Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов “AntikorLive” жобасының тікелей эфирінде жаңа оқу жылына дайындық және мемлекеттік мекемелердің жұмысы жайлы баяндады.
– Биылғы жаңа оқу жылы бірқатар өзгерістермен басталмақ. 17 мың бала штаттық режімде, барлық санитарлық талаптар мен ережелер сақтала отырып оқытылады. Өңіріміздегі эпидемиялық жағдай нашарласа, біз оларды қашықтан оқу форматына көшіреміз. Облыста 70 мыңнан астам оқушы бар, біраз бөлігі қашықтан оқиды. Сондықтан оларды компьютермен, интернетпен қамтамасыз ету керек, – деген облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қазіргі таңда компьютерлер сатып алынып жатқанын жеткізді. Бұл үшін Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлінген. 25 тамызға дейін 2000 компьютер сатып алынады. Кейбір елді мекендерде интернет жылдамдығы төмен, жиырмадан астам ауылда мүлдем жоқ, сондықтан олар әдеттегідей штаттық режімде жұмыс істейді. Балаларды мектепке жеткізу үшін арнайы көліктер де әзірленген.
Өңіріміздегі 79 мемлекеттік мекеме ашық форматта жұмыс істейді, ал 95 басшы бірінші қабатта азаматтарды қабылдау бөлмелерін ашты. “Ашық әкімдіктердің жағымды тұсы көп. Бүгінгі күні тоғыз әкімдік осы қағидаға бағынады. Жыл соңына дейін тағы төрт әкімдік ашық форматқа ауысады деп жоспарлап отырмыз. Әкімдіктердің бірінші қабатында жер мәселесі, сондай-ақ, құжаттарды ресімдеу бойынша жоғары сұранысқа ие қызметтер көрсетілетін бұрыш жасалады”, – деген Ғани Нығыметов Петропавл қалалық әкімдігінің жұмысына тоқталып, ауылдық жерлерде де осындай форматтағы қызмет түрін ұйымдастыру керектігін айтты.
Облыс әкімінің орынбасары аталған саладағы тағы бір жаңалық – “Агро көмектің” ашылуын тілге тиек етті. Яғни, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында фермерлерге “бір терезе” қағидаты бойынша қызмет көрсететін арнайы орын дайындалды.
Ғани Нығыметов тікелей эфир барысында “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесі жұмысының нәтижесінде шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. “Кеңсе мүшелері жолдардың сапасына ерекше назар аударатынын айта кеткен жөн. Облыс аумағындағы жолдар жөнделіп, жаңалары салынуда. Жаңа үйлердің құрылысына қомақты қаражат бөлінуде. Қаржыны бөлу және құрылыс жұмыстарының барысын арнайы бақылау қажет. Осыған байланысты қоғамдық бақылау құрып, көпшілік үшін ашық форматта жұмыс істеу керек”, – деді Ғани Нығыметов.
Сондай-ақ, өңірімізде “Халықтық бақылау” порталы іске қосылып, онда тұрғындар өтініштерін білдіре бастады. Ғани Нығыметовтің айтуынша, тұрғындарды автобус қызметі, сумен, жол, электр энергиясымен жабдықтау мәселелері толғандырған. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелерді шешуге баса назар аударылуда. Үстіміздегі жылы 270 елді мекенде жолдар, мектептер, ауруханалар жөнделуде, жарықтандыру және сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.