздылығымен танысты. Мұның өзі өңірде тұратын барлық этностардың өкілдерімен жақындасуға, емін-еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Этносаралық байланыстарды нығайту бағытындағы жұмыстар алда да жалғасады.

Шыңғыс КУРБАНОВ,

облыстық әзірбайжан мәдениеті орталығының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp