Иә, Жеңіс оңайлықпен келмеді. Егер кейбір азаматтар майдан даласында хабарсыз кетсе, ал кейбіреулері елге мүгедек болып оралды. Қанды майданнан туған ауылына аман оралғандардың бірі біздің әкеміз Зарып Жүсіпов еді. Ол 1915 жылы бұрынғы Приишим ауданының Киров атындағы колхозда дүниеге келген. Жетіжылдық ауыл мектебін бітірген соң Петропавл қазақ педагогикалық техникумын 1937 жылы тамамдап шыққан ол 1938 жылдан бастап Жаңаталап мектебінде мұғалім болып қызмет істеген.
1939 жылы Приишим аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанған әкеміз жырақта жүріп, 7 жыл бойы туған-туысқанын көрмеді. Осы жеті жылдың ішінде жетпіс жылдың тарихын бастан өткергендей болған Зарып Ержанұлы өзге қатарластары сияқты көптеген қиындықтарды бастан кешірді. Атап айтар болсақ, финдермен соғысқа қатысқан жас жауынгер кейін Ұлы Отан соғысында 812-ші жойғыш авиаполкінде авиақару механигі болып істеді. Соғыс жылдары екі рет жараланған. Қолымыздағы құжаттарға қарағанда, атамыз 1942 жылы Сталинград қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Майдан даласындағы ерліктері ескерілген әкеміздің кеудесінде жарқыраған “Қызыл Жұлдыз” орденін, “Сталинградты қорғағаны үшін”, “Кавказды қорғағаны үшін”, “Берлинді алғаны үшін”, “Жауынгерлік ерлігі үшін” және “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін” медальдарын мақтан тұтатынбыз.
Соғыстан 1945 жылы еліне аман-есен оралған ол отбасын құрып, ұл-қыздарын тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Бейбіт өмірге белсене араласқан Зарып Ержанұлы жұрт қатарлы еңбекке араласып, ел басқарды. Ел алдында сыйлы, беделді болған ол 1969 жылы 56 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Қызылжар ауданының Александровка ауылының зиратында жерленген ардақты әкемізді, аяулы атамызды сағынышпен еске аламыз.
Асқар ЖҮСІПОВ.
Петропавл қаласы.