«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҢЫЗДЫ БУЫН

Новоишимское темір жол стансасы да аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Темір жол торабы пойыздарды қабылдау-жөнелтуді іске асыру жағынан 3 бағытта жұмыс жасайды. Станса осызаманғы үлгіде жабдықталып, вагондарды техникалық байқаудан өткізу өзімізде құрылған арнайы жөндеу шеберханасында жүзеге асырылады. Шеберлеріміз күнделікті вагондарды тексеріп, ақау пайда болған сәтте бірден жөндеу жұмыстарына кірісіп кетеді.

Бүгінгі күні Новоишимское стансасы 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жылдан-жылға қызметкерлер қатары жас буын өкілдерімен толығуда. Сонымен қатар, бекет қызметкерлері аудандағы іс-шараларға белсенді түрде қатысады. 2006 жылы стансамыздың “Ең үздік ұйым” атануы, 2008 жылы тасымалдау бөлімдері командалары арасында өткен “Эрудит ПТЭ” байқауларында жүлдеге ие болуы жемісті еңбегіміздің нәтижесі іспеттес.

Біраз уақыттан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген вокзал осыдан екі жыл бұрын толығымен қайта жаңартылып, мұнда тұрғындарға жоғары деңгейде қызмет көрсетіле бастады. Аграрлы аудан болғандықтан, стансамыздың аталмыш сала бойынша атқаратын рөлі аса маңызды. Мәселен, үстіміздегі жылдың 6 айында астық тиеу жөніндегі жоспар асыра орындалды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті жабдықтарды тасымалдауда орасан зор жұмыс атқарылды. Бұдан басқа мыңдаған жолаушы жыл бойы біздің ауданды басып, Ресейге және Қазақстанның көптеген қалаларына сапар шегеді. Үстіміздегі жылы Қостанай-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы жолға шығады деп жоспарланып отыр.

Темір жол саласында тынымсыз еңбек еткен Сұлтан Ахметов, Ермек Қаскеев, Алексей Бренко, Мұқтыбай Жүсіпов пен өзге де зейнеткерлеріміз сүйікті мамандықтарынан қол үзбей, осы күнге дейін кейінгі ұрпаққа ағалық өсиеттерін айтумен келеді. 2009 жылы осы және өзге де теміржолшылардың күшімен Новоишимское ауылындағы №2 орта мектеп жанынан хоккей қорабы мен спорт алаңы салынған болатын.

Бүгінде қоғам өмірін осындай маңызды саласыз елестету қиын. 60 жылдан астам тарихы бар стансамыздың аудан мәртебесін биіктетіп, әлі талай асуларды бағындыра түсетініне сеніміміз мол.

Ибрагим ШАЙМЕРДЕНОВ,

Новоишимское темір жол стансасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp